Сәтпаев. Сапарғалиев. Ғылымдағы сабақтастық

2256
Adyrna.kz Telegram

2 маусым күні аяқ астынан астанаға қазақтың бүгінгі кванттық физикасының көрнекті өкілі, әлемдік деңгейдегі физик, инновациялық технолог, 77 жастағы Алдан Асанұлы Сапарғалиев келе қалды.

Ол кісінің "шашбауын көтеріп жүргенімізге" бірнеше жыл.

Қысқасы Алдан ақсақал - Қаныш Сәтпаев құрған және соның өзі қалыптастырған қазақстандық физиктердің соңғы толқыны, сол кісінің шәкірті. Бірақ оны танып болмаса мойындап, қастерлеп жатқан ғылым да, орган да байқалмайды. Мәселе онда емес.

Алдекең өзін құрметтету үшін келген жоқ, ол жеке басын жасап алған кісі; қазақ ғылымын көгертудің әлемдік жүйесін енгізу үшін келді.

Келгенде, оған тиек болған белгілі ақтөбелік өлкетанушы, тарихи ескерткіштерді қорғаушы, мемлекет және қоғам қайраткері Бекарыстан Мырзабаевтың септігі тигесін келе салған. Бекең Ақтөбеге барып, қоғамдық ортамен кездескен Цифрландыру министрі Мусин Багдаттың отырысында болып, Алдан ағамыздың әйгілі өнертабысы туралы әңгіме етсе керек. Бағдат мырзаның соған назары ауып, ақсақалды астанаға шақырып арнайы кездесу ұйымдастырған шарасы екен. Алайда, корифей ғалымды жоғары деңгейдегі ешбір шенді күткен жоқ, бар болғаны тақырыпты талғажау еткен департамент деңгейіндегі функционерлер ғана. Оларға жақсылап тапсырғаны көрінеді, жас директор бике барын сала тыңдап, ғалымның күрделі физикалық туындысын ұққысы келгенмен, өздері жай ғана әкімшілік қызметкер екенін мойындап, онлайн отырысқа шақырған түрлі қаржыландырушы сарапшылар мен басшыларды шақырып соларға сөз берді. Ғылым комитеті өзінің конкурсына қатысуды, ұлттық Қаз инновейшн компаниясы өз тарапынан ғылымға жасалып жатқан ұсыныстарын ұсынумен болды. Тіпті халықаралық банктің де шендісі сөз алып, бар мүмкіндіктерін жайып салды.

Сонда ұққанымыз - Қазақстанның бүгінгі инновациялық қауқары бар болғаны өнертабыстық деңгейдегі шағын, орта жобаларды қаржыландыруға, соларға қолғабыс етуге ғана жарайды екен. Ең үлкен грант мөлшері - 300 млн теңге - шамамен 700 мың доллардың мөлшері.

«Зарядталған бөлшектердің тұрақты электромагниттер өрісіндегі кеңістік пен уақыт бойынша фокустелуінің жалпы теориясы» аталатын диссертациялық жұмысын жоғары бағалап, ғалымды Американың Ғарышты зерттеу орталығы (НАСА) 22 жылдан кейін Нобель сыйлығынан үміткерлердің қатарына ұсынды.  Сапарғалиев секілді әлемдік деңгейдегі теорияны алға бастырып, 2 ғасырлық уақытты аттаған, технологияны алшаңдататын іргелі дүниелерге арналған жүйе болмай шықты.

Алдан ақсақалдың тобы бүгінде құпия дүниелерін айтпағанда, үш бағыт бойынша шаруа тындырып жүр. Соның бірі электрогенератордың супержаңа толқыны. Алдан Сапарғалиев ұсынып отырған жылжықышының/двигателінің орташа ПӘК-і 94%. Электр энергиясын 2 есенің үстінде үнемдейді. Оның жылжытқыштары түрлеріне байланысты 2-ден 4 есеге дейін жеңіл болмақ. Қолында Халықаралық және Американың патенттері бар. Бұдан бес-алты жыл бұрын АҚШта жарияланған авторлық патентке негізделген материалы бойынша сол елдің пысықтары дереу іске кірісіп жатыр. Әрине, олар қазақтың патентін айналып өтіп, идеяны өз пайдаларына жаратуда. Ал бізде оны айтпағанда шағын технологияны енгізу үшін соны жасайтын, енгізетін өндірісті тауып, өнеркәсіпті жетектеп келсең ғана грант алады екенсің...

Ал әлемдік жүйеде бұл мүлдем басқаша шешіледі. Алыптар бірігіп консорциум құрады да, әлгі идеяны ортаға алып, бар қамқорлықты жасау үшін келісімге отырып, кірісіп кетеді. Біздің елде ондай "консорциумды" құру ғалымның мойнында. Яғни біздің мемлекеттік органдар "30 мың ғалым бар, олардың бәрін қалай жетектейміз, әркім өзіне керегін біздің конкурсымызға қатысу арқылы табады" деп қана кергитін жүйе жасап алған. Алматыдағы Ядро-физика институтының «Масс-спектрометрия» зертханасының прибор жасаушы мамандары Сапарғалиевтің сайманын жасауға кемі бір миллион доллар керек деп отыр.

Жарайды бүгінгі жүйені қоялық. Советтік жүйе қалай болды? Сапарғалиев секілді ғалымдарға барлық жағдайды жасап, құл қылса да олардың еңбегінен нәтиже шығаратын еді. Ғарышқа шығу да, атом технологиясы да, басқасы да солай қалыптасқан... Ал бізде бүгінде ғылым жоқ екені рас... Бірақ советтік дәуірден қалған-құтқан Сапарғалиевтер бар. Ең болмаса Түркиямен біріккен жүйе жасап, халықаралық ауқымдағы жобаға жол ашуға болар еді. Оған біздің ғылыми менеджменттің өресі жетпейді. Бюрократиялық шырғалаң мен батпаққа батқан жүйе...

Бір жағымсыздықтың бір жақсылығы болады. Бұл жолы осыған бармағанда, бұндай нәрсенің сырын да аңдамас едік. Алдан атасымен сөйлескен Әлия директор барынша жаны ашып отырғаны байқалады, бірақ қолынан келер қайран жоқ екенін еңсесі түсе сырттай байқатты... Іріп-шіріген саяси жүйе бәрібір ештеңе тындыртпайды. Алдекең өз дүниелерін Европаға шығарып, солармен-ақ атқаруға кірісті. Бірақ ол барын шетке шығарғысы жоқ... Мәселе осында.

Алдан профессор Электрондық технологияларды дамыту департаментіне түсіп жас басшымен сөйлесті. Сөйлескеннен бұрын оған "ертегі" айтты. Шынында да ертегі еді.

Совет дәуірінде де шовинизм ресейлік-советтік саяси жүйенің тұсауы болған екен. Мықты физиктер ұлты жағынан еврей мен орыс болып қырқысса керек. Ақыры орыстар еврейлерге күн бермейтіні туралы әңгіме ғалымдар арасына жайылған. Қазақстаннан Мәскеуге барған Қаныш Сәтпаев 4 еврей физикті алып келіпті. Соның біреуі - Сапарғалиевтің досы, Америкадағы белді физиктің бірі - Якушев. Міне осылардың арқасында Қазақстан физиктері әлемге әйгілі теорияны алға бастырды. Соның нәтижесі ретінде "анализатор" аталатын құрылғы. Бұның бүгінде қолданылмайтын жері жоқ. Органикалық заттарға анализ жасау үшін айырымпаздығы/разрешениесі 100 000-нан кем болмауы керек. Алдекенің сайманында айырымпаздық қабылет (разрешение) 200 000-нан артық, оның үстіне көлемі шағын. Түсініктірек болу үшін айтсақ, жаңа сипаттағы масс-анализатормен хром рудасынан хромның 95%-ын айырып алуға болады. Алтын, мыс, т. б. түсті металдар үшін де осылай.

Өкінішке орай, Сәтпаев негізін қалаған қазақ физиктерінің сол толқыны үзіліп қалды. Әлемдік ғылыми ортаға мәлім математик Мұқтарбай Өтелбаев - Алдан Сапарғалиевтің серіктесі. Бұлардың біріккен шаруасы өз алдына тақырып. Бірақ іргелі ғылымды дамыту арқылы ауқымды технологияға ат байлау бүгінгі Қазақстанның қолынан келмейді. Келтіруге болады, ол үшін шынайы ұлттық саясат керек! Әлемдік менеджмент қажет.

Ғылыми жүйеге реформа қажет! Бірақ 80-ге таяған Алдан ақсақалдарымыздың соны күтетін уақыты бар ма?!

Ұрпақ сабақтастығын үзіп алдық...

 

Серік Ерғали,

 «Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер