"Жусаннан" кейінгі өмір. Елге оралған әйелдердің тұрмысы қандай?

6600
Adyrna.kz Telegram

Жусан иісі. Талай ақын-жазушының шығармасында туған елдің, қасиетті мекеннің құдіреті осы жусан арқылы суреттеледі. Қара жердің топырағында қаптаған жусанның иісін, ащы дәмін қолда барда ешкім түсінбес. Сырт көзге жәй өсімдік болып көрінетін бұл ғаламаттың қадірін тек елден жырақ кеткендер ғана ұғынар. Сөзіміздің дәлелі - "Жусан" операциясы арқылы елге оралып, адасып барып, өз жолын қайта тапқандар болмақ.

"Жусан" операциясы - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен қолға алынып, Отандастарымызды елге қайтарған нәтижелі жұмыстардың бірі болды. 2019 жылдың қаңтарынан 2021 жылдың ақпан айына дейін жүзеге асырылған операцияның құны қымбат! Себебі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметтері бойынша бұл істе 607 адам құтқарылды. Оның ішінде 37 ер адам, 157 әйел, 413 бала болса, оның 34-і елге жетім оралды.

Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін ұзатпаған данагөй халық. "Бауырларға көмектесеміз. Нағыз мұсылмандар еліне аттанамыз!" деп атойлатқан жерлестерімізге көмек беріп, елге қайтару үшін 5 айлық құпия әрі мықты дайындық қажет болды. Елге оралғандардың арасында жесір атанып, күйеуін жоғалтқандар, ата-анасынан айырылып, отбасы бұзылғандар бар. Бүгінде олардың өткені құпия, бүгіні - белгісіз, болашағын болжау мүмкін емес. Қоғамнан көрсетілер шектеулер мен теріс көзқарастар болмайды. Сириядан келгендердің аты-жөні, түр-тұлғасы, тарихы, бәрі-бәрі құпия болып қала береді. "Есің барда еліңді тап" дегендердің қатарында болашағы үшін жұмыс жасап, бақытты өмірге қадам басқандар да жоқ емес. Соның бірі - Мариям (есімі өзгертілген).

Мариям - 2010 жылы өз теңін тауып, 18 жасында тұрмыс құрған. Жолдасы дінге қатты бет бұрғандықтан оған хиджаб киіп, үйде отыруын талап етеді. "Нағыз мұсылман әйел - күйеуіне қарсы шықпай, айтқанын орындап,соңынан жүруі керек" деген қағида қалыптасқан Мариям онымен 2012 жылы Сирияға аттануға да қарсылық танытпай, келісім берген. Алайда ата-анасына күйеуімен өзге мемлекетке демалысқа аттанып бара жатқанын айтқан.  "Сирия - ашаршылық, адамдардың өліктері, жалаң-аяқ жүгірген, ашыққан балалар, кішкентай жылаған сәбилер.Менің есімде тек осы қалды. Күйеуім мен менің қандай қорлық көргенімізді еске алғым да келмейді", - деп қысқа қайырды.

Арада өткен біраз уақыттан соң елін сағынып, кері қайтуды сұраған әйел жолдасынан теріс жауап алады. Бірақ Мариямның отбасына төнген қауіп тым басқа еді. Сириядағы қиын жағдайдан күйеуін жоғалтқан ол елге қайтудың барлық жолын қарастырады. Осылайша 2019 жылы "Жусан" арқылы Қазақстанға оралып, психологтың көмегіне жүгініп, өзімен жұмыс жасай бастаған. Бүгінде ол әлеуметтік желілерде белсенді болғанымен, өткенінде жасаған қателікті еске алғысы да, одан сыр шерткісі де келмейді. Дәл қазір психологияға қызығып, өзі секілді ерте тұрмыс құрып, қадамын шалыс басқандарға көмек беруде. Оның айтуынша, "Жусан" операциясы Сириядан келген әр қазақстандыққа жаңа тыныс беріп, екінші өмір сыйлаған.

Сымбат Наухан

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер