Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары: Қайрат Сатыбалдының күйеу баласы деген ақпарат - жалған

3269
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров өзін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының күйеу баласы деген ақпаратты жалған деп атады, деп хабарлайды "Адырна" порталы. 

«Мен Қайрат Сатыбалдының күйеу баласымын деген ақпаратқа келетін болсақ, бұл жалған ақпарат. Менің қайын атам – еңбек сіңірген спортшы, екі дүркін КСРО чемпионы, Еуропа чемпионы, самбодан әлем кубогының иегері. Бұл атақты дзюдошы, самбист Айтжан Шаңғараев. Әйелім екеуміз үшінші баламыздың дүниеге келуін күтудеміз, сондықтан 17 наурыздан бастап кезекті еңбек демалысында болдым. Мен жақын арада өз міндетіме қайта кірісемін», - деп Хамбаров Сатыбалдының күйеу баласы және отставкаға кетуге ниетті екендігі туралы ақпаратқа түсініктеме берді.

Еске салайық, 13 наурызда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және «Қазақтелеком» АҚ қаржысын жымқыру фактілері бойынша Алматыда ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынғаны белгілі болды. Сатыбалдының мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатыстылығы да қазір тексеріліп жатыр. Сол күні БАҚ дереккөздері хабарлағандай, Назарбаевтың немере інісі Нұр-Сұлтанда қамауда болады. Назарбаевтың немере інісін ұстауды ҰҚК Арыстан арнайы бөлімшесінің қызметкерлері жүргізген.

14 наурызда «Қазақтелеком» кеңселерінде тінтулер жүргізілгені белгілі болды, оператордың өзі бұл ақпаратқа түсініктеме беруден бас тартты, бірақ ол тінтулер елорда мен Алматы бөлімшелерінде жүріп жатқанын көрсетті.

Наурыздың 23-і күні Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің күзет аймағына жақын таулардан Сатыбалдыға тиесілі болуы мүмкін заңсыз салынған вилла табылғаны хабарланған болатын.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер