ФСБ Украина үшін соғысуға бара жатыр деген күдікпен ресейлікті тұтқындады

2182
Adyrna.kz Telegram

Ресейдің федералды қауіпсіздік қызметі Сахалин аймағындағы шекараны кесіп өтпек болған ресейлік тұрғынды тұтқындады. Оған Украина мүддесі жолында ұрысқа аттанып, "мемлекетке сатқындық жасады" деген айып тағылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Аймақтағы шекара қызметі мамандарының хабарлауынша, Сахалиндегі шекарадан өтпек болған ресейлік азамат "мемлекетке сатқындық"  жасауға бекінген.  Тергеу барысында Ресей тұрғынының Украина жағына шығып, басқыншыларға қарсы соғысқа аттануды мақсат еткені хабарланады.

"Ресей Федерациясының Сахалин облысы бойынша шекара қызметкерлері УФСБ-мен бірлесе отырып Украина аумағына өтпек болған азаматты ұстады. Ол Ресей Федерациясы қарулы күштеріне қарсы соғыс қимылдарына қатысу үшін украин әскерінің қатарына қосылғысы келген", — деп хабарлайды ФСБ.

Сонымен қатар, шекара қызметі "отанына опасыздық жасауға" оқталған ресейліктің транзит әдісімен үшінші бір елге шығып, Украина топырағына тұяқ іліктірмек болғанын мәлімдеді. Оны тұтқындау барысын баяндайтын видеода ұшақ талонының болғаны да көрсетіледі.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер