“1,4 млрд теңге”: Сатыбалдының анасына тиесілі баспа мемлекеттен миллиондаған тапсырыс алып келген

4238
Adyrna.kz Telegram

Светлана Назарбаевға тиесілі «Дәуір» полиграфиялық баспа кешені мемлекеттік сатып алу бойынша тапсырыс алуды жалғастырып келеді. Бұл туралы  Halyq Uni. жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Қамаудағы Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының анасы Светлана Назарбаеваға Қазақстандағы баспалар арасында монополиске айналған «Дәуір» баспасы тиесілі.

“Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа сүйенсек, баспа ақпаннан бір көзден сатып алу әдісі арқылы бері бірнеше тапсырыс алып келеді.

Мәселен, биыл ақпанда «Alatau Akparat» ЖШС-мен жалпы құны 12 млн теңгеден асатын екі келісімшарт жасасқан”, делінген ақпаратта.

Айта кетейік, Қайрат Сатыбалды 13 наурыз күні ұсталған болатын. Ол «Қазақтелеком» АҚ қомақты қаржысын жымқырды және қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген. Тергеу 24 тамыз күні аяқталды.

“Анасы Светлана Назарбаеваға тиесілі «Дәуір» баспасы Қайрат Сатыбалды тергеуде жатқан кезде де, яғни наурыздың 31-і күні құны 61 млн теңге болатын тағы бір тапсырыс алған.

Тапсырыс беруші – «Alatau Akparat» ЖШС. Дәл осы компаниямен 5 мамыр күні келісімшартты тағы жалғастырған. Бұл келісімшарт құны – 53 млн теңгеге жуық.

Техникалық сипаттамасында баспаның «Вечерний Алматы» және «Алматы ақшамы» газеттерін басып шығару үшін газет қағазын жеткізуге және қоймадан Алматыда орналасқан баспаханаға жеткізу керек деп көрсетілген” делінген хабарламада.

Сонымен қатар,  «Дәуір» баспасы маусым айында Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен тағы бірнеше лоттың жеңімпазы атанған.

“Қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығару және тарату бойынша қызмет көрсетуге жасалған үш келісімшарттың жалпы құны – 48 млн 810 мың теңге болады. Техсипаттамасында көрсетілгендей, баспа барлығы 8 қаламгердің кітабын басып шығару және кітапханаларға тарату қызметін іске асырады. Ал шілде айында баспа мен министрлік тағы бірнеше тапсырысты орындауға келісімшарт құрған. 4 келісімшарттың жалпы құны – 111 млн теңгеден асады. Мұнда да қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығару және тарату бойынша барлығы 33 қаламгердің кітабын басып шығарады” деп жазды портал.

Halyq Uni есебінше, биылдың өзінде қаңтар-тамыз аралығында Светлана Назарбаеваға қарасты қос компания жалпы құны 1 392 810 000 теңгенің мемлекеттік тапсырысын алған.

Осылайша, Қайрат Сатыбалды қамауда отырғанымен, отбасының жүріп-тұруына кететін шығынын мемлекеттік тапсырыстар арқылы өндіріп отырған.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер