"Алтын бесігімізді, ауылдан шыққан адамды менсінбейтін хәлге жеттік" - үміткер Жигули Дайрабаев

3030
Adyrna.kz Telegram

"Хабар" арнасындағы теледебат кезінде "Ауыл" партиясының өкілі Жигули Дайрабаев дала демократиясы, жоғары мәдениет, адам бойындағы рухани кемелділік  ерекшеліктерін сөз етті. Егер ел тізгінін қолға алса, қуатты аграрлық салаға негізделген жаңа Қазақ елінің көшін бастауға талпынатынын жеткізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Теледебат барысында Жигули Дайрабаев Қазақ елін агро-өркениет алпауытына айналдыруға сөз берді. Қазіргі еңбек бөлісі мен қоғамдағы жалаң түсінікті сынға алды.

- Мемлекетімізді дамытуды мен үш бағытта көріп отырмын. Біріншісі - біздің ұлтымызға тән дала демократиясының принциптерін орнату. Нарыққа қарық боламыз деп осы құндылықтардың барлығын жоғалттық. Алтын бесігімізді, ауылдан шыққан адамды менсінбейтін хәлге жеттік. Қарайым еңбек адамын қастерлеуді қойдық... Мен билік те байлық та халыққа тиесілі болуын сөз емес, іс жүзінде жүзеге асырамын, - деді кандидат.

Сондай-ақ ол ауыл тірлігін жандандырып, шаруашылықты қарыштатып дамытуға екпін қойды.  Елімізді сапалы және бағасы қолжетімді отандық өніммен толтырылатын аграрлық державаға айналдыруға нық бекінгенін жеткізді.

"Аналардың көңілі далада емес, балада болуы керек. Ана тілінің мәртебесін арттыру қажет, мемлекеттік тілді барлық салаға терең енгізуіміз тиіс, жастарды еңбекке баулып, ұлттық құндылықтар мен аға буынға құрметті арттырамыз. Егер маған мүмкіндік берілсе, осының барлығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдеуге дайынмын. Қазақстан еңбеккерлері жасасын", - деді Дайрабаев жарыссөзде.

Ол жемқорлықпен күресті адами-рухани тәрбиеден бастау қажеттігін де атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Президентінің мерзімінен тыс сайлауы 20 қарашаға белгіленген.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер