Мұхтар Әуезұлы - өмір иірімдері

3345
Adyrna.kz Telegram

«Сіз «Абай жолын» оқыдыңыз ба? Оқымасаңыз онда ештеңе оқымапсыз!». Бұл неміс халқының жазушысы Альфред Курелланың жазушы Мұхтар Әуезовтің өзіне әрі оның туған еліне де берген бағасы. М.Әуезовтің шығармалары 116 тілге аударылған. Жазушы Ә.Әлімжанов Цейлонда болған кезінде Халықаралық бейбітшілік сыйлығының иегері, будда дінінің атақты тақуасы Сарананкара Тхероның мінәжат ететін бөлмесінде болғанда сабан төселген төсектің жанындағы тек діни кітаптар тұрған сөреде ағылшын тілінде басылған «Абай жолын» көрген. Тақуа «Абай жолын» оқып болғаннан соң, кітаптың бір бетіне «Бұл кітап маған әлемді кеңірек тануға көмектесті» деп жазыпты.

1897 жылдың қыркүйегінің 28 жұлдызында Қазақ халқының ең ұлы жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов дүниеге келді.

Омарханның Қорлыққа, Рақия, Гүлсім, Зүбайла есімді төрт қызы әкесін жан-жағынан қоршай жамырап келсе де, ол көңіл көтеріп, жадырамайтын. Бұның себебі ұлы болмағандықтан еді. Ұлының қас-қабағына қарап отырып әкесі Әуез де баласының егде тартып, ұл бала көрмегенін ойлап қамығатын. Ұзақ түндерде көз ілмей бозартып таңды атыратын. Немере көру Әуездің, ұл сүю Омарханның үлкен армандарының бірі еді.

Күздің алғашқы айының аяқталып қалған шағы. Омарханның әйелі Нұржамал үйге бір кіріп, тысқа қайта шығып дамыл таппай жүр. Екі қолымен жағасын ұстаған Әуез бен Дінәсіл іштей жақсы тілеу тілеуде. Үлкен шаңырақтың желбауы керегенің басына байланды. Нұржамал арқанға сүйене кетті. Сол сәтте «міне менде келдім» дегендей іңгалаған нәрестенің даусы естілдіі.

Дінәсілде ес жоқ:

  • Үлкен кісі құдай берді... Ұл... Кіндігін Бәтимаға кестірейік.

– Дұрыс. Мінез-құлқы жайдары, адал, момын келініме кестірейік. Мә,

немеремнің кіндігін өз пышағыммен кессін, – Әуез пышағын қынынан сурып берді.   Бұл шаңырақта бұдан он екі күн бұрын Әуездің екінші жұбайы Сақыш дүниеге Ахмет атты ұл баланы әкелген болатын. Сондықтан қуаныштары қойнына сыймаған үлкендер «нәрестелерге суық тиеді» деп қыстауға көшті. Қыстауға көшу үлкен тойға дайындықтың нышаны еді. Жидебайдағы Абайға сүйінші сұратып, әрі тойға шақыртып арнайы бір адам жөнелтілді.

Әуез Абайдан 15 жастай үлкен болғанмен, екеуі арасы қыл өтпейтін дос еді. Абай ақын жасы үлкен досы Әуездің айтқан ақылын тыңдап, қоштап отырған. Бұлай болатын себебі Әуез өз заманының озық ойлы азаматы болған. Әсіресе түркі, шағатай әдебиетін жақсы білуімен қатар парсы әдебиетінен де хабары мол, арабша сауат білігі жоғары, аса зейінді кісі болған рухани бауырын ақын Абай «Әуке аға» деп сыйлаған. Бірде Әуездің інісі Самарханның ұлы Разақ Абайдың ауылына келіп ақынның ұлы Ақылбайдың баласы Әубәкірмен асық ойнап отырып қалғанынан хабардар болып Әуез ақсақал жөнінде хабар естіп-білмек болып өлеңге де қосқан:

Мына үйде отыр Разақ,

Елдің жөнін айтар ма,

Шақырып алып сұрасақ.

Үлкен қожа – ортан қол,

Өзгелері аты жоқ пен шынашақ.

Осындағы Үлкен қожа дегені Абайдың өзінің «Әуке» ағасы Әуез ақсақал. Абай жақсы хабарды ести сала қуанышқа сыйламаққа күрең жорға атты жетегіне алып сол күні кешке Бөріліге келеді. Шілдехана тойында Әуез бәйбішесі Дінәсіл екеуі Абаймен кеңесе отырып немересіне «Мұхтар» деп ат қояды.

Көптен күткен немере Мұхтар атасы мен әжесінің қамқорында болды. Анасы Нұржамал болса Мұхтарды емізетін ғана ана. Дінәсіл әже Мұхтарды ешкімге ұстатпайтын:

  • Айналайын Мұхтаржан, кімнен тудың?
  • Кәрі апамнан тудым.
  • Ал, кімнің баласысың?
  • Атамның баласымын...

Жастайынан Абайдың Әйгерімнен туған үшінші баласы Мекештің (Мекәйіл)

ертегілерін естіп өскен Мұхтар басқалардан еш айырмашылығы жоқ бала болып өсті.

Қандай әңгіме болса да есінде мықтап сақтап алатын құйма құлақ бала Мұхтар атасы Әуездің бабалары туралы айтқанын да мықтап жаттап алып еді. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» сұрапылынан кейін Тобықты руын Сыр бойынан Шыңғыстауға бастап қайта көшіріп әкелген Мамай батырдың жауынгер серіктерінің бірі қожа Бақшайыш батырдан – Саяқып, Саяқыптан – Берді, Төлеген, Қылыш туады. Ал Түркістанда оқыған Бердіден – Үсен, Бурахан, Әуезхан (Әуез), Самархан, Кенжехан тарайды. Әуездің бәйбішесі, найман ішінде сыбанның беделді адамдарының бірі Жарқымбайдың қарындасы – Дінәсілден Омархан дүниеге келген.

Кәрі апа аталып кеткен Дінәсіл Әуезден он жас үлкен болған. Берегірек келген соң кәрі апа үй жұмысы, баладан бір жола қалған соң қызы Нұрғанымның көмегімен Әуез Сақышқа үйленген. Сақыш Кенесары ханның інісі Наурызбайдың бір жаугершілікте алып келіп ақын Абайдың әкесі Құнанбайға қалдырып кеткен ерлі-зайыпты кісілердің қызы еді. Сақыштан төрт бала бар. Олар – Арынбек, Қасымбек, Ағзам және Ахмет. Әуездің Сақыштан туған балаларының түрі өзгешелеу еді. Арынбектің ұлы Құдыш дөңес мұрынды арабқа ұқсас болса, кейін Абайдың немересі Жебеш – азан шақырып қойған есімі Жебірәйіл Тұрағұлұлына тұрмысқа шыққан қызы Райханның көзі көк болатын.

Мұхтар әсіресе әйзік, құс бау қағу атты асық ойындарын жақсы көретін. Бұл ойындар көбінесе Омарханның екінші үйі – Мәдинаның үйінде болатын. Дінәсіл әжесі немересінің ұтқанын мәртебе көретін. Бала Мұхтар әйзік ойынынан ұтылып қалса, «кәрі апама айтамын» деп дау салатын, кейбірде өзімен теңдес балалардан ұтылғанына шыдай алмай, намысы келіп жылайтын.

Сайын даланың түлегі, көз ашқаннан атқа мінген бала Мұхтар бәйгеге де қатысқан. Бірде қолына қамшы алып ондаған шақырымдық ат бәйгесіне шабады. Алғашқы кезде бәрімен бірге шауып келе жатқан Мұхтар біраздан соң ырық бермеген аттың дегеніне көніп әйтеуір шаба береді, шаба береді... Бала шабандозды туыстары келесі күні әрең дегенде тауып алады.

Әкесі Омарханның арманы төрт қыздың ортасындағы Мұхтарды 14 жасқа келгенше арабша оқытып атастырып қойған Наймантайдың қызы Әйкежанға қосу еді. Сөйтіп немере сүйіп баласының рахатын көру еді. Бірақ Семейдегі Камали ғазірет медресесінде оқыған Қасымбек әкесі Әуездің қостауымен інісі Мұхтарды 1909 жылы Семейге оқуға береді. Қасымбек Мұхтардан он екі күн ғана үлкендігі бар кенже інісі Ахметті де Семейдегі екі кластық орыс-қырғыз (қазақ) училищесіне оқуға түсіреді. Үлкейе келе Ахмет Қасымбек ағасын былай деп еске алатын: «Қаске мен Мұхтар үлкен Семейде бір үйде тұрды. Мен болсам жаңа Семейде болдым. Сенбі күні болды дегенше менің екі көзім Ертістің арғы жағында болады. Қаске базардан екі алма әкеліп бірін маған пансионда жегізіп, екіншісін үнемі үйге барғанда жейсің деуші еді-ау».

Ауылға келген Мұхтардың формалы киімін көргенде кейбір қарттар «сұмдық» деп шу ете түсті. Қасымбек пен Мұхтардың піріміз қожаның дәстүрін бұзып, қалаға басқаша оқуы «Абайдың теріс әсері» деп білді болыс пен билер жағы.

Қасымбек Семейдің мұғалімдік семинариясын 1913 жылы бітіріп Москваға барып, жоғарғы оқу орнына түсіп, қайтадан дайындалып, аттанғалы тұрғанда, іш сүзек ауыруына шалдығып сол жылдың қыркүйек айында қайтыс болады.

Мұхтар оқуға өте алғыр болды. Ауылда Әуез атасынан араб әріптерін жаттауда басқалардың алдына шыға қоймаған Мұхтар, күнделікті сабақты оқу, жаттауға келген иман-шартты басқалардан бұрын бітіріп Әптиек шәріпке өзгелерден бұрын жеткен еді. Сабақты жақсы оқудан ол Семейде де тайған жоқ. Мұхтардың ерекше жан екенін оқытушылары оның 1910-11 жылдары орыс мектебінде оқып жүргенде-ақ байқаған. Бір ұстазы «таза жазудан» Мұхтардың дәптерін сақтап, кейін үлкен жазушы болған шәкіртіне сыйлаған.

Жас Мұхтар қала жастарынан құралған футбол командасының белді мүшесі де бола білді.

Қоғамдық жұмысқа белсене араласу мен қатар Мұхтар әдебиетті жанындай жақсы көрді. Бірде он сегіз жасар жігіттің қолына Абайдың ұлы Мағауияның шығарған «Еңлік-Кебек» жырының қолдан көшірілген нұсқасы түседі. Пьеса осы жыр негізінде жазылады. Осылайша  1917 жылдың маусымында Ойқұдықта болған қыз ұзату тойында «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылып қазақ халқының театр сахнасы ашылды. Еңліктің ролін Мұхтардың ағасы, кескін-келбеті қыздай Ахмет ойнады. Киіз үйдің жартысы сахнаға айналып жұртты таң қалдырған көрініс кезінде сахнаның төріндегі сандықтың ішінде отырған біреу тұңғыш дала театрының артистеріне айтатын сөздерін сыбырлап жеткізіп жеткізіп отырды. Бұл балаң жігіт болашақ ұлы жазушы, осы пьесаны жазған 21 жасар Мұхтардың өзі еді.

Семейде оқып жүргенінде болашақ жазушыға бір көріпкел Мұхтар Әуезов танымайтын жазуы бар кітабын ашып отырып: Атың әлемге жайылған мәшһүр адам болсың, З рет үйленесің деп айтқан екен.

Мұхтардың үйленуіне домбыра мен скрипкада шебер ойнаған, Джек Лондонның «Балалық туралы ертегі» шығармасын аударып кітап етіп басып шығарған Тұрағұл Абайұлының «Менің досым Кәкеннің Райхан есімді сұлу қызы бар» деп хат жолдауы себепші болады. Жастар үйленіп Мұғамила есімді қыз, Шоқан атты ұл көреді. Бірақ бұл жұбайлық өмір ұзаққа созылмайды.

1923 жылы Ленинградта оқып жүрген Мұхтар Әуезов Валентина деген қызбен көңіл қосады да 1927 жылы Елдес атты ұл дүниеге келеді. Оқуын бітіріп 1928 жылы Ташкентке көшіп келгенде айрылған ұлынан кейін қызы, болашақ үлкен тарихшы ғалым «М.Әуезов творчествосында Қазақстан тарихының проблемалары» атты және басқа да үлкен ғылыми еңбектердің авторы Лейла дүниеге келеді. Бірақ үйлену жөнінде ресми құжаттарын 1936 жылдың 5-шілдесінде алған. Бұл туралы жазушының жұбайы: Бұлай етуімізге ес біліп қалған қызымыз Лейланың, бірге тұрамыз ал фамилияларыңыз неге басқа деп сұрай беруі себеп болды, деп әзілдеп айтып отыратын.

Мұхтар Әуезовте басқалар сияқты адам баласы еді. Ағасы Разақ Самарханұлының естелігінде айтқанындай ұлды болуды армандаған жазушы Фатима Ғабитоваға ғашық болып дүниеге ұл бала келеді. Жазушы 1942 жылы қарашаның 10 жұлдызында Фатимаға жолдаған хатында: Бала болса атын қарапайым қазақша қойма. Өз аттарымдай кітапша қой. Мен Хайдар деген атты ұсынар едім, деп жазған. Мұрат Мұхтарұлы Әуезов бүгінде бүкіл елге белгілі қоғам қайраткері.

«Қараш-қараш» оқиғасы, «Қилы заман», «Көксерек», тағы басқа да көптеген шығармалар мен ғылыми мақалалар жазған ойшыл өте балажан еді. Бірде ұлы Ернар Социалистік  Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтің ұлы Төлегенмен бірге атқа мінген 12 жасар ұлы Ернар аттан құлап қорқып қалғанда өзінің қатты қобалжығанын байқатпай: Үрейленбе, сенің әкең аттан сексен рет құлаған, деп жұбатқан. Сол баласы Ернар өсе атақты биолог болды. Ағасы разақтың қызы Гүлнарды кішкентай кезінен қолына алып тәрбиеледі. Немересі Елдарды жанындай жақсы көрді.

Заңғар жазушы, ғұлама ойшыл Мұхтар Омарханұлы Әуезов қазақтың бәрін жақсы көрген тұлға болатын. Қайда жүрсе де халқының болашағын, мәдениетін ойынан шығарған емес. Ленинград университетінде бірге оқыған белгілі әдебиетші Ираклий Луарсабович Андронников «Адам аңыз» деп баға берген, басқа шығармаларын былай қойғанда тек «Абай жолын» жазу үшін 15 жыл ғұмырын жұмсаған тұлғаның бүкіл өмірін бір мақаламен айтып жеткізу мүмкін емес.

Пікірлер