Атырау әкімі оған қарсы ақпараттық шабуыл ұйымдастырылғанын мәлімдеді

2356
Adyrna.kz Telegram
Атырау қаласының әкімі - Мейірім Қалауи оған қарсы ақпараттық шабуыл ұйымдастырылғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол өзінің фейсбук парақшасында хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 
"Соңғы күндері менің атымды жариялап, әр түрлі ақпаратты таратып жатыр. Жарияланған материалдар шындыққа жанаспайды. Мен бұл туралы алғаш рет 2019 жылы хабарлама жасаған болатынмын. Индер ауданының әкімі қызметін атқарып жүргенде осы тектес ақпараттар республикалық электронды құралдарына шыққаннан кейін өзімнің бастамаммен журналистерге хабарласып, барлық жайтқа орай түсіндірме (ratel.kz, azh.kz) бердім", - деп жазды Мейірім Қалауи.
Сонымен қатар Атырау әкімі 10 жыл бұрын (2012 жылы) мемлекеттік қызметке келгенге дейін, мемлекеттің тарапынан берілген жер телімін қазіргі қызметіммен байланыстырып, заңсыз әрекеттер жасалғанын мәлімдеді.
"Мен мемлекеттік қызметші ретінде де құқығымның қорғалғанын қалаймын. Сондықтан, әдейі жалған ақпарат таратып жатырғандардың үстінен (соның ішінде фейк аккаунттардан) жақын арада Полиция департаментіне арыз түсіретін боламын. Ақпараттық ағынның қалай жасалатынын жақсы түсінетін маман ретінде айтарым, бұл әдейі маған қарсы ұйымдастырылып отырған шабуыл. Құқықтық, ашық қоғам құруға ниетті буынның өкілі ретінде барлығыңызды жалған ақпаратқа сенбеуге шақырамын!", - деп толықтырды сөзін Атырау қаласының әкімі. 
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер