IT салада мамандар көп, мықтылар аз

1258
Adyrna.kz Telegram

Шүкір, еліміз әлемдегі IT алпауыттардың көшіне ілесіп, ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп келеді. Салаға бөлінетін қаржы көлемі де артқан. Мәселен, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі IT саланы ілгерілету үшін 2021-2023 жылдарға 7,5 млрд теңге қаражат қарастырған. Оның 1,9 млрд теңгесі 2021 жаратылған болса, 2022 жылы 2,7 млрд теңге саланы дамытуға жұмсалған. Биыл қаржы көлемі едәуір ұлғайыпты – 2,9 млрд теңге. Бұл салаға деген сенім мен сұраныстың артқанының белгісі болса керек.

Статистикаға сүйенсек, жұмыс іздеу және жұмыс беру порталдарында IT салаға қатысы бар бос жұмыс орындарының саны 57 пайызға өскен. Бұған не себеп? Әрине, білікті мамандар тапшылығы. Расында, кез келген компания ұжымға сауатты, IT саланы жетік меңгерген маманды алғысы келеді. Бізде тап осы мәселе өзекті болып отыр. Білікті мамандар елдегі IT саланың жалақысына көңілі толмай шетел асса, әлеуеті жетпегендер бар жалақыны қанағат тұтуға мәжбүр. Сандар сөйлесін, еліміздегі IT компаниялар маманға ең аз дегенде 220 мың теңге жалақы төлеуге дайын. Ең жоғарысы 600 мың теңгенің төңірегінде. Одан көбірек соманы көзіңіз шала бермейді. Бәсекелестік деңгейі мүлде төмен. IT компаниялар сұранысты өздерінше толтырып әлек. Бұл ретте мамандар тапшылығын да ескерген жөн. Бірақ саладағы кемшілікті Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дер кезінде көре білді және 2025 жылға дейін 100 мың IT маман даярлау туралы пәрмен берді. Бүгінде министрлік тапсырманы орындауға кірісіп кеткен. Оның негізінде 20 бағдарламалау мектебін ашу жоспарланған. Сондай-ақ аталған мектептерге 20 мың грант беру қарастырылған. Айталық, 2021-2022 жылдары 11 бағдарламалау мектебі ашылды.

Басым бөлігі Алматы, Ақтау, Орал және Жезқазған қалаларында бой көтерген. Сонымен бірге шетелдік IT мектептер Қазақстанда бөлімшесін ашуға ықылас білдіріп отырған көрінеді. Құба-құп. Шет елдің IT жүйесін үйренсек, оның несі айып. Сондықтан, салада ынтымақтастық орнатуға мүдделі тараптардың барлығымен келіссөз жасап көрген жөн шығар. Жалпы, Қазақстанда IT саласы әуелден мектеп білім беру бағдарламасына енгізілген. Ол бойынша 3 810 балаларға арналған үйірме қызмет атқарады. Жыл сайын 78 мың оқушы үйірмелерге қатысады екен. Мұның өзі нәтиже. 2021 жылы сол үйірмелерде тәлім алған 27 оқушы халықаралық жүлдеге ие болған. Жаман емес, тіпті керемет. Қысқасы, атқарылып жатқан шаралар оң нәтиже беріп келеді. Жоғары оқу орындарында да IT саланы игерем дегендерге жол ашық. Бір ғана 2021 жылдың өзіне аталған сала бойынша 11 852 студент білім алған. Ендігі мақсат – сапалы маман даярлау.

Пікірлер