Cанкция құрсауындағы Ираннан келген Қазақстан премьері АҚШ елшісімен кездесті

1861
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан үкіметінің басшысы Әлихан Смаилов пен АҚШ Елшісі Дэниел Розенблюм кездесті. Олар Қазақстан мен АҚШ арасындағы серіктестік жайын талқылады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Кездесу барысында премьер-министр Әлихан Смаилов Қазақстанның АҚШ-ты қос тарапты ғана емес,  көпбағытты салада серіктес санайтындығын атап өтті.

Сонымен қатар, Қазақстан аумағында бүгіні 900-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейтіндігін хабарлады. Қос ел арасындағы тауар айналымы өткен жылы, шамамен, 40%-ға өсіп, 3,1 миллиард долларға жеткенін айтты. Ал америкалық инвестициялар ағыны 2 есеге артып, 5,1 миллиард доллардан асқанын мәлімдеді.

Смаиловтың хабарлауынша, Қазақстан сауда көлемін ұлғайтудың мол мүмкіндігін ескеріп отыр. Алдағы уақытта 90 тауар тармағы бойынша сауда қарқынын еселеп,  экспортты 800 млн. долларға дейін арттыруға дайын.

"Бұрынғыдай біз кең ауқымды өзара іс-қимылдың ретін тауып, Америка құрама штаттарымен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және нығайтуға дайынбыз", - деді Әлихан Смайылов.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан екі күн бұрын  Тегеран қаласында Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов Иран Ислам Республикасының президенті Ибрахим Раисимен кездескен еді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер