Шекарашы спортшылар

2775
Adyrna.kz Telegram

ҚР ҰҚК Шекара академиясына бағы жанып оқуға түскен курсанттар тек қана шекарашы мамандығын ғана меңгерумен шектелмейді. Қолына қару алып Отанға қызметті абыройлы міндет деп түсінген олардың жұмылған жұдырықтай жиырылғанда алмайтын қамалы жоқ. Әсіресе, спортты жанына серік еткен болашақ шекарашы офицерлер спорттық жарыстарда академияның абыройын асқақтатып, беделін биіктетіп келеді.

Алматы қаласында ұйымдастырылған кез-келген жарыстың бел ортасынан табылатын шекарашылар бұл жолы 2022 жылдың 11-13 ақпан аралығында ММА федерациясының күнтізбелік жұмыс жоспарына сәйкес аралас жауынгерлік жекпе-жек чемпионатының іріктеуінен сүрінбей өтті. Аталмыш жарыста 2-ші  және 4-оқу дивизиондарының бір офицері мен бес курсанты қатысып, бір команданы құрады. Іріктеу барысында 2-оқу дивизионының застава бастығы лейтенант Н.Алимгазин 65 курсант Б.Серикказин 61 келі салмақта өнер көрсетіп екеуі де үшінші орынға тұрақтады.

Ал 18-19 ақпан аралығында Алматы қаласында жекпе-жектің ұлттық спорт түрінен ұйымдастырылған чемпионатқа 3-ші және 4-оқу дивизиондарының жиырма курсанты қатысты. Сайысқа қатысқан 20 команданың арасынан шекарашы курсанттардың үшеуі бірінші, төртеуі екінші және тағы төртеуі үшінші орынды иеленген екен.

Енді намысты қолдан бермеген курсанттарды атап өтсек. Олар:

  1. 65 келі салмақ дәрежесінде бірінші орын алған ефрейтор А.Базарбай
  2. 75 келі салмақ дәрежесінде бірінші орын алған курсант Р.Садирбаев
  3. 85 келіге дейінгі салмақ санатында бірінші орын алған ефрейтор С.Конысбек
  4. 65 келіге дейін салмақ дәрежесінде курсант А.Оралбек екінші орын
  5. 70 келіге дейін салмақ дәрежесінде курсант М.Довыденко екінші орын
  6. 75 келіге дейін салмақ дәрежесінде курсант Б.Есболатов екінші орын
  7. 85 келіге дейін салмақ дәрежесінде курсант Е.Коныров екінші орын
  8. 60 келі салмақ санатында курсант Б.Жомартов үшінші орын
  9. 75 келіге дейін салмақ дәрежесінде курсант Д.Арнай үшінші орын
  10. 80 келіге дейін салмақ дәрежесінде курсант Ж.Қабылжан үшінші орын
  11. 85 келіден жоғары салмақ дәрежесінде курсант Е.Амангельдинов үшінші орын

Айта кету керек,  шекарашы курсанттардың басы-қасында жүріп, олардың биік тұғырдан көрінуіне ат салысып жатпай-тұрмай жаттықтырып жүрген 1-факультеттің 12-арнайы кафедрасының (дене шынықтыру дайындығы) спорт нұсқаушысы қатардағы жауынгер халықаралық дәрежедегі спорт шебері Қ.Нұрғалиевтің тынымсыз еңбегі қандай құрметке де лайықты.  Осы бір асыл азаматтың арқасында жоғарыдағы шекарашы курсанттар осындай жетістікке жетіп отыр.

Шекара академиясының курсанттарынан бөлек шекарашы офицерлер де спорт десе ішкен асын жерге қояды. Оның айқын дәлелі 2022 жылдың 19 ақпанында Алматы қаласында «Смелость быть первым» қайырымдылық қорының қамқорлығымен 10 шақырымға жүгіруден қысқы жүгіру сайысы өтті. Әскери қызметшілердің спорттық шеберліктерін көтеру мақсатында және экстрималдық дене және психикалық жүктемелеріне төтеп беру қабілеттерін қалыптастыру үшін аталмыш сайысқа подполковник Е.Суюнов, майорлар Д.Шингалиев, Д.Кенжетаев, 3 дәрежелі келісімшарт қызметінің сержанттары Е.Бизжанов, Е.Анапияев, сержант Л.Исламбакиев, қатардағы жауынгер Р.Қадырбек қатысып, мәрелік медальдармен марапатталды.

Жанат ЖАБЫРБЕКОВ,

ҚР ҰҚК Шекара академиясының

баспасөз хатшысы

Пікірлер