Шенеунік Қызылорда әкімімен туыстық байланысы үшін қызметінен кетті

2709
Adyrna.kz Telegram

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Балжан Шаменова Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында БАҚ өкілдерімен баспасөз конференциясын өткізді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«2021 жылдың наурыз айынан бастап облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қызмет еттім. Әлеуметтік салаға жауапты болғандықтан ең әуелі денсаулық сақтау саласында пандемиямен бетпе-бет келдік. Менің алдымда - адамдардың өмірін сақтау үшін вакцинаның маңыздылығын түсіндіру және шұғыл түрде екпе жұмыстарын ұйымдастыру міндеті тұрды. Шұғыл шараларды қабылдаудың нәтижесінде Қызылорда қаласында 200 төсек орынға арналған модульдық жұқпалы аурулар ауруханасы жұмысын бастады. Негізгі мамандығым қаржыгер болғандықтан, бюджетті жоспарлау және тиімді жұмсалуына ерекше мән бердім. Әсіресе, ауруханаларға қажетті құрал-жабдық сатып алуға көңіл бөлдік. Әкім орынбасары ретінде негізгі жұмысымның бірі - еңбек дауларын шешу еді. Кәсіподақпен бірге тиімді шешім қабылдау нәтижесінде мұнайшылардың еңбек дауларын реттеу мақсатында жұмысшылардың жалақысын өсіру туралы келіссөздерді сәтті жүргіздік. Еңбек нарығына қатысты жастардың жұмыспен қамтылуына ерекше мән беріп, жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес оқуды бітірген азаматтардың 97 пайызы жұмыспен қамтылды»,– деді шенеунік.

Сондай-ақ ол жұмыстан өз еркімен кеткенін де атап өтті.

«Өздеріңіз білесіздер, Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев облыс әкімі қызметіне тағайындалған уақыттан бастап, маған экономика, қаржы саласына жетекшілік етуді қосымша жүктеді. Дегенмен, сәуір айынан бастап туған ағамның баласы Асылбек Шәменов қала әкімі ретінде қызметке келді. Асылбек Шәменовтың Жалағаш ауданы әкімі болған кезеңде маған тікелей бағыныстылығы жоқ болғандықтан, бұл жерде заңға қайшы әрекеттер орын алған жоқ. Бірақ, сәуір айынан бастап, қаржы саласына жетекшілік ететіндіктен және жиенімнің қала әкімі қызметіне келуі себепті мен облыс әкімінің орынбасары қызметінен кету туралы шешім қабылдадым. Дегенмен, мен қай кезде де Сыр елінің дамуына бар күш-жігерімді салуға дайынмын»,— деп түсіндірді Балжан Шаменова.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер