Гүлмәрия Барманбекова: "Қазақ 300 жыл бойы ғылым-білімнен кенжелеп қалды"

2690
Adyrna.kz Telegram

Үш ғасыр бойы орысқа бодан болып келдік. Неге? Қарым-қабілеті төмен, ақылы таяз халық болғандықтан деймісіз? Жоқ, керісінше, жеті атасына дейін қаны араласпайтын гені тұнық халықтан туабітті дарындар басқа халықтарға қарағанда көп шығады. 50 ғасырлық тарихы бар (мұны антрополог Оразақ Смағұл ағамыз ғылыми жолмен дәлелдеген) қазақ халқы небір зұлматтардан осы күнге дейін аман сақталып келе жатуының бір сыры да, бәлкім ерекше жаратылысында болар.
Қазақ 300 жыл бойы ғылым-білімнен кенжелеп қалды.Топты жарған табиғи дарындар ғылым кеңістігінде жарқырап көріне алмады. Олардың жарқырап көрінуіне өзіміз де, өзгелер де мүдделі болған жоқ.
Өзгелер ондайлардың көзін жоюға тырысты. Жойды да.
Өзіміз қадіріне жете алмадық. Бас көтергендерін төбесінен бастық, төмен кеткендерін шашынан тарттық. Ұстап бердік, атқыздық, асқыздық, жауыз пиғылдың жүзеге асуына көмектестік. Көреалмаушылық, іштарлық, өзімшілдік желкелеп алған.
Әлі солаймыз. Егемендігімізге қол жеткізіп, етек-жеңімізді жинаған шақта асылдарымызды қадірлеп, қастерлеуге көңіл бөлсек болмас па еді? Дарынды тұлғаның парқы неге бағаланбайды? Жарқ еткен жұлдыздарымызды мәпелеп сақтау деген ниет неге жоқ?
Әдетте жарқ етіп көзге түскендерді өзгелер іліп әкетеді. Қаншасы шетелде тер төгіп жүр.
Әлем жұртын жалт қаратқан дарын иесі Димашқа мемлекеттік күзет ұйымдастыра алмай жүргеніміз анау.
Ал Ақназар мың жылда бір туылатын данышпан бала еді ғой! Халықаралық деңгейдегі 18 математикалық олимпиаданың жеңімпазы, SAT subject сынағында 2400 мүмкіншіліктен 2400 балл жинаған (бұрын-соңды тарихта болмаған көрсеткіш). Билл Гейтстің назарына іліккен бала.
Әлемнің аузын айға білеген математиктері игере алмайтын формулаларды көзін жұмып отырып шешетін балаға мектеп бітірмей жатып-ақ дүние жүзінің дүбірлі университеттері тегін грант ұсынып, таласа шақырған.
Әлі есімде, немересінің жетістігіне жүрегі жарыла қуанған курстасым Мәриям қай университетті таңдарымызды білмей отырмыз деп қоңырау шалғаны.
Көп ойланып, Гарвардты таңдаған.
Екінші курсында оқитын. Пандемияға байланысты Алматыда онлайн оқып жүрген.
Енді ол жоқ. Ай мен күннің аманында, сап-сау жүрген баладан айырылып қалдық. Не болғаны белгісіз.
Мұндай данышпан, дара туған жастарымыз көп емес. Мемлекет қамқорлығына алып, қауіп-қатерден сақтаудың жолдарын қарастыруға болмас па еді?
Біздің ел қашан асыл туған азаматтарын ардақтап, көзінің қарашығындай сақтауды қолға алады?

 

Гүлмәрия БАРМАНБЕКОВА,

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер