Алматы облысында 2048 жанұя жылы ұясына кіреді

1469
Adyrna.kz Telegram
aigak.kz
aigak.kz

Алматы облысында халықтың өмір сүру сапасын жақсарту басты назарда. Күн тәртібінен әсте түспейтін өзекті мәселенің түйінін тарқату облыс әкімдігінің алдында тұрған басты міндет. Халықтың тұрмысының жайлы, қонысының тұрақты болуы өмір сүру сапасына тікелей әсер ететіні жасырын емес. Бүгінде базыналы елдің басты мәселесі-баспана.

Тұрғындарды үймен қамту үшін барлық жұмыстар жүйелі орындалуы шарт. Қазіргі кезде Алматы облысында осы тектес шаралар қарқынды жүзеге асуда. Аймақта, ағымдағы жылы 722,3 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, оның ішінде бюджет қаражаты есебінен – 61,7 мың шаршы метр кредиттік және жалға берілетін тұрғын үйлер ел игілігіне беріледі деп күтілуде.

1 жартыжылдық қорытындысына сүйенсек, Алматы облысында 482,1 мың ш.м. тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде, облыстағы 117 отбасы қоныс тойын тойлады. Биылғы жылы жалпы саны 2048 жанұяны жылы ұясына кіргізу жоспарда бар. Олардың 853-і көп балалы және әлеуметтік осал топ санатындағылар.

2029 учаскеге 244,2 км инженерлік-коммуникациялық желілерді салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 240 учаскеге 45 км желі тартылды.

Жауаптылардың айтуынша, жалпы алаңы 23,2 мың шаршы метр 288 пәтерлі 4 несиелік тұрғын үйлердің іске қосылмау қаупі бар. Себебі, Іле ауданында 72 пәтерлі тұрғын үй екі айға кестеден кешігіп салынуда. Талғар ауданында 3 тұрғын үйге инженерлік желілердің дайын болмауына байланысты.

Тұрғындарды толғандыратын мәселенің бірі-ауыз су. Облыста 384 елді мекеннің 357-і немесе
93%-ы орталықтандырылған сумен, 25-і орталықтандырылмаған сумен қамтылған, Жамбыл (Ащысу) және Іле аудандарында (Күрті) 2 ауылға су тасымалданады.

Үстіміздегі жылы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің құрылысы мен жөндеу бойынша 29 жобаны іске асыруға 9,2 млрд.теңге көзделген. 534 км сумен жабдықтау және су бұру желілері салынып, қайта жаңғыртылады, Балқаш, Жамбыл, Кеген, Райымбек және Талғар аудандарының 7 елді мекенінде ауыз судың сапасы жақсарады. Жыл соңына қарай орталықтандырылған сумен қамту деңгейі қалаларда 100%-ға, ауылдарда – 91,4%-ға жетеді деп күтілуде.

Айта кетейік, орталықтандырылмаған суға қосылмаған ауылдардың ең көп саны Балқаш және Еңбекшіқазақ аудандарында басым. Қос ауданда 8 ауылдан орталық суға әлі қосылмаған.Судың әлегінен бөлек, жылудың жайы да халық үшін маңызды. Қатты отыннан арылудың жолын іздеген бұқара газға қол жеткізгілері келеді. Бүгінде облыста384 елді мекеннің 1,1 млн. адамнан астам халқы бар 294-і газдандыруға жатады.
Оның ішінде 920,8 мың халқы бар 144 елді мекен газдандырылды, газдандыру деңгейі 49%-ға жетті.
Ағымдағы жылы газбен жабдықтау желілерінің құрылысы бойынша 15 жобаға бюджеттен 4,1 млрд. теңге бөлінді. Балқаш, Жамбыл, Талғар және Ұйғыр аудандарында елді мекендердің кентішілік желілерінің құрылысы жүргізілуде.

930 мың халқы бар тағы 5 елді мекен газға қол жеткізіп, қамту деңгейі 50,7%-ға жетеді.
Кеген және Райымбек аудандарын газдандыру үшін 75 мың адамды қамти отырып, ұзындығы 227 шақырым «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистралды газ құбырын салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.
Осы жобаны жүзеге асыру нәтижесінде облыс бойынша газдандыру деңгейі біршама артып, 65,8% құрайды дейді мамандар.

Пікірлер