«Мүгедек болсам да, масыл болғым келмейді»: Түркістандық өз бетінше 10 тілді меңгерген

2910
Adyrna.kz Telegram

Түркістан облысының тұрғыны Мейірхан Топанбай 10 тілде еркін сөйлейді. Ол мүмкіндігім шектеулі деп қарап отырмай, уақытын тіл үйренуге жұмсаған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

Туғаннан сал ауруына шалдыққан жігерлі жігіт ауыл кітапханасында жұмыс істейді. 29 жастағы Мейірхан Топанбай орта мектепті үздік оқып, екі бірдей мамандықты меңгерген. Тіл үйреніп, өзге ұлттың шығармаларымен танысуға бала кезден құмар болыпты. Бүгінде түрік, парсы, неміс, грек, испан тілдерімен қатар армян, поляк, тәжік, француз тілдерін жетік біледі. Сондай-ақ өз бетінше ағылшын сабығын оқып, тіл сындырып жүр.

«Түрік тілі, грек тілін мен бала кезімнен үйрендім. Одан кейін мектепке барғаннан кейін неміс тілін үйрендім, француз тілін үйрендім. Сонымен алты тіл болды ма? Содан соң университетке барғанда парсы және тәжік тілін үйрендім. Одан соң поляк пен болгар тілі бар ғой, сол екі тілді игердім. Содан соң испан тілі, қазір міні итальян тілін үйретіп жатырмын. Мүгедек болсам да, масыл болғым келмейді»,- дейді ізденімпаз жігіт.

Мейірхан Топанбай бір көзінің көрмейтініне қарамастан, кітап оқудан бас тартқан емес. Ол үшін аудио басылымдар, брайль харіптерімен жазылған кітаптардың көмегі тиген.

«Сал ауруына шалдыққан балаларды қоғамда дұрыс қабылдамай жатады. Көпшілік олардың ақыл-есінде ауытқуы бар деп ойлайды. Қоғамдағы адамдардың әртүрлі пікірін, әртүрлі көзқарасына менің ата-анам төтеп бере білді. Ауыл кітапханашысы түрлі мәдени шараны ұйымдастырып, оқырмандарды ынталандырып жүр»,—дейді Түлкібас ауданының тұрғыны.

Мейірхан Топанбай кітап оқып, тіл сындырумен қатар аударма ісімен де айналысады. Өзге ұлттың шығармалары мен ақын-жазушыларының нақыл сөздерін аударады. Өткен жылы «Ақиқаттан аттамайық!» атты алғашқы жинағы жарық көрді. Биыл «Жанымның жақұты» атты жинағын баспаға әзірлеп жатыр.

Пікірлер