Зағиптарға арналған «қымбат» көмек

1779
Adyrna.kz Telegram

Кез-келген өркениетті қоғамда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек беру адамгершіліктің көрсеткіші, мұнымен дауласа алмаймыз. Бірақ өкінішке орай, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын пайдаланып, жеке мүддесінде қолданып жүргендер де жоқ емес.

ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңы аясында қоғамдық індетпен күресте азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің қатысуы қамтамассыз етілген. Сыбайлас жемқорлықпен күрестің тиімділігін арттыру, парақорлыққа итермелейтін алғышарттардың алдын алу, адал еңбек және әділдікті қамтамассыз ету мақсатында құрылған «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің Түркістан қалалық филиалының goszakup.gov.kz порталын бақылау барысында мемлекеттік қаржыны тиімсіз игерген мемлекеттік органдар жиі кездесіп жатады. Кезекті мониторинг барысында анықталғандай, 2019 жылы 19 сәуірде Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалары жөніндегі басқармасы мен «Көгершін» мүгедектер қоғамдық бірлестігі арасында зағиптарға арналған арнайы техниканы сатып алуға қатысты келісім-шарт жасалған https://goszakup.gov.kz/ru/egzcontract/cpublic/show/7774296.

Аталмыш келісім-шарт негізінде «орта сынып» деп көрсетілген 306 ноутбук, операциялық жүйе, тексттік редакцияға арналған бағдарлама, және зағип қолданушыларға көмектесетін арнайы бағдарламамен бірге әр данасын 703 450 теңгеге алған. Жалпы құны 215 255 700 теңге болған бұл 306 ноутбуктардың техникалық сипатамасын зерделеу арқылы нарықтағы бағасын анықтадық.

Техникалық сипаттамасында көрсетілген «Экран 15,6 дюйм кем емес, Процессор 2-х ядродан кем емес, жедел жад 2 Gb, қатқыл диск HDD 500 Gb кем емес, сымсыз байланыс WiFi, 2-ден кем емес USB жалғағыштары» ерекшелікке сай келер наутбукты таба алмадық. Бірақ барлық жағынан сай келетін, тек жедел жады 2 Gb емес, одан екі есе мықты, яғни 4 Gb техниканы таптық. Бағасы қосымша құн салығымен қоса есептегенде 151 551 теңге https://itmag.kz/catalog/noutbuki/12413-noutbuk-acer-a315-34-nx-he3er-003/ . Белгелі маркетплэйстерде Windows Pro операциялық жүйесі 90 200 теңге, Microsoft Office 2016 Home and Business 72 500 теңге, «дыбыс синтизаторы» бағдарламасының құны 41 700 теңге. Әр ноутбукке аталмыш бағдарламаларды орнату қызметінің Түркістандағы құны 2000 теңге. Тасымалдауға және басқа да майда шығындарды қоса есептегенде әр ноутбукке 5000 теңге деп есептейік.

Қарапайым математикалық есептеумен: 151 551 тг + 90 200 тг + 72 500 тг + 41 700 тг + 2000 тг + 5000 тг = 362 951 теңге. Яғни Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалары жөніндегі басқармасы тарапынан сатып алынған ноутбуктардың нарықтағы құны 703 450 теңге емес, 362 951 теңге. Ал 306 ноутбуктың құны 215 255 700 теңге емес, 111 063 006 теңге болу керек. Мемлекеттік органның шығыны мен нарықтағы баға көрсеткіштерінің айырмашылығы 104 192 694 теңге. Әрине, біз нақты қандай техника және қандай бағдарламаларды алғанын білмегендіктен нақты шығындарды да айта алмаймыз. Бірақ құжаттарда көрсетілген техникалық сипаттамаларға қарай отырып, нарықтағы бағаларды есептегенде 104 192 694 теңге шығып отыр.

Мұны «жемқорлық» деп атай аламыз ба? Бұл сұраққа арнайы органдар жауап бере жатар. Бірақ мемлекеттік қаржыны тиімсіз игергені айдан анық. Анықталған факттерге қатысты «Әділдік жолы» РҚБ Түркістан қаласы филиалы арнайы органдарға хат жолдады. Алдағы уақытта бұл мәселеге қатысты және басқа да мониторинг қорытындыларымен сіздермен бөлісетін боламыз.

«Әділдік жолы» РҚБ Түркістан қ. Филиал жетекшісі
Амангелді Қалыбек

Пікірлер