Димаш есімін ойлап тапқан азамат кім

2021
Adyrna.kz Telegram

«Біріншіден сонша жыл ел басқарып отырып, біреуге нақақтан нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, біреуден бір сом пара алған емеспі, ҚОЛЫМ ТАЗА!

Екіншіден, 1937-1938 жылдарғы қаралы күндерде, боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін, АРЫМ ТАЗА!

Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін, ЖҮЗІМ ТАЗА!» Бұл қазақтың өр тұлғалы ұлдарының бірі, көп жылдар Қазақ КСР Үкіметінің төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы  Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынның сөздері.

«Тағдыр маған ел басқаруды, халық үшін қам жеуді сыйлапты. Ондай сый алған өз адам отбасының мүддесінен  гөрі ел, халық мүддесін жоғары қою керек. Ел басқару білгенге – мехнат, білмегенге – қанағат. Маған мехнат болды, себебі, ең ауыр кезең – соғыс, күйзелген шаруашылықты қайта қалпына келтіру жылдарында ел басқардым. Сол кезде халқымның жағдайы күні-түні есімнен шыққан емес, қайтсем жағдайын жақсартамын, көркейтемін, кем-кетігін келістіремін деумен өмірім өтті». Бұл да Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынның өз сөзі.

Нұртас аға нұрмен тастан жаралдың,

Мінезді де сол сөздерден таба алдың.

Үні болдың бүкіл елдің сол тұста,

Ұлы болдың қалам менен даламның, –

бұл ақын Темірхан Медетбектің ел ағасы бола білген азаматқа арнаған өлеңінің көп ой айтылған бір ғана шумағы.

Нұртас Дәндібайұлының қандай басшы болғаны туралы Әбіш Кекілбай былай деп айтқан: «Нұртас Оңдасын ең алдымен көзге түсетін ай мен күндей самалалардың бірі. Өз ғұмырымен жоғары мемлекеттік дәстүріміз, биік саяси мәдениетіміз, нағыз осы заманға лайық ұйымдастыру өнеріміз бар екендігін қапысыз дәлелдеп кетті».

Ел көлеміндегі көптеген үлкен істердің басында тұрған асыл азамат туралы Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген экономист, профессор Ғарай Сағымбайдың туралы айтқандары кімді де болса таңқалдырады. Нұртас Дәндібайұлы өте қиын, сонау соғыс жылдары басқарған 1944 жылы орталық Үкімет алдында мәселе қойып, қажет екенін түсіндіре білген, содан Кеңестер Одағында жалғыз, Алматыда қыздар институтын ашуға рұқсат алған, қазақ қыздарының оқып, білім алуына ұтымды жол тапқанын да біреу білсе біреулер біле бермейді.

Н.Оңдасын  «Маңғышлақмұнайгаз» тресінің өмірге келуіне ұйытқы болады. Бұл өңірдің байлығы орасан зор екенін дәлелдейді. Кешегі дәулескер күйші-композиторлар Құрмағазы мен Дина, Абыл елінде күй өнерінің су аяғы құрдымға кетіп бара жатқанына алаңдап, Алматыдан Құсайынұлы деген өнерлі азаматты елге шақырады. 1957 жылы ерлі-зайыптылар құрған оркестріне әйгілі Нұрғиса Тілендіұлын шақыртып, ел адында алғаш рет 500 адамдық оркестрмен өнер көрсеттіреді.

Нұртас Дәндібайұлы Оңдасын үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлай білген. Жастар арасынан болашақта жақсы басшы бола алатындарды да байқап, мүмкіншілігі болса көмегін аямайтын. Өзінің айтуы: «Сол кезде Халық комиссарлар кеңесі төрағасы қызметін істеп жүргенімде Шығыс Қазақстан облысына іссапармен барып, елді аралап, облыс, ауыл шаруашылық жайымен көбірек таныстым. Ең соңғы күнімді атақты қызыл түсті металл комбинатына арнадым. Қасыма комбинаттың бас инженері жас қазақ жігітін қосты. Ол ұзын бойлы келген, салиқалы да сабырлы, өндіріс техникасын жақсы білетін, білгір металлург екен. Мен білмейтін көп жайлармен таныстырып, мағлұмат берді. Білімдар, іскер мінезіне қайран қалдым. Астанаға келген соң Жұмекеңмен келісіп, аппаратқа шақырып, он жылдай орынбасарлық қызметті қалтқысыз атқарды. Ол Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев болатын. Пленумдарда, сессияларда немесе күнделікті мәжілістерде Дінмұхаммед деген ұзын есімді атаудың орнына Димаш деп ат қойып едім, ел-жұрт осылайша қоштап, қуаттап кетті».

Нұртас Дәндібайұлы адамдарды ұлтына қарап бөлмейтін. КСРО басшыларының бір ірі тұлғасы Анастас Микоян еді. Сол азамат жұбайы бақилық болғанда Кубада қызметте жүріпті. Елге келіп өмірлік жолдасын соңғы сапарға шығарып салмақ болғанда КСРО-ның басшысы Н.Хрущев рұқсат етпепті. Сонда Н.Оңдасын Микоянның жан-жарын соңғы сапарға шығарып салудың басы-қасында болып қолынан келгенше көмегін беріпті.

Қазақстанның мақталы аудандарын Өзбекстанға, тың өлкесін Ресейге, Маңғыстауды түрікпендерге ұстатып жіберуге қарсы болған Н.Оңдасынды Н.Хрущевтің жақсы көре қоймағаны анық әрине. Бұл туралы кезінде жазылды да.

Қазақстан сынды үлкен елді басқарған адам тегін болмайды ғой. Нұртас Дәндібайұлы «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік» және басқа да кітаптар жазды. Ғалым Айтбай Айқабылұлы «Ерлікпен жазылған еңбек» атты зерттеу мақаласында: «Көп болып қолға алғанда ғана бітетін осынау қыруар жұмысты не хатшысы, не зертханасы, не зертханашысы жоқ зейнеткер қартың отбасында отырып, бір өзі бітіріп тастағанына біреу сеніп, біреу сенбейді. Ал, ақиқатына жүгінсек, «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік» бір ғана адамның атқарған жұмысы. Аңыз әңгімелерде ғана айтылатын, алыптардың тас талқандап, тау қопаратын ерлігімен салыстыруға болатын мұндай қиындығы қияметтей үлкен істің елім деп еңіреген, туған халқының қамын жеген абзал азаматтың ғана атқара алуы мүмкін».

Қазақ жаңа туған сәбилерге елге белгілі азаматтардың есімін береді. Жоғарыда бүгіндері Димаш атты жігіттердің осы есімді иеленуіне Нұртас Дәндібайұлының қатысы болғанын жаздым. Қазақстанда Нұртас Оңдасынның есімін балаларына берген жанұялар аз емес. Осы жөнінде біздің әулетімізге байланысты бір оқиғаны сәл арыдан баяндайын.

Көпшілік жалпы жан-жануарлармен қатар түрлі заттардың да пірі бар деп білген. «Қазақ есімдерінің алтын қоры» атты кітабымды жазу барысында қазақтың 100-ге жуық пірлерінің есімдерін таптым. Байлардың пірі, Бақсылардың пірі, Қарттықтың пірі, Сауын пірі, Ұрылардың пірі, Шымкент қаласының пірі, Шығырдың пірі, тағысын тағылар.

Ел билеуші тұлғалардың да пірлері болған , мысалы Абылай ханның пірі – Жалаңаяқ Әздер болғаны тарихтан белгілі. Абылай ханның пірі туралы аңыз-жырларда айтылады. Хан пірінің шын есімі Қалмұһаммед Бақмұхаммедұлы, ел арасында Әз Жалаңаяқ – Жалаңаяқ Әздер – Жалаңаш баба есімімен белгілі болған әулие.  Жалаңаяқ Әздер туралы Шәді төре Жәңгірұлының «Тарихат» дастанында:

Дүниеге шыр-пыр етіп келген соң сен

Өзіңді желеп-жебеп жүруші ем мен,

Атымды Жалаңаяқ Әздүр дейдіғ

Шілтендер бұл қызметті маған берген – деген өлең сөздері бар.

Абылай ханның пірі жайында басқа да әдебиеттерде: Мәшһүр Жүсіптің ел аузынан жазып алған «Абылай ханның түсі» аңыз-әңгімесінде, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың Құрбан қажы деген кісінің аузынан жазып алып 1916 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Жалаңаш баба» деген аңыз-әңгімесінде, есімі белгісіз ақынның «Сабалақ» атты қиссасында жазылған.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мәліметі бойынша Жалаңаяқ Әздердің жатқан жері Созақ қорғанының күнбатысы, әулие Бабай түкті Шашты Әзіздің қасы. Бүгінде қожалардың арасында Жалаңаяқ қожа аталатын бір тармағы Абылай ханның пірі Жалаңаяқ Әздердің ұрпақтары.

Абылай ханның пірі Қалмұхаммед Бақмұхаметұлының ұрпақтары өз заманының білімді тұлғалары болған. Менің атам Оспан мен әжем Алтын екеуі де өте сауатты жандар еді.

Бір күні біздің үйге қонақтар келді. Қазақтың маңдайалды ақындары Майлықожа, Мәделі, Құлыншақ және басқалардың жыр-мұрасын жинастырып зерттеген, генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін осыдан 40 қырық жыл бұрын сол кезгі басшылықтың қахарынан қаймықпай бүкіл Қазақстанға жариялаған әкем ғалым Әсілхан Оспанұлының Өмірзақ деген жолдасы бар еді, сол ертіп кепті. Қонақтардың үлкені Нұртас Дәндібайұлы Оңдасын еді. Келуінің себебі  менің атам Оспанқожа Қосымбетұлы молда болғандықтан арабша жазылған кітаптары бар ма екен, соны білмекші болыпты. Анам дастархан жайып, тамақ істепті. Ол кезде біз баламыз, далада ойнап жүрдік. Анамның айтуынан білемін Нұртас Дәндібайұлы біраз уақыт есік алдында айналып жүріпті. Нұртас Оңдасын бұл үйге неге келді деген болар, көршілердің бәрі қарап тұрыпты. Ол кісі сол тұста өзінің қазақша-арабша сөздігін дайындап жүрген болар. Осы ұлы тұлғаның шаңырағымызға келгені туралы әпкем Шәрбанудың айтуы: Оспанқожа атамыз Нұртас Дәндібайұлына кітап беріп тұрып. «Дәретің бар ма?» депті. Сонда ол кісі атама: «Ақсақал, дәретсіз жүрмейміз ғой» деп жауап беріпті. Атамның Н.Оңдасұлына қандай кітап бергенін білмеймін. Әке-шешеміздің немересі, кенжесі Қанәлінің үлкен ұлының есімі қазақтың осы бір өр тұлғасының құрметіне берілген. Елімізде қазақтың қайсар ұлының құрметіне еліне пайдасын тигізген асыл азамат болсын деп Нұртас – нұры тассын деген тілекпен берілген есімдер көп деп білемін.

Нұртас Оңдасындай нар тұлғалы азамат туралы  бір мақаламен шектелу өте қиын-ақ. Қазақ халқы байырғы уақыттан бері елдік мұратын аңсап егемен болуы үшін көптеген азаматтар өз қал-қадірінше еңбек еткені белгілі. Солардың бірі Нұртас Дәндібайұлы Оңдасын.

Адасқанға дұрыс бағыт, жол сілтеп,

Тілің шыңға қыран сынды қонсын деп.

Сөйлеп тұр ғой бүгін сенің рухың:

Елім менің нұрға шалқып толсын деп,

Елім менің тастай берік болсын деп!

Асыл ағаға баға беру қиынның қиыны. Сондықтан мақаламды ақын Темірхан Медетбектің жоғарыда келтірілген өлең жолдарымен аяқтауды жөн көрдім.

Бердалы ОСПАН.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер