Ерлан Қарин Кенесары ханның Құранын мүфтиятқа табыстады

1874
Adyrna.kz Telegram

Кенесары Қасымұлының Құраны елге қайтарылып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі қолынан ҚМДБ басшысына табысталды, деп жазады "Адырна". 

Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтай отырысында Кенесары ханның Құраны табылып, оның Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасына табысталатынын атап өткен болатын.

Бүгін Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мүфтиятқа барып, Кенесары ханның Құранын табыстады.

Бұл туралы Ерлан Қарин өзінің Facebook парақшасындағы жазбасында бөлісті.

"Құранның түпнұсқа қолжазбасы қатты шығыстық мұқабамен түптелген. Оның көлемі 16х23 см, кітап ақшыл-сары түсті 744 беттен тұрады, әрбір бетке 12 жолдан түскен. Көркем безендірілген парақтардың басы, ортасы және соңы қолмен жазылған. Сондай-ақ, парақтар алтын, көк, жасыл және қызыл түсті өсімдік суреттерімен әдіптелген. Ал әр жолдың арасы алтын жалатылған сынаппен көмкерілген" деп жазды Ерлан Қарин өз жазбасында.

Құран қолжазбасының ортасында қазақ тілінде «Қазақ ханы Кенесары. Оған Алланың көмегі болсын. Аллаға үміт артқан (Аллаға қайтатын) кедей құлдың дұғасымен. Мулла Марал ибн Құрбан баба...» деген жазу мен Ишанның мөрі бары және қасына Хан Кененің де мөрі басылғаны айтылды.

Хан Кененің қолы тиген Қасиетті Құранды бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлына табысталды.

"Құранның бұл нұсқасы қазақ халқының тарихи жәдігері екені сөзсіз. Сондай-ақ оның тарихи және музейлік құндылығы өте жоғары. Бүгін Президенттің тапсырмасы бойынша Кенесары ханның Құраны Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасына табысталды. Солайша, Киелі кітап құтты орына қайта оралды" деп қосты ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин.

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер