ДАИШ содырлары ауылға шабуыл жасап, халықты қырып салды

2667
Adyrna.kz Telegram

"Ислам мемлекеті" (Ресейде тыйым салынған) лаңкестік тобы содырларының Ирактың шығысындағы Дияла провинциясындағы ауылға жасаған қарулы шабуылы салдарынан кемінде 12 адам қаза тауып, 15-і жараланды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "SHAFAQ News" ақпараттық порталына сілтеме жасап.

Порталдың хабарлауынша, оқиға Эль-Микдадия қаласына жақын жерде (Бағдадтан 110 шақырымдай жерде) болған. ДАИШ содырлары шағын Эр-Рашад ауылында бір топ жастарға шабуыл жасап, сонымен қатар осы ауылдағы тұрғын үйлерге әртүрлі қару түрлерімен оқ атқан. Қылмыскерлерге тойтарыс берген Ирак әскерлері ауылға келген соң лаңкестер шегінуге мәжбүр болған.

Порталдың аймақтағы дереккөзі зардап шеккендер саны алдағы уақытта артуы мүмкін екенін, өйткені әзірге зардап шеккен жергілікті тұрғындардың бір бөлігі ғана жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілгенін атап өтті.

ДАИШ содырлары 2014 жылдың жазында Ирак территориясының үштен бір бөлігін басып алған. Маусым айында олар елдің екінші үлкен қаласы — Мосулды басып алып, оны "халифаттың астанасы" деп жариялады. 2015 жылы халықаралық коалицияның қолдауымен Ирак үкіметінің күштері экстремистер басып алған аймақтарды азат ету бойынша ауқымды науқан бастады.

2017 жылы желтоқсанда Ирактың сол кездегі премьер-министрі Хейдар аль-Абади ДАИШ-тің түпкілікті жеңілгенін мәлімдеді. Дегенмен Ирактің қауіпсіздік күштері елдің әртүрлі аймақтарында лаңкестердің астыртын әрекетін жою операциясын жалғастыруда, оның мүшелері құқық қорғау органдарына, әскерге және бейбіт тұрғындарға шабуыл жасаған.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер