“Ақшасын төлеп, жоғары ұпай жина”. Тестілеуде заңсыз әрекетке барған қызметкерлер ұсталды

1601
Adyrna.kz Telegram

Ұлттық бірыңғай тестілеу мен  мұғалімдердің білімін бағалауды өткізуге жауапты ұйымның жекелеген қызметкерлері құрықталды, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.

Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстары бойынша департаменттері прокуратурамен бірлесіп, аталған өңірлердегі Ұлттық бірыңғай тестілеуді  және мұғалімдердің білімін бағалауды өткізуге жауапты ұйымда заңсыз әрекеттерге барған қызметкерлердің жолын кескен.

Комитет баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілер серверлік жабдыққа және басқа да ақпараттық ресурстарға қол жеткізе отырып, арнайы бағдарламалар арқылы тест барысында компьютерлерге қашықтан қосылып, тест тапсырушылардан ақшалай сыйақы алу үшін жоғары тест нәтижелерін алуға көмектесіп келген.

«2023 жылдың 19 шілдесінде 3 негізгі айыпталушы ұсталып отыр. Оларды тінту кезінде қашықтан қосылуды қамтамасыз ететін техникалық құрылғылар мен бағдарламалар, ақшалай қаражат және басқа да заттай айғақтар табылып, тәркіленді», - делінген ресми хабарламада.

ҚР Қылмыстық кодексінің 207-бабы «Ақпараттық жүйенің немесе телекоммуникация желілерінің жұмысын бұзу» және 210-бабы «Зиянды компьютерлік бағдарламалар мен бағдарламалық өнімдерді жасау, пайдалану немесе тарату» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Пікірлер