Атаулы күн алдында. Президент, Назарбаев атындағы кеңестен оның есімін алып тастауды мақұлдады

1673
Adyrna.kz Telegram

Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты жаңа заңға қол қойды. Заңда Назарбаевты өз атындағы құрылымдардың қамқоршылық кеңесінің басшысы мәртебесінен айыру қарастырылған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Бұған қатысты Ақорданың баспасөз қызметі сейсенбіде:

"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріндегі кәсіби біліктілік, мемлекеттік наградалар, әлеуметтік қамсыздандыру және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", - деп хабарлады.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Кәсіби біліктілік туралы" заңға қол қойды.

Бұған дейін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп Назарбаевтың өкілетін шектеудің бірқатар бағыттары жайлы сөз еткен еді. Депутат "Назарбаев Университеті", "Назарбаев Зияткерлік мектептері" және "Назарбаев Қоры" мәртебесі туралы Заңға өзгерістер енгізілетіндігін айтқан. Сонымен қатар, дербес білім беру ұйымдарындағы жоғары кеңес қамқоршыларын айқындауға қатысты бірқатар түзетулер болатынын хабарлаған.

Тоқаев аталмыш өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заңға қол қойды. Нәтижесінде, Назарбаев өз атымен аталған дербес білім беру ұйымдарынан шеттеп, Жоғары қамқоршылық кеңесінің басшысы мәртебесінен айырылады.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1940 жылдың 6 шілдесінде дүниеге келген. Кезіндегі "елбасы" екі күннен кейін өзінің 83-жасын тойлайды.

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер