Тұлғаланған кандидат тұлғаланбаған президентті алмастыра ма?

5226
Adyrna.kz Telegram

Орталық Азиядағы биылғы президент сайлауының кезегі Өзбекстанға тиді. Іс басындағы президент пен бас кандидаттың айырмасы неде?

Өзбекстанда 9 шілде – президенттің кезектен тыс сайлауына арналған күн. Ал 24 шілдеде қазіргі президент және бас кандидат Шавкат Мирзиеев 65 жасқа толмақшы. Шамасы, жаңа президентті ұлықтау рәсімі де сол қарсаңда өтіп қалар. Орталық Азия елдерінде сайлаудың екінші турға жалғасуы – болмаған жайт.

БІР МҮШЕЛДІК ПРЕМЬЕР

Орталық Азияда соңғы жылдары тенденциялар өзгерісі байқалғанымен, оның бәрі бастапқы нүктесіне қайтып оралып жатқан сияқты. Аймақта қазір совет кезінен келе жатқан басшы қалмағанымен, іс басындағылардың дені сол коммунистік,комсомолдық мектептің түлектері. Бірі сол кезде шаруашылық басқарған, бірі дипломатиялық қызметте болған, бірі облыс басшылығын атқарып, енді бірі депутат болған. Президенттің бағланы Түркіменстан басшысы 41 жастағы Сардар Бердімұхаметов болса, жоғары білімді Ресейден алған. Орталық Азияда ең құрығанда Кавказдағыдай батыстан білім алған басшы жоқ.

Сайлауға кандидат ретінде түскен, 3 аптадан кейін 65-ке толатын Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің де совет жылдары, немесе тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көзге түскен жері жоқ. Тек оның бірінші президент Ислам Каримовтың тұсында 13 жыл, бір мүшелден аса табан аудармай премьер-министр қызметінде болуы ғана назарға ілігеді. Онда да оның ерекше бір ұтқырлығы байқалған емес. Бар болғаны Каримов командасындағы бас жандайшап шенеунік болған.

80 ПАЙЫЗДЫҚ ПРЕЗИДЕНТ

2016 жылы бірінші президенті Ислам Каримовтың жерлеу ісінде Мирзиеев табыттың басы-қасында жүрді. Жерлеу комиссиясын басқарды. Советтен келе жатқан үрдіс – басшысының жерлеу комиссиясын басқарған қосшы кейін басшы болады деген түсінік бұл жолы да өзін ақтады. Мирзеев жай келе салған жоқ, ебін тауып Ата заңды айналып өте салды. Конституция бойынша президент өлімге ұшыраса, немесе қызметін атқара алмай қалса, билік сенат төрағасына көшу керек болатын. Негізінен қазіргі мемлекеттердің денінде солай.

Ал Өзбекстанның сол кездегі сенат төрағасы Нигматилла Юлдашевтің президент қызметін атқарудан бас тартқаны айтылып, билік Мирзеевтің қолына көшті. 2016 жылғы желтоқсандағы алғашқы сайлауында Мирзиеев 88 пайыздан астам дауыс жинады. Сол сайлауға барлығы 4 кандидат қатысқан.

Содан беріде Өзбекстанда бас кандидат қатысқан үшінші сайлау өтіп жатыр. 2021 жылы ғана сайлау (барлығы 5 кандидат) өткізген Мирзиеевтің әлі де сол мерзімін аяқтауға уақыты бар еді. Алайда биылғы конституциялық реформа нәтижесі оның бұрынғы президенттігін жоққа шығарды да, жаңа сайлау өткізу керек болып қалды. Сол негізде тағы да кезекші кандидаттардың қосарлануымен Өзбекстанда мерзімінен бұрын президент сайлауы өтіп жатыр.

КАРИМОВ ПЕН МИРЗИЕЕВТІҢ ҚАРА ТАҢБАСЫ

Мирзиеев бұл жолы өзіне басқа 3 үш претендпен бас сынап отыр. Ал сайлауда жеңетініне ол сенімді, көңілі тоқ. Сенімділігі соншалықты – қоғамға да, халықаралық қауымдастық үшін де ол өзі шүбасыз жеңетін орта қалыптастырып берді. Сондықтан бұл сайлау да формалды түрде өтетін науқан.

Алайда бұл Мирзиеевті Мирзиеевпен алмастыратын сайлау екенін ұмытпаған жөн.

Өйткені 2016 жылы Ислам Каримов қайтыс болғанннан бері Мирзиеев Негізгі заңға өзіне жағатын өзшгертулерді енгізіп, өз білген жолына бет алды. Каримовтың тұсында да Конституцияның жыртық-тесігі көп еді. Негізгі заңның ескі редакциясының өзі бір адамның қайта-қайта сайлануына жол бермесе де, Каримов оны белден басып, заңсыз президент болып келген. Оның усойқылығы сонда – өзінің құзіретін арттыру үшін Ата заңға өзгертулер енгізуді де қажет деп танымаған.

Каримовтың тұсындағы исламдық қозғалыс әрекетінің басталуы, Өзбекстандағы жарылыс оқиғалары, соңы Андижан оқиғасы – бәрі күшпен басып, жанышталып Каримов дәуірінің қара таңбасы болып қалды.

Мұндай қара таңба Мирзиеевтің еңбеккүніне де басылып үлгерді. Былтырғы Нөкіс оқиғасының шындығы қашан айтылары әлі белгісіз. Ресми түрде 20-дан аса адам қаза тапты делінгенімен, бейресми деректер басқаша айтады. Нөкістегі қантөгіс те бір адамның жеке-дара билігін қамтамасыз етпек болған Конституцияны өзгерту әрекетінен туындаған еді. Былтырға жоспарланып, бірақ Нөкіс оқиғасынан кейін биылға шегерілген конституциялық реформаның бір бөлігінде Қарақалпақстаның қазіргі мәртебесін өзгерту көзделген еді. Алайда қарақалпақтардың жаппай наразылығы мәртебенің өзгеруіне жол бермеді. Нөкіс оқиғасы бұрқ ете қалған кезде қайта-қайта Қарақалпақстанға барған Мирзиеев сасқанынан оны өзгертпеуге сөз берген. Бұл саясаткердің ерік-жігерін емес, керісінше, әлсіздігін көрсеткен уәде болды. Өйткені ол проблеманың себебін ашу емес, салдарын жою бағытында жұмыс істеді.

Ал конституциялық реформаның түпкі көздегені – бір адам 7 жылдан 2 кезеңге президент сайланатындай мүмкіндікке қол жеткізу болатын. Ол бір адам Мирзиеевтан басқа ешкім емес еді.

БҰРЫНҒЫ МИРЗИЕЕВ ПЕН БҮГІНГІ МИРЗИЕЕВ

Мирзиеев 2016 жылы алғаш билікке келген өзін көп-көрім тәуір саясаткер ретінде көрсетуге тырысқан. Каримов дәуіріндегі жағымсыз әрекеттерге тойтарыс беріп, өзін жаңашылдық қырынан танытуға қадам басқан. «Жаңа Өзбекстан» ұраны айтылып, оған елі ішінде «Жаңа Өзбекстанның архитекторы» деген мадақ айту басталды. Басқару тәсілін өзгертіп қана қоймай, сыртқы саясатта да көршілермен татулыққа бастаған.

Мирзиеев билікке келгенде Өзбекстан бұрын қырбай болып келген Орталық Азияның кейбір елдерімен тең қатынас орнатуға шешім қабылдап, сыртқы саясатқа соны басымдық ретінде бекітті. Аймақ елдерімен ымырашылдығы бірден қолдауға ие болды. Елдің ішінде де, сыртында да «бәрекелді, батыр» атанған Мирзеев бәрібір Мәскеуге және одан әрі басқа елдерге ағылған еңбек мигранттарын тоқтата алмады. Яғни, елдегі жұмыссыздық және әлеуметтік мәселе шешілмеді деген сөз.

Ал Нөкіс оқиғасына бері Мирзиеевтің саяси бет-әлпеті мен шырайы қайтадан өзгере бастағандай. Ол ашық саясатты қолдайтын басшыдан қайтадан әміршілдік жүйеге қайтып оралғандай әсер қалдырып отыр. Иә, елде Каримов кезіндегідей репрессия тыйылды. Алайда адамдарды аңду аяқталған жоқ. Белгілі бір мөлшерде сөз бостандығы да басталғандай болған. Батыстық БАҚ өкілдері келіп, Ташкентке орныға бастаған.

Алайда мұның бәрі уақытша жылымық сияқты. Өйткені Мирзиеев табиғатынан өзгерісті қалайтын саясаткер емес екенін көрсетіп үлгерді. Оның қазіргі қайта тұлғалануы соған меңзейді.

Сондықтан өз мерейтойы қарсаңындағы сайлауда бір Мирзиеев екінші Мирзиеевті алмастырғаннан ештеңе өзгере қоймас. Қайта аймақта бас Назарбаев кетіп, жас назарбаевтар әміршіл билігін нығайта түсетін сияқты. Өкініштісі сол – олар өздеріне деген сенім мен үмітті бір демде аяқасты етіп, өктем саясатқа жол береді.

 

Жанат Алғадай

 

 

 

Пікірлер