Шымкент: Қаратау ауданы бірлік мерекесін тойлады

1912
Adyrna.kz Telegram

Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ел бірлігі — мемлекет тұрақтылығының тірегі» іс-шарасы өтті. Жиын 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Нұрсәт» өнер мектебінде ұйымдастырылып отыр.

— Әрбір мемлекеттің тұрақтылығы елдік пен бірлікке негізделетіні анық. Еліміздің бірлігі нығайып, ынтымағы арта берсін! Біз бүгін түрлі салада тер төгіп, Қаратау ауданының өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарымызға алғыс білдірмекпіз, - деді Қаратау ауданының әкімі Р. Мүлкеманов.

Шымкент қалалық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі, Алиевтер отбасылық ансамблінің жетекшісі Бачак Алиев бабасының Қазақстанға қалай келгенін баяндап берді.
— Әкем Маханбет пен анам Памбух 1944 жылы депортация кезінде жер аударылған. Сол кездегі Сайрам ауданы Ленин жолы колхозына келгенде жергілікті тұрғындар, оның ішінде қазақтар өздерінің қоржын үйлеріне қондырып, ас-суын бөліскен. Мен 1948 жылы дүниеге келгенмін. 30 жылдан астам құқық қорғау саласында жұмыс істедім. Ата-анам көзі тірісінде қазақ халқының қонақжайлығын, бауырмалдығын әрдайым айтып отыратын. Қазақ ұлтына деген құрметіміз ретінде немерелерімізге Нұрсұлтан, Ерсұлтан, Бексұлтан, Шахсұлтан деп қазақ есімдерін қойдық,- дейді кейіпкеріміз.

Салтанатты шара барысында Қаратау ауданының этномәдени орталық өкілдері, кәсіпкерлері, мәдениет саласының майталмандары мен шағын аудандардағы белсенді үй басқарушылары, тұрғындар марапатталды.

Шымкент қалалық корей этномәдени орталығының мүшесі, №88 жалпы орта мектебінің мұғалімі Тимур Пак — белсенді жастардың бірі.

— Қазақстанда өніп-өсіп отырғанымды мақтан тұтамын. Ағайынды бесеуміз де қазақ еліне деген құрметіміз ретінде қазақ мектебінде білім алдық. Атам Владимир Пак пен әжем Любовь Цой әрдайым қазақ ұлтының бауырмалдығын дәріптеп өтті, -дейді Т. Пак.

Салтанатты жиын «Нұрсәт» өнер мектебі оқушыларының концертіне ұласты.

 

Пікірлер