Тұрмысы төмен отбасылардың балаларына арнайы мектептерде оқу үшін квота бөлінеді

3237
Adyrna.kz Telegram

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Мемлекет басшысы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларды қолдау және білім берудің инклюзивтілігін дамыту жөнінде тапсырма берді.

Осы тапсырма аясында тиісті бұйрыққа қол қойдым. Бұл құжат әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға мамандандырылған мектептерге түсу үшін 15 пайыз квота алуға мүмкіндік береді.

Яғни енді осындай отбасылардан шыққан 1500-ға дейін бала жаңа квота бойынша «БИЛ», «Дарын» және т.б. мектептерге оқуға түсе алады»,—деді ведомство басшысы.

Айтуынша, жаңа бұйрықтың арқасында әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар осындай мамандандырылған мектептерге қабылданған.

«Тұрмысы төмен болғандықтан қосымша білім алуға мүмкіндігі жоқ балалар үшін осындай мектептерде оқуға мүмкіндік беру олардың болашақтағы жетістіктеріне оң әсер ететініне сенім бар.

Бұған дейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ұсыныстары аясында колледждер мен жоғары оқу орындарына түсуге осыған ұқсас квоталарды енгізген болатынбыз. Сол шешімнің арқасында мыңдаған балалар оқуға түсті.

Біз жас дарындарға да, өзін әлі көрсете алмағандарға да тең жағдай жасауымыз керек. Ал ұстаздарымыз озат балаларға да, оқуда үлгерімі нашар болса да, қолдау мен жылы сөзге мұқтаж балаларға да мейіріммен қарайды деп үміттенемін»,—деп сөзін толықтырды ол.

Пікірлер