Санкциясыз «санкцияның» сарсаңы. Астана неге Бішкек емес?

1974
Adyrna.kz Telegram

Іргеміздегі Қырғыз елі санкцияға ұшараса, Ресеймен ортақ шекарасы бар Қазақстан аман қала ма? Ел үкіметі санкцияға ұшырамас үшін қандай шара жасап жатыр?

Шетелдік БАҚ-та алпауыт АҚШ кішкентай Қырғызстанға экономикалық санкция салуы мүмкін екендігі хабарланған. Аталған ел ЕАЭО аясында Ресейге тыйым салынған тауарлар мен техникалық өнімдерді, соның ішінде чиптерді жеткізген көрінеді.

Ал Ресеймен тығыз қарым-қатынас ұстанатын Қазақстандағы ахуал қалай? Судың ар жағынан ресми адамдар келіп кеткеннен кейін өзгерістер  болуы мүмкін бе? 

СЕРІКТЕСТЕР ҚҰТҚАРА МА, ӘЛДЕ ҚҰРДЫМҒА ЖІБЕРЕ МЕ?

Шілденің 20-сында Орталық коммуникациялар қызметінде шетелдік инвестицияларды тартуға байланысты баспасөз мәслихаты өтті. Осы жиында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровқа тап осы сұрақты қойдық. Алмас Айдарұлы әу бастағы санкциялар Ресейдің экономикасына тікелей бағытталғанын тілге тиек етті. 

«Енді соңғы пакеттер көбінесе Ресейдің сауда серіктестеріне бағытталған. Қырғызстан расында да АҚШ баяндамасында және жасаған жоспарларында санкцияға ұшырауы мүмкін екені бірнеше рет айтылған. Себебі қырғыздың кейбір компанияларының Ресейге сататын тауарлары тым өсіп кеткені байқалды. Бізде осыған ұшырамас үшін америкалық және еуропалық серіктестерімізбен бірге тығыз жұмыс істеудеміз. Күн сайын біздің елшіліктер арнайы офицерлермен тығыз жұмыс істеуде. Одан басқа Қазақстанға олардың басшыларының сапарлары жасалған болатын. Сапар барысында мемлекеттік органдар мұндай жағдайда қандай методология қолдану керек және заңсыз тауар тасыған компанияларды алдын ала анықтау үшін байланыс орнатылды. Егер де біз бір күнде жасалған компанияларды көретін болсақ, ол компаниялар санкцияланған тауарларды сататын болса, олар бізге хабарын береді. Сол арқылы біз кеден бекетінен бастап банкке дейін компанияның жұмысын анықтап, оның жұмысын тоқтатуға мәжбүр боламыз. Бұл шара не себепті жасалып отыр? Бізде жыл сайын 25 млрд АҚШ долларын құрайтын тауар айналымы бар. Оның бәрі санкцияға қатысты тауар емес, күнделікті сатып жүрген тауарларымыз. Сондықтан осы тауарлар тоқтамас үшін және санкцияға ұшырамас үшін біз АҚШ пен еуропалық серіктестерімізге толықтай ашықпыз. Біз оларға «Егер сіз қауіп төнетін яғни санкцияға ұшырайтын жағдайды көрсеңіз, біз өзіміз ол компаниялардың жұмысын тоқтатамыз» деп айттық», - дейді вице-министр. 

«ҚАЗАҚСТАННАН АЙНАЛЫП ӨТУ ТАБЫСТАН АЖЫРАТАДЫ...»

Ал белгілі экономист Мақсат Халық  Ресейдің көптеген компаниялары санкциядан жалтару үшін Қазақстан арқылы тауарларға арнайы тапсырыс беріп жатқанын ескертті.  Сондықтан да ол еліміздің санкцияға ұшырап қалуы ықтимал дейді. Ал Сыртқы істер министрлігінің санкцияға ұшырмас үшін АҚШ пен Еуропа елдерімен өзара байланысы экономикалық құрсаудан құтқара ма?

«Әрине бұл тәсіл санкциядан аман қалуға ықпал етуі мүмкін. Өйткені бұл қадам біздің үкіметтің санкцияға қатысты шарттарды бұлжытпай орындауға тырысатынын көрсетеді. Яғни, еліміздің тыйым салынған тауарды Ресейге жеткізуге қарсы екенін дәлелдейді. Әрине, бұл мәселе белгілі бір рөл ойнайды. Бірақ та батыстық зерттеу орталықтары тауар айналымының қалай жүріп жатқанын жақсы біліп отыр. Олар біздің кейбір компаниялардың шет елден тауар сатып алып, оны Ресей асырып отырғанын жақсы біледі. Бірақ әңгіме Ресейге қандай тауарлар жеткізіліп жатыр дегенге тікелей байланысты. Егер де ол тауарлар Ресейдің қарулы күштеріне тікелей қатысы болса, онда санкцияның бізге тікелей қатысы бар. Мұндай жағдайда Батыс елдері ештеңеге қарамайды», – дейді ол.

Мұндайда мәселенің екінші қыры бар. «Егер Еуропа елдерінің талабын орындап, Ресейге тауар өткізбей жатсақ, Кремльдің Астанаға ашуы келмей ме?» деген сауалға экономист мынандай уәж айтты.

«Бізге Ресейдің қысымына ұшырау әлдеқайда қауіпті болып отыр. Санкиялар да оңай соқпасы анық. Алайда ол жекелеген компанияларға салынады да, экономикаға орасан зор зиян тигізбейді. Бұл жерде Ресейден келетін қауіп жоғары болады. Себебі көрші ел бізге экономикалық та, әскери де қауіп тудыра алады. Мысалы, қазір кейбір сарапшылар «Біз экономикалық қауіпсіздікті ойласақ, Еуразиялық экономикалық одағынан шығуымыз керек» деп жиі айтып жүр. Бұл, әрине, Ресейге ұнамайды. Сондықтан да олар Қазақстанды айналып өтетін жолды таңдап, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан арқылы Каспий теңізімен тауар тасуға мүдделі болып отыр. Егер бұл жоспар жүзеге асатын болса, біздің елдің біраз табысынан ажырап қалатыны жасырын емес», – дейді ол.

Экономист жауабынан санкциясыз-ақ «санкция» ықпалында қалуға болатынын аңғардық. Ал «батыс майданда өзгеріс жоқ»...

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы




Пікірлер