"Лай-батпаққа батқан" - Батыс Қазақстанда су тасқыны салдарынан ер адам көз жұмды

3608
Adyrna.kz Telegram

Батыс Қазақстан аймағында су тасқыны салдарынан 1 адам көз жұмды. Ал шығын болған мал-мүлікте есеп жоқ, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "ҚазАқпарат"-қа сілтеме көрсете отырып. 

БҚО ТЖ департаменті жағдайға қатысты мәлімдеме жасады. Шыңғырлау ауданына қарасты Ақтау ауылынан 11 наурыз күні, сағат 19.00-де 1984 және 1977 жылғы екі ер адам Ақсай қаласына қарай трактормен шыққан.

14 наурыз күні сағат 17.17-де олардың жоғалып кеткені жөнінде хабар түскен. Дәл сол уақытта Бөрлі ауданында су тасқыны орын алған. Сағат 23.25-те Ақсай қаласынан «ҚПО б.в.» компаниясының жол талғамайтын көлігі іздеуге шыққан. Алайда жол болмағандықтан, сағат 03.00-де іздеу тоқтатылған.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметкері Дариға Мәжитованың айтуынша, аталған ер адамдар Ақтау ауылына жәрдем беруге барып, кері қайтқан кезде трактор балшыққа батып қалған. Біреуі көмек іздеп кеткен де, екіншісі, 1984 жылғы ер адам аяғы ауырғандықтан, күтіп қалған.

«15 наурыз күні Бөрлі ауданы Ақбұлақ ауылынан 9 шақырым жерде ашық даладан 1984 жылғы ер адамның мүрдесі табылды. Оның денесінде зорлық-зомбылық белгілері болған жоқ. Аталған дерек адам өлімі ретінде тіркелді. Сараптама жүргізілуде. Бастапқы себебі – суға кеткен», -  деді  Д.Мәжитова. Мұны "ҚазАқпарат" бөлісті.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, екінші ер адам Бөрлі аудандық ауруханасының терапевтік бөлімшесінде жатыр. Оның оң жақ өкпесі қабынған. Жағдайы - ауыр.

Батыс Қазақстандағы су тасқыны зардаптарын сейілу және жою жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі күні 100-ден астам киік судан шығарылған. 57 тұрғын үйден су сору жұмыстары аяқталып, 275 адам баспаналарына оралды. Дегенмен Жайық өзеніндегі су деңгейі әлі көтерулуі мүмкін дейді мамандар. Олар тұрғындарды сақ, сергек болуға шақырады.

Ал тұрғындар жауапты мекемелер мен ел басында жүрген тұлғалардың мұндай табиғаттың тосын мінезіне дайын болмағанын, дайындық жүргізбегенін айтып отыр.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер