Сенсация! Енді еркексіз бала тууға болады

3253
Adyrna.kz Telegram

Британдық Ньюкасл университетінің профессоры Карим Найернии сенсациялық мәлімдеме жасады. Ол алдағы уақытта еркексіз бала тууға болатынын, тіпті өзіңізден не қызыңыздан сәби сүю мүмкіндігі бар екендігін айтты деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы «mk.ru» сайтына сілтеме жасап.

Сонымен Найерниидің жетекшілігімен бір топ ғалымдар әйелдің сүйек кемігінен ұрық алды. Дәлірек айтқанда, эксперименттер аналық зертханалық тышқандарға жүргізілді. Бұл зерттеулерге көңіл бөлсек, жуырда әйгілі поляктің «Sex Mission» фильмінде ерлердің қатысуынсыз әйелдердің көбею идеясы жүзеге асуға жақын сияқты.

Ресей Ғылым академиясының Жалпы генетика институтының зертхана меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы Сергей Киселевтің айтуынша, бұл  — ешкім күтпеген жаңалық.

«Табиғатта, әрине, жануарлардың бір жынысты түрлері бар. Мысалы, Кавказда мекендейтін кесірткелерді алайық. Өздігінен көшіру механизмі оларға генетикалық түрде енген. Әйелден туатын барлық ұрпақ оны бірінен соң бірін қайталайды, анасы, әжесі мен арғы әжесі. Бұл процесс кесіртке жұмыртқасына салынған бірдей хромосомалар жиынтығын екі есе көбейту арқылы болады,— дейді С.Киселев. — Ал ұрық алуға келсек, эмбриональды бағаналы жасушалардан алынған сперматогонияны (жетілмеген сперматозоид), әрине, алу оңайырақ. Өйткені, бұл жасушалар дамудың бастапқы сатысында. Егер сіз оларға белгілі бір түрде әрекет етсеңіз, онда олардан сперматогония пайда болуы мүмкін. Бірақ сүйек кемігінің жасушаларына келетін болсақ, олар эмбриональды ұлпадан әлдеқайда кеш жетіледі. Ал олардан жетілмеген сперматозоидтарды алу үшін сүйек кемігінің бағаналы жасушаларының дамуын кері қайтару қажет, сонда олар жаңа туған күйіне оралады. Егер британдықтар дәл осылай жетістікке жеткен болса, мен нәтижені ғылыми жетістік деп атар едім».

Енді мына деректерді алып қарасақ, 2007 жылы белгілі бір зерттеушілер тобы адамның сүйек кемігінен алынған бағаналы жасушалардан сперматозоид тәрізді жасушалар жасады. Алайда екі жылдан кейін плагиат туралы айыптауларға байланысты зерттеу алынып тасталған.

Сол кезеңнен 14 жыл өткен соң да бүгінде бағаналы жасушалардан адамның функционалды сперматозоидтарын құру мүмкіндігі әлемнің көптеген ғалымдары үшін күрделі мәселе болып отыр. Өйткені, бұл бала туа алмайтын адамдардың мәселесін біржола шешуі мүмкін. Бұл мәселе төңірегінде қазір шетел ғалымдары өзара пікірталас туғызуда.

С.Киселев «Егер тышқандарға жүргізілген зерттеулер бәрі сәтті болып шықса, болашақта кез келген әйелдің өзінен босануға мүмкіндігі болады ма?» деген сауалға:

«Бұл мүмкін болар еді, бірақ қажет емес. Бұл тығыз байланысты жыныстық қатынас сияқты, нәтижесінде ұсқынсыз ұрпақ тууы мүмкін. Менің түсінуімше, британдық ғалымдар әлі де әйелдердің жұмыртқаларын басқа әйелдердің ұрықтарымен ұрықтандыруды жақтайды. Мысалы, ғалымдар бұл ортақ баланы қалайтын лесбияндық жұптар үшін шешім болып отырғандығын жазады», —дейді.

Айта кету керек, Ньюкасл университеті Ұлыбритания үкіметінен әйелдердің сүйек кемігінің бағаналы жасушаларымен тестілеуді бастауға рұқсат сұрады. Жұмыстар алдағы көктемде басталады деп күтілуде.

 

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер