Желтоқсанға байланысты қандай шығармаларды білесіз?

4810
Adyrna.kz Telegram

«Желтоқсан» десе, 1986 жылғы оқиға бірден есімізге түседі. Желтоқсан- жазықсыз жастардың көз жасы төгілген ай. Желтоқсан- жастардың азаттық үшін күрескен, тәуелсіздігімізді еске түсіретін ай. Желтоқсан- орыстардың бізге деген аяусыз жасаған қастандықтарының куәсі болған ай. Жнлтоқсан- әрбір қазақ тақымын қысып, жастар үшін рухтанған ай. Желтоқсан- өмірдеде қатігез адамдар болатынын және болашақтан үміт күтуге болатынын дәлелдеген ай. 

 Желтоқсан туралы неге екенін білмеймін, көбісі тарихтан оқығандарын айтса, бірең-сараң адам әдебиеттегі желтоқсан оқиғасына қатысты жазылған шығармаларды айтып, сыр шертеді. Ал театр сүйер қауім, Серік Асылбекұлының «Желтоқсан желі» қойылымын желтоқсан айында асыға күтетіні өтірік емес. Тарихи деректерден бөлек, желтоқсан оқиғасы туралы кімдер қалам тербеп, шығарма жазғанын саралап көрейік. 

Кейбір жазушылар Желтоқсан оқиғасына арнап, әңгіме жазса, бірі роман жазып жатады. Желтоқсан оқиғасы туралы айтар дүние көп болғасын ба, жазушыларда өздерінің шабыттары мен айтар ойына қарай шығармаларының мәтіні мен мағынасы бір-біріне ұқсамайды. 

Асқар Алтайдың Желтоқсан оқиғасына байланысты  «Сібір офицері» мен «Прописка» әңгімелері және Қуандық Түменбайдың «Қобыздың мұңы» деген әңгімесі болса, Өтен Ахметтің «Желтоқсан ызғары» хикаятын жыламай оқымау мүмкін емес. Серік Асылбекұлының екі актілі  «Желтоқсан желі» драмасы мен Нұржан Қуантайұлының «Қараөзек» романын да айтпай кету қате болар. 

Әр шығарма әртүрлі сюжеттермен суреттелген және өзінше өзекті. Асқар Алтайдың «Сібір офицері» әңгімесінде желтоқсаншыларды басу үшін, қаладан келген офицерлер туралы айтылады. Офицерлердің ішінде қандас қазақтарда болғанын, жастарды аяусыз соққыға жыққанын байқаймыз. «Прописка» әңгімесінде шығарманың атауы айтып тұрғандай, жастардың қалада пропискаға тұра алмай, өз елінде сенделгенін байқасақ, «Қобыз мұңы» әңгімесінде басты кейіпкер Бэланың скрипка аспабын тартқысы келмей, қобыз аспабына қызығуы, әкесінің қарсы болу негізгі сюжет болғанымен, шығарманың астарына үңілсек, «Үлкен кісі» туралы және желтоқсаншылар туралы айтқысы келгенін байқаймыз. Тіпті бас кейіпкердің желтоқсан оқиғасына қатысқанын: «... Мен сенің фамилияңды РОВД-дағы тізімнен өшірттім. Ол МВД-ға жетсе сен оқудан, мен жұмыстан қуыламын» -деген сөзінен байқаймыз. Ал шығармадағы скрипка- орыс үкіметі, яғни Колбин болса, қобыз-қарапайым халық екенін  мына сөзден аңғарамыз. «... Білем мен қобызды. Бақсылар тартқан. Біле білсең, ол ескіліктің қалдығы. Заман өзгеріп жатыр. Колбин келді» деп Бэлаға әкесі қарсы болғанын шығарманың бастапқы кезін оқи отырып түсінеміз. 

Өтен Ахметтің «Желтоқсан ызғары» хикаятында басты кейіпкер Асаубай Қарағанды шахтерында  жұмыс істегеніне 30 жыл болған, қоғамға белгілі шахтерлардың бірі. Шығармадағы басты кейіпкерлердің бірі Дәметкеннің кіші баласын жұмысқа алады және кіші баласы мен қызы желтоқсанға қатысқан ереуілшілердің арасында болып күдікке ілінеді. Шығарманың негізгі идеясы ереуілге шыққан қазақ жастарын қолдап, қолынан келгенше көмектесуге ұмтылу деп ойлаймын.  Ал Серік Асылбекұлының «Желтоқсан желі» драмасында басты кейіпкер Баймырзаның үйінде оқиға жалғасады. Шеруге шыққан Қайсар мен Ақмарал офицерлерден қашу үшін, жасырынатын жер іздеп, есігі ашық тұрған Баймырзаның үйіне кіріп кетіп, ары қарай оқиға басты кейіпкерлердің бір-бірімен әңгімелесуімен, офицерлер тексерген жағдайда, Баймырза жастарды жиенім деп таныстыруды ойлайды. Драмадағы Тимур шақырылмаған қонақ және сол офицерлерге Қайсарды ұстап береді. Ал Ақмаралдың аяғы ауыр еді, және шығарманың соңында жас сәби өмірге келеді. Шығармадан біз Тимур секілді адамдардың желтоқсан оқиғасы кезіндеде сатқындық жасағанын, өз қарабасы мен атағы үшін кеңес үкіметіне берілгенін оқып отырған оқырманда түсінген шығар деп ойлаймын. Ал бұл жердегі «сәби» - ол болашақ жастар, біздер, яғни біздің де осы жаңа туылған нәресте жаңа күннің бастауы, жеңістің атқан таңы еді. Шығармадан біз жастардың желтоқсан оқиғасын бірі көру үшін барса, бірі інісін іздеп барғанын және сол жердегі жастар «Қазақ еліне қазақты түсінетін басшы керек!», «Әр елді өзі билесін!» деген ұрандарды естіп, рухтанған жастарды көріп, өздерін қалай әп-сәтте  желтоқсаншылармен бірге деп офицерлердің қуғанын түсінбей қалғанын байқаймыз. Бұл тек шығармадағы Қайсар мен Ақмаралдың ғана басынан өткен оқиға емес, алаңға шыққан барлық жастардың жазықсыздан жазықсыз дінсіздер, қылмыскерлер, экстремистік ұйымдар деп неше түрлі жала жапқанын байқаймыз. 

Нұржан Қуантайұлының «Қараөзек» романы үш бөлімнен тұрады. Басты кейіпкер Хақназардың жазықсыздан-жазықсыз ереуілшілерді қарауға қызығып барған жерінен офицерлер ұстап, өтірік қолдан куәгерлер жасап Хақназарды жеті жол түрмеге қамайды. Бір үйдің жалғыз баласы басына түскен сынақты жеңіп, түрмеден шыққан кейін оқуын жалғастырсада, өзіміздің төл теңгеміз болып, қаржылық қиындыққа ұшырайды. Тоқсеншы жылдардың басында Алматыда барахолка қызып тұрған шақта, саудамен айналысып, ақыр соңында бандылардың қолынан қаза табады. Хақназар түрмеге түспес бұрын өзінің қасындағы жолдастары сатпайтынын, орыс үкіметінің дәлелдерді қолдан жасау үшін аяусыз соққыға жығып, қоқаң-лоққы көрсеткенін, ақыр соңында сүйген қызыда өзіңе адал емес екенін Хақназар тағдырына жазылғанын білмеді де ғой.

Желтоқсанның ащы шындығы туралы айтылмаған қаншама деректер мен кейіпкерлер бар дейсіз. Мен айтпаған қаншама кітаптар мен мақалалар баршылық. Бірақ, жастар желтоқсан оқиғасын тек тарихтың бетін ғана оқып қоймай, әдебиетте қалай жазылғанын, тіпті өмірде әліде бар желтоқсан шеруін көзімен көрген, бүгінгінің батыларын білсе деген ниет қана. Менің айтпағым, желтоқсан оқиғасы туралы айтудан неге қорқамыз? Тіпті желтоқсанға қатысқан адамдардың өздері әлі сол кездегі оқиғадан кейін ауыршаң болып, зардабын тартып жүрсе де, олар біздің қаһармандар. Тіпті әлі күнге дейін олар сол оқиғаға қатысқаны, тіпті куәгері болғанын айтқысы келмейтін адамдар бар. Олар қашанғы жасырынбақ? Меніңше олар тірі кезде деректі фильмдер түсіріп, оларға арнап кітап жазсада артық етпес...

Пікірлер