Қазақ жігіттерінің көзқарасы өте ескі болғандықтан біздің қыздар шетелдікке шығады - ПСИХОЛОГ

6126
Adyrna.kz Telegram

Психолог Серікгүл Сәли қазақ қыздарының өмірлік жары ретінде неге шетелдік жігіттерді таңдап жатқанын айтты. Маманның пікірінше, бұған қазақ жігіттерінің «өмірге көзқарасының ескілігі» түрткі болып отыр, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Express Qazaqstan сайтына сілтеме жасап. 

Серікгүл Сәлидің айтуынша, қазақ жігіттері қазақ қыздарының бойындағы адамгершілік, ұяңдық, ар-ұят, нәзіктік секілді ғажайып қасиеттерін дұрыс бағалай алмай жүр. Бұл қасиеттер басқа елдердің әйелдерінде жойылып бара жатыр. Сондықтан өзге ел азаматтарының қазақ қыздарына жиі аңсары ауады екен.

Өз басым, қыздардың басқа ұлтқа шығуына қарсы емеспін. Өйткені қазақ жігіттерінің өмірге көзқарастары өте ескірген. Әйелдерді өзінен төмен санайды. Теңдік бермейді. Белгілі бір шеңберге сыйдырғысы келеді,

— дейді психолог.

Ал қазақ әйелдері ол шеңберден шыққысы келеді. Дене бітімі тұрғысынан емес, метафизика, өмірге көзқарасы жағынан ер адаммен тең екенін сезінеді.

Сондықтан қазақ жігіттерінің көзқарасына келіспейді. Сол шеңбердің ішінде өмір сүріп жатқан әйелдер әлі де көп,

—дейді Серікгүл Сәли.

Маманның айтуынша, өзге ұлтқа тұрмысқа шыққан әйелдер мен өзге ұлттың қызына үйлеген жігіттерде біраз айырмашылық бар. Жігіттерге қарағанда, қыздар ұлттық менталитетті берік ұстайды екен. Басқа ұлтқа бала туып берсе де, оны қазақ ұлтының менталитетінде тәрбиелемек. Ал жігіттердің балалары сол ұлтқа сіңіп кететін көрінеді.

Мен шетелдіктерге күйеуге шыққан 20-ға жуық қызды білемін. Бірі Итальяда, бірі Түркияда тұрып жатса да, бәрі баласын Қазақстанға әкеп туып жатыр. Баланы ана тәрбиелейді. Баласының бойына қазақ менталитетін сіңіреді,

—дейді Серікгүл Сәли.

Десе де, қоғамда қазақ қыздарының шетелдіктерге тұрмысқа шығуына қарсылық өте күшті. Мәселен, Талғар маңында қазақ қызына үйленіп жатқан қытай жігіті тойын тоқтатуға мәжбүр болды. Африкалық жігітке тұрмысқа шыққан қыздың ұзатуы желілерде әлі толқу тудырып отыр. Тіпті, қазақ қызымен сөйлесіп тұрған шетелдіктерді тырқыратып қуып жүргенін әлеуметтік желіде тұрақты түрде жариялап жүрген адамдар да бар.

Әлемнің даму үрдісінен көп адамның хабары жоқ. Жаңа өмір кеңістігі — интернет пайда болған. Ғаламтор барлық шекараларды өшірді. Қазіргі балалардың құндылығы — айфон, Моргенштерн. Мүлде басқа ұрпақ өсіп келеді,

—дейді психолог.

Оның айтуынша, қазір екі буын арасындағы күрес жүріп келеді. Нәтижесінде, болашақта ұлттық құндылықтар толық жойылмаса да, оған түбегейлі өзгеріс енбек.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер