Қазақстанда ер адам мен әйел адамның бедеулігінің пайыздық көрсеткіші тең

1868
Adyrna.kz Telegram

Қазақ әйелі – бар мұратын отбасының игілігіне байлаған, әлемдегі ең ізгі әйел. Бірақ соңғы жылдары қазақ әйелдерінің денсаулығына қатысты дерттері дендеп барады. Әсіресе, бала көтере алмай әр есікті тоздырған және гинекологиялық аурулары меңдеген әйелдерден аяқ алып жүре алмаймыз. «Оған себеп: «әйелдің қырық жаны бар» деген түсінікпен бар ауыртпашылықты артып, күйзеліске түсіргеннен», - дейді мамандар.

Қазақ әйелінің жаны мен тәнінің саулығы туралы «Экомед» клиникасының бөлімше меңгерушісі, акушер-гинеколог, дәрігер-репродуктолог, акушер-гинекологияда 9 жыл, репродуктологияда 7 жыл тәжірибесі бар Әйгерім Ахметова толығырақ айтып берді.

- Осы уақытқа дейін қанша баланың дүниеге келуіне себепкер болдыңыз?

- Акушер-гинеколог ретінде жылына 20 мың баланы дүниеге әкелдік. Ал репродуктологияға келгенде 2-3 мың бала өмірге келді.

- Әйелдер қауымын толғандырып жүрген сауалдардан бастасақ: Труба байлау қауіпті ме?

- Қауіпті емес. Трубаны қай кезде байлайды? Әйел адамның ағзасына бала туу зиян болып, өлімге әкелетіндей қауіп төнсе, труба байланады. Немесе труба алынып тасталады. Егер трубада су жиналса, қабыну процесстері жиі қайталанса, болашақ баланың денсаулығына айтарлық зиянын тигізеді. Немесе әйел мүлде жүкті бола алмауы мүмкін. Жалпы, трубаны алып тастау немесе байлап тастау – әйел адамның ағзасына үлкен қаупі жоқ.

- Егер ер адамда спермограмма 0 болса, балалы болуға үміт бар ма?

- Әрине, бар. Ер азаматтың бедеулігі екіге бөлінеді. Туа пайда болған және жүре пайда болған. Туа пайда болған белсіздік - ер-азаматтың ата-бабасынан берілген хромосомдық тұқым қуалайтын ауруы бар белсіздік. Немесе генетикалық ауру. Яғни бала анасының құрсағында дұрыс дамымай, нәтижесінде белсіздік ауруымен дүниеге келеді. Біз бұндай жағдайда 97-98 % көмектесе алмаймыз. Ал жүре пайда болған жағдайда көмектесе аламыз деп нық сеніммен айта аламын. Бала жасөспірім шақта бір-бірімен жиі төбелеседі. Сол кезде ер балалар бір-бірін аямай жанды жерлерінен тебеді. Тепкен кезде ішкі жағдайдағы қабыну процессі немесе гематома пайда болады. Жас балалар 12-13 жаста оны байқай алады. Бірақ ата-анасына айтуға ұялады. Ол уақыт өте келе өзінен өзі жазылады. Бірақ аталық безінен шығатын өзекшелердің жабысуына алып келеді. Ол жабысқан кезде аталық ұрық бері қарай шықпайды. Яғни простатаға айналады. Жыныстық қатынас кезінде сұйықтық пайда болады, бірақ сперматозоидтар сыртқа шықпайды. Бұндай жағдайда біз аталық безінен биопсия алу арқылы әйеліне ұрықтарды салып, бала сүйгізе аламыз.

- Эко арқылы дейсіз ғой?

- Бұл жерде тек эко арқылы мүмкіндік бар. Себебі ұрықтардың сапасы өте төмен болады.

- Қазір екінің бірінің жыныстық жолында қабыну процесстері жүріп жатады. Қабынуды ұзақ уақыт емдемесе, арты неге әкелуі мүмкін?

- Қабыну – дұрыс киінбеуден пайда болады. Аяқтан, белден суық өтеді. Одан бөлек, дұрыс тамақтанбау, дұрыс ұйықтамаудың да салдары өте ауыр. Мысалы, ер азаматтар тек түнгі ұйқыда толық қалпына келеді. Олар үшін түнгі ұйқы өте маңызды. Сондықтан әлеуметтік желіге түнімен үңілмей, түнгі 10-11-де жатып, 6-7-де тұру керек. Себебі ұйқы болмаса, ұрық сапасы төмендейді. Ал әйелде мүлдем керісінше. Әйел адам баласы үшін түн ұйқысын төрт бөлетіндіктен, тез қалпына келеді. Құдай солай жаратқан. Суық тию, қабыну процесстерін ұзақ уақыт емдемеу бедеулікке алып келеді. Себебі қабыну процестерінің барлығы жатыр трубасына байланған. Жатыр трубасы деп қатты естілгенімен, сантехниктердің жуып-қоя салатын қатты заты емес. Ол – өте нәзік. Бірқабатты бұлшық етпен, эпителийден тұрады. Қаламсаптың стерженінің жуандығындай ғана. Ол егер қайта-қайта қабына берсе, бір-біріне жабысып қалады. Ал жабысқан трубамен бала көтеру – мүмкін емес. Сондықтан қабыну процесстерінің барлығы белсіздікке, бедеулікке әкеледі.

- Көп әйелде эрозияны күйдіргеннен кейін бала көтеру мүмкін емес деген түсінік қалыптасқан. Бұл дұрыс түсінік пе?

- Эрозияны күйдіруден бұрын дұрыс анықтау керек. Қазір эрозияны дұрыс анықтамағанның себебінен үлкен дау-дамайлар туындап жатады. Себебі эрозия дегеніміз – жара. Кейде әйелдерде эктопия деген ауру түрі кездесіп жатады. Ондай жағдайда мүлдем күйдірмеу керек. Эрозияны күйдіргеннен кейін бала көтере алмай қалады деген қате пікір. Бұл тіпті статистикада жоқ. Себебі жараның бетін ғана күйдіреді. Кейіннен ол жерде жара қалмайды. Ал егер оны күйдіріп, бұлшық етіне дейін пісіріп жіберсе, онда жатыр мойнының өзекшесі бітеліп қалуы мүмкін.

- Дисплазиядан қалай емделуге болады?

- Дисплазияның 3 түрі болады. Жеңіл түрі, орташа түрі және ауыр түрі. Дисплазия деген – жатыр мойын тіндерінің өзгеріске ұшырауы. Егер дер кезінде көмектеспесе, обыр ауруына әкелуі мүмкін. Бұны көбіне онкогинекологтар емдейді. Ауыр түрінде жатыр мойнын кесіп, сол жерін тігіп, орнына келтіреді. Жеңіл және орташа түрінде дәрі-дәрмекпен емдеп, балалы болуға мүмкіндік бар.

- Дисплазияның ауыр түрін емдеген кезде балалы болуға мүмкіндік бар ма?

- Әрине.

- Кейде әйелдерден естіп қаламыз, әйелі жүкті кезде күйеуі токсикоз болады. Бұл ненің әсерінен?

- Бұл – екі адамның бір-біріне психологиялық жанашырлығы. Тәжірибемде мынандай жағдай болған: Әйел адам эко арқылы бала көтереді. Бала құрсақта жақсы дамып келе жатады. Бірақ токсикозы өте қатты болады. Токсикоз салдарынан дәріні уақытша тоқтата тұрамыз. Нәтижесінде бала түсіп қалады. Дәл солай 4 рет эко арқылы салған баласы түсіп қалады. Себебі дәрі қабылданбаса, бала ары қарай дамымай қалады. Біз ол кісінің токсикозына қатысты барлық жерін емдеп шығамыз. Асқазанын да емдеттік, терапевттер де ем-шараларын жүргізді, санаторийде де жатты. Әйел бесінші рет жүкті болғанда дәрі ішеді. Cол кезде дәріні ішіп жатып, суын лықылдатып қайтадан сыртқа шығарғанда дәрі кетіп қалады екен деп қайтадан дәріні ішке жұтып жібереді. Бұндай жағдайды көріп, күйеуі жылап жіберген кездер болған. Яғни, бала үшін ана барлығына дайын. Сол сияқты жаны бар адам әйелі қиналғанда бірге қиналады деп ойлаймын.

- Эко қандай жағдайда сәтсіз болады?

- Эконың сәтсіз болуы әйелге және эмбрионға, әйел адамның жас ерекшелігіне, әйел адамның қосымша экстрогениталдық патологияларына, әйел адамның жатырына, жатырының қандай да бір ауруының бар-жоғына, жатыр ішіндегі сүйел секілді етінің пайда болуына байланысты. Осы секілді себептер өте көп. Тіпті баланың жататын жерінің өзгеруіне, трубадағы судың бар-жоғына, әйел адамның психологиялық жағдайына да тікелей қатысы бар. Менде мынандай жағдай болған. Әр әйелдің өзіне ғана тиелісі жүрегінің түбінде арманы, қалауы болуы керек. Мысалы, менде 1 пациент болды. 7 жыл бала көтермеген. Енді эмбрионды дайындап, саламын десем, қалай саласыз,-деп үрке қарайды. Біз жылап-сықтап, дайындалдық емесп е десем, сөйтсем өзі психологиялық тұрғыда дайын емес екен. Оған қоршаған ортасы әсер еткен. Ата-анасы, ата-енесі, күйеуі, қайын әпкелері дегендей. Содан 1 жылдан кейін дайын болып, эко жасатып, ана атанды. Және үйдегі ауа-райына да байланысты. Ол баланы отбасы қаншалықты күтіп отыр? Әйелдер кейде күйеуін сақтап қалу үшін, біреуге бірдеңе дәлелдегісі келіп дегендей себептермен балалы болғысы келеді. Бірақ жан жүрегімен қалау жоқ. Махаббат, сыйластық жоқ. Кейде эмбрион салып беремін, бірақ үйінде де, жұмысында да күйзеліске түседі. Әбден біттім дегенде бізге келіп, демалады. Ондай жағдайда эконың сәтсіз болу мүмкіншілігі жоғары. Қайткенмен де, жан беретін де, жан алатын да Жаратқан! Сондықтан да «әр бала уақытымен келеді» деген ұғымға жаныммен сенемін.

- Кейбір әйелдер: «6 рет эко жасаттым. Одан кейін үмітімді үздім» деп жатады. Сіздің ше, балалы болу үшін неше ретке дейін қадам жасаған дұрыс?

- Қаншалықты қаражатыңыз жетеді және денсаулығыңыз көтереді, сонша рет жасатқан дұрыс. Әлемде антирекорд бар. Израильде 136 рет эко жасатып, 137-де жүкті болған. Дәрігер мен әйелдің төзімділігі мықты екен. Біздің клиникада да әйелдер әбден балалы болып кеткенше туысқанға айналып кетеміз. Олай дегенім, дәрігер де ет пен сүйектен жаралған адам. Кейде аналарға жаман жаңалық айтуға тура келетін жағдайлар болады. Бұл – өте ауыр. Олардың алдында жыламасам да өте бір үлкен күйзеліске ұшырайтын кездерім көп. Өйткені мен балалы болатынына сеніп, эмбрион салғаннан кейін болмай жатса, Жаратушыдан «неге?» деп сұрайтынмын. Тіпті мейірбикелер маған кейде күліп отырады. Қадір түнінде бүкіл әйелдердің тізімін құрып, соларды бір-бірден Құдайдан сұраушы едім. Өйткені алдыма жылап келген қаншама тағдырды қуантқым келеді. Дәл сол секілді әйелдерде күйзеліске түседі. Әйелдер менен екі есе қиын жағдайды бастан кешеді. Сондықтан, туылатын бала туылады. XXI ғасырда балалы болуға мүмкіндік бар. Егер трубаларыңыздың өткізгіштігі жоқ болса, эко бар. Егер жасушаларыңыз жоқ болса, донорлық жасуша бар. Егер де ер азаматтың ұрығы болмаса, донорлық ұрық бар. Егер де жатырыңыз болмаса, суррогаттық ана бар. Егер де осының барлығы көмектеспесе, тастанды баланы бағып-қақсаңыз, «ана» деп атайтын балаңыз болады. Сондықтан да бақытты да, балалы болу да өз қолыңыз да!

- Өте дұрыс айттыңыз! Экомед клиникасында бір эконың құны қанша?

- Бағасы әртүрлі болады. Себебі аналық жасушаның қаншасы өсіп жатыр, жаңа технологиялардың қаншауын қосып-алып жатырмыз, соған байланысты болмақ. Стандартты түрде 1 200 000 - 1 300 000 тг. Кейде әйелдер қымбатсынып жатады. Бірақ бізде эко жасау барысында жоғарғы технологиялар қолданылады. Әрі кеткенде иненің өзін Жапониядан алдырамыз. Эмбрионның жататын чашкаларын да Жапониядан жеткізеді. Себебі олар өте жақсы сапада. Бұл балалар – Қазақстанның болашағы болғандықтан, денсаулығына зиян тигізіп алмаудың барлық амалын қарастырамыз.

- Клиникаңызда бір рет эко жасатып, ол сәтсіз болған жағдайда құнын түсіруге мүмкіндік бар ма?

- Біз әуел бастан 4-5 эмбрион алып, қатырып қоямыз. Егер эко сәтсіз болса, екінші рет 230-250 мыңға салып береміз. Егер ол әйел бірнеше мәрте жасаған болса, біз қолұшымызды бермей қоймаймыз. Бағасын түсіріп береміз. Салтанат Берденовна осы клиниканы ашқанына 28 жыл болды. 28 жылда бір адамның кеудесінен қаққан емеспіз. Кейде Салтанат ханым тегін де жасатып жатады.

- Аяғы ауыр әйелдерде ақ бөлініс шамадан тыс көп келіп әрі іртікпелі (творожный) түрде болып жатады. Кейде қышуы да мүмкін. Бұндай кезде не істеу керек?

- Диета сақтау қажет. Творожный дегеніміз – дрожа. Яғни тәтті немесе ұннан жасалған тағамдарды көп жесе, солай болады. Егер әйел адамда көп бөлініс болса, қалыпты жағдайға жатқызуға болады. Бірақ иісі болмаса болды. Бұндай жағдайда мазок тапсырады. Және жүкті әйелдерде ғана берілетін свечаларды салып, емделуге болады.

- Әйелде овуляция болмаған жағдайда балалы бола ала ма?

- Репродуктолог дәрігерге келеді. Овуляция жасап береді. Шешілетін мәселе.

-  Әйел адамның етеккірі басталмас бұрын қап-қара қою қан келуі ненің белгісі?

- Ол «эндометриоз» деп аталады. Ол 21 ғасырдағы 60-70 % әйелде кездесіп жатады. Ол жатыр ішкі қабатының бұлшық ет қабатына немесе трубаға да, аналық безге де өтуі. Нәтижесінде эндометрлі кисталар пайда болады. Ол негізі әртүрлі жағдайға байланысты. Босанғаннан кейін немесе кесір тілігінен кейін дегендей. Егер босанған кезде әйел дұрыс әрекет етпесе, осындай жағдайға тап болады. Жалпы, себептері көп. Емделмесе, бедеулікке, жамбастың ылғи да ауырсынып тұруына әкеледі. Ол адамның өмір сапасын төмендетеді.

- Ана құрсағындағы баланың жүрегінің тоқтап қалуы (замершая беременность) туралы айтыңызшы.

- Бұрындары бұл дертке 35 жастан кейінгі әйел көп шалдығатын. Қазір 18 жастағы жастар да жоқ емес. Оның бірнеше себебі бар. Ол көбіне әйел адамның қаны шамадан тыс қоюланғаннан болады. Эмбрион жатырға түскенде қылтамырлармен қоректенеді. Егер қан ұйып қалған болса, қылтамырлардың бәрін жауып тастайды. Нәтижесінде бала қорексіз қалады. Бұл – емделеді, алдын алуға болады. Екіншісі, эмбрион өсіп жатқан кезде генетикалық немесе хромосомдық ауруы болса, ол да «замершая беременностке» алып келеді. Үшіншісі, жатырдың дұрыс болмауы, ағзада созылмалы аурулардың болуы. Төртіншісі, трубада сулар тамшылап тұрса, эмбрионның дамуын тоқтатады. Себептерін білсек, алдын алу қиын емес.

- Генетикалық аурудан сақтану үшін не істеу керек?

- Эко жасатқанда ПГД әдісін қолдану керек. Яғни хромосомдарын бірден тексеру керек. Табиғи жолмен жоспарлайтындар ішімдік ішпеу керек, темекіні қою керек, дәрумендерді толықтыру керек, дұрыс тамақтану керек, герпес вирустарын емдеу керек. Яғни бір сөзбен айтқанда, бала жоспарлануы керек. Біздің Қазақстанда «қажет болған, бірақ жоспарланбаған бала» деген бар. «Көтеріп қойыппын» деген әңгіме болмау керек.

- Қазір ЗПР, ДЦП диагнозымен дүниеге келетін бала өте көп. Бұл аурудың алдын алу үшін қайткен жөн?

- Мен акушер-гинеколог болған соң бұл аурулардың қайдан пайда болатынын жақсы білемін. Бала іште жатқанда су аз болса, апталық қосып жатқан салмағы аз болса, немесе туылып жатқан кезде туылу процессінде асқыныстар болса болады. Бұны алдын алу үшін әйел адам баланы дұрыс босану керек. Арнайы курстарға бару керек. Айтқанды тыңдап, күшен дегенде күшену керек.

- Қазақстанда ер адамдар әйелінің ұл тумағанына ренжіп, тіпті ажырасып жатады. Жалпы, ұл не қыз туылуы кімге байланысты?

- Баланың жынысы тек қана ер адамға байланысты. Бұл енді оқу-ағартудың дұрыс болмағанынан және сауаттың төмендігінен. Бір бала дүниеге келу үшін әйел адамда бір ғана аналық жасуша пісіп жетіледі, жыныстық қатынасқа түскенде 50 миллионнан астам ұрық шығарады. Соның ішінен қайсысы қыз, қайсысы ұл екенін ешкім білмейді. Қайсысы тез жетеді, қайсысының дені сау, сол құрсаққа бітеді.

- Жақында екі жас үйленбес бұрын медициналық тексерістен өтеді деген заң қабылданады деген жаңалықтар шықты. Бұл заң ұрпақ саулығын арттыра ма?

- Бұл мәселенің екі жағы бар. Әрине, бірінші жағынан алдын ала тексеріліп, жетіспейтін дәрумендерді біліп, ем қабылдап, болашақ ұрпақтың саулығы үшін әрекет еткен жөн. Алайда, екінші жағынан, адам құқығын аяқ ету. Егер екі жастың бірінен инфекцияның немесе басқа бір аурудың белгісі анықталса, және екі жұптың бірі тастап кеткен жағдайда қиын болуы мүмкін. Бұл демографияның төмендеуіне де әкелуі ықтимал деген қауіп бар. Тіпті кейін кастаға да бөлініп кетуі мүмкін. Дені сау адамдар, ауру адамдар дегендей. Сонда ауру адамдар отбасы бақытын сезініп, бала сүймеу керек пе?

- Қазақстандағы ер адамның және әйел адам бедеулігінің пайыздық көрсеткіші қанша?

- Тең, 40/40%. Ер азаматтардың бедеулігі әйел адамның бедеулігінен аз емес. Эко жасату барысында ер адамның бедеулігі тіпті 50 %-дан да асып жатады.

- Сізге ер адамдар өз бетімен бедеулігін емделуге келе ме?

- Өздері түсініп келетін ерлер аз. Әйелі сүйреп, әке-көкелеп келетіндері  көп. Кейбіреулері бір әйел алады, болмайды, екінші рет тағы алады, тағы болмайды. Ақырында күйреп, кінәрат өзінен екенін амалсыз мойындап, сынып келеді.

- Ал енді тұрмыс құрмаған қыздардың мәселесіне ойысайық. Тұрмысқа шықпаған, жыныстық қатынасқа түспеген қыздардың жатырында миома, обыр секілді аурулар болуы мүмкін бе?

- Тумаған әйелге қарағанда мүмкіндігі жоғары. Себебі табиғат заңдылығына сәйкес, әйел адам репродуктивті жүйесін жұмыс істетуі шарт. Егер жасы жетіп, балалы болмай жатса, гормондардың әсерінен түрлі ауруларға ұшырау мүмкіндігі жоғарылайды. Бұл – әлемдік статистикада бар дүние. Эндокринолог ұстазым: «Әлемді гормондар билейді» деуші еді. Адамдар әлемді басқармайды, гормондар басқарады. Шынымен қарап отырсам, бір гормоныңыз дұрыс болмаса, сіз не қыз екеніңізді, не ұл екеніңізді түсінбейсіз.

- Сонда қанша жасқа дейін балалы болуға кеңес бересіз?

- Бұрын 25 жасқа дейін балалы болуды құп көрсе, қазір заманға сәйкес, 30 жасқа дейін 1 баланы дүниеге әкелуді ұсынар едім. Егер қыздарға жас кезінде жақсы жолдас кездеспесе, не қызмет, мансап қуып, бала тууға мүмкіндік болмаса, ондай адамдарға аналық жасушасын қатырып қоюға кеңес беремін. Мысалы, қазір 30-35 жастағы әйел болсаңыз, осы жаста аналық жасушаны қатырып қойғаныңыз дұрыс. Кейіннен 38-40 жаста жақсы азамат кездессе, балалы болуды аңсайсыз. Ондай жаста балалы болу өте қиын. Сондай кезде 30 жастағы жас клеткаңыз яғни қатырып қойған аналық жасушаңыз көмекке келеді.

- Қатырылып тұрған аналық жасушаның жарамдылық мерзімі бар ма?

- Қаражатын төлесе, 100 жылға дейін қатып тұра береді.

- Қаншадан төлеу керек?

- Ай сайын 3000 тг.

- Жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың ауыр түрлерін айтсаңыз.

- ВИЧ, сифилис, трихомонада, гепатит в,с, хламидиоз. Қазір вич ауруына шалдығушылар Қазақстанда өте жоғары көрсеткішке ие. Соңғы статистика бойынша вичпен, гепатит в,с қатты өскен. Себебі тек қана жыныстық қатынасқа байланысты емес, гигиенаға да байланысты болуы мүмкін. Мысалы, жас балалар жатақханада бір ұстарамен қырынып жатады. Гигиеналық заттар арзан-құрзан болса да, тек өзінікі болуы керек. Одан бөлек қорғалмаған жыныстық қатынастар өте көп.

- Сонда қорғану арқылы жыныстық аурулардан сақтануға бола ма?

- Болады, бірақ бәрінен емес. Хламидиден біз неге қорқамыз? Ол жатыр түтікшелерінің бітеліп қалуына әкеледі. Жатыр түтігіндегі кірпікшелер бір-біріне жабысса, мүлдем белсіздікке шалдығу көрсеткіші жоғары. Сондықтан жыныстық қатынасқа көрінген көк аттымен түсуді доғару керек.

- Сұхбатқа келіскеніңізге рақмет!

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА

 

Пікірлер