"Ғажайып" келісімшарт. Қазақстан құрамасының бас бапкері Ресей клубында неғып жүр?

1611
Adyrna.kz Telegram
Фото: astanatv.kz
Фото: astanatv.kz

Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев Ресейдің «Ахмат» (Грозный) клубының бас бапкерлігіне тағайындалды. Бұл қазақстандық футбол ардагерінің шамына тиді,  деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Адиевтің Ресей клубына бапкерлік қылатыны 5 сәуірде белгілі болды.

Арада аз өткенде қазақстандық футбол ардагері Юсуп Шадиев Sports.kz сайтына Магомед Адиевтің ресейлік «Ахмат» командасының бас бапкері қызметіне тағайындалуы туралы пікірімен бөлісті.

«Ахматта» оған өте қиын болады. Команда қауіпті аймақта орналасқан РПЛ-да өте қиын жағдайда тұр. Чемпионаттың аяқталуына көп раундтар қалды және қазір ондағы әрбір матч алтынмен бағаланады. RPL деңгейі өте жақсы, онда көп сапалы ойыншылар бар. Барлық команда ойнауда, тіпті соңғы орында тұрған Сочи де. Меніңше, оған біреуін таңдағаны дұрыс сияқты – не клубта, не Қазақстан құрамасында жұмыс істеу. Осындай жауапкершілік жүгі астында екі майданда жұмыс істеу өте қиын», - дейді ол.

Бұдан алдын «Ахмат» клубының президенті Магомед Даудов телеграм-каналында «Шешен футболының түлегі, ойыншы ретінде ол өзінің туған клубымен Ресей кубогын жеңіп алды және жаттықтырушылық мансабында әр уақытта команданың штаб-пәтерінде болды. Соңғы жылдары біз маманның Қазақстан құрамасының бас бапкері ретіндегі жетістігіне қуандық. Олар Адиевтің басшылығымен тарихындағы ең жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Магомед «Ахматты» басқару ұсынысына қуана келісті. Оның тәжірибесі, кәсіби және адами қасиеттері ұжым алдында тұрған мәселелерді шешуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», -  деп жазған.

4 сәуірде «Ахмат» клубы Мирослав Ромащенко бас бапкер қызметінен кеткенін хабарлады.

Бірақ Адиевтің 2024 жылдың соңына дейін Қазақстан құрамасымен келісімшарты бар. 46 жастағы ресейлік бапкер екі жаққа да бапкерлік жасамақ.

7 сәуір күні Грозныйдың «Ахматы» Ресей чемпионатының 23-ші турындағы мәскеулік «Локомотивтен» 0:2 есебімен жеңіліп қалды. Бұл матч Магомед Адиев "Ахматке" бапкер болып тағайындалғаннан кейінгі алғашқы кездесу болды.

Бапкер Адиев “Ахматтағы” дебюттік матч туралы пікір білдірді.

«Бүгінгі ойында төзе алмадық. Біздің жеңіліске лайық. Қарсылас бізден жоғары, жылдам, ұтқыр болды. Біз өз деңгейімізге жету үшін көп жұмыс істеуіміз керек», - деді ол Match TV арнасында.

Айта кетейік, Магомед Адиев Қазақстан құрамасына 2022 жылдың сәуір айынан бері бапкерлік қылып келеді. ЕВРО-2024 соңғы іріктеу кезеңінде ұлттық құрама Еуропа чемпионатына жолдамаға таласты, алайда шешуші матчта Словениядан ұтылды (1:2).

Пікірлер