Нұрсұлтан Назарбаев әуежайының жұмысшылары митингке шықты

2431
Adyrna.kz Telegram
Фото: inbusiness.kz
Фото: inbusiness.kz

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының жұмыскерлері азық-түлікті несиеге алуға мәжбүр. Күн көрістері нашарлап кеткеніне шағымданған топ, шу шығарды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Айтуларынша айлықтары жетпейді. Астана арнасының хабарлауынша олар басшылыққа ауыр жұмысымыздың адал ақысын өтесе деп талап қойған. 12 сағат тонна-тонна жүк түсіріп, бар болғаны 150 мың теңге айлық алады. Айлықты көтеруді басшылыққа талап еткен, бірақ олар жалақыға 7 пайыз ғана қосқанына наразы.

«Біздің істеп жатқан еңбегімізге лайықты қылдырып біздің ақшамызды көтеріп берсе. Бізге сол ғана керек. Өйткені, бізде баламыз бар, мына жерде көбісі квартира снимать етіп тұрады. Біз мысалы қазір продуктыны Каспий редпен аламыз. Өйткені біздің тауып жатқан табысымыз жетпейді. Оны сосын ай сайын 10-15 мыңнан бөліп төлейміз», - дейді жүк түсіруші Марат Рақымбетов.

Наразылыққа шыққандар денсаулығымызға зиян келгені үшін де төленетін өтемақы да мардымсыз деп отыр.

Айтуларынша, бас қаладағы әуежайда адам да, жұмыс техникасы да жетіспейді. Оның үстіне жұмыс орнынан берілген арнайы киімнің сапасы жұмыс талабына сай келмейді дейді.

«Бір почта бірдеме қалып қойса, біздің зарплатамыздан кесіледі. Негізі дальный стоянкалар болады, техника жетпейді, трактор жетпейді, немесе транспортер жетпейді жігіттердің бәрі қолмен тартады. Екі адам қолмен артады, потому что техника жетпейді. Қысты күні күн тайғақта жазда берген аяқ киімді киеді, ол аяқ киім тайғанап, жүрмейді», - дейді жүк түсіруші Амангелді Түкенов.

Берілетін арнайы киімдердің размерлері де сай келмейді екен. Ал, басқа киім кисе, айыппұл төлететін көрінеді. Қызметкерлерінің талабын естіген мекеме басшылығы, әлеуметтік көмектің барлығы жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы келісімшартта қаралған дейді. Ал жалақы мәселесін міндетті түрде шешеміз деп уәде етті.

«Жалақы жайлы оны тағы қарастырамыз. Бұл тек грузщиктерге емес, басқа службалардың барлығына қарастыру керек деп ойлаймыз. Өйткені бұл барлығының сұрағы, қазір қымбатшылық. Қымбатшылық бәрімізге тиіп жатыр. Сол үшін соны қарастырамыз деп уәде береміз», - деп мәлімдеді Н.Назарбаев халықаралық әуежайы басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Ерғазы Жолдасов.

Ауыр еңбекпен нәпәқа тапқан жүк түсірушілер еңбекақымызды көтеріп, ыңғайлы жұмыс киімін берсе деп отыр. Онымен қоса, емге қаражат бөлсе дейді.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер