АЭС құрылысы. Үлкен ауылы тұрғындары станция құрылысын қолдады

1227
Adyrna.kz Telegram

22 тамыз күні Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үлкен ауылында атом электр станциясының құрылысына қатысты жария тыңдау өтті. Жиын Үлкен ауылы орта мектебінің акт залында 300-ге жуық адамның қатысуымен өтті.

Құрылыс мәселесінің жай-жапсарын түсіндіріп ҚР Энергетика министрлігі, «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС, «Ядролық физика институты» РМК және т.б. мекеме мамандары сөз сөйледі.

Сарапшылар атом электр станцияларының қоршаған ортаға, экологияға, елімәздегі су ресурстарына әсері туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сондай-ақ АЭС-тің техникалық аспектілері, атом электр станциясын салу кезінде аймақтың даму перспективалары қарастырылды.

“Жария тыңдау жергілікті өкілетті органмен ұйымдастырылып отыр. ҚР Заңы бойынша Қазақстан Республикасында АЭС салу орны ҚР Үкіметі шешімімен қабылданады. Алайда осы шешім тек қана жергілікті өкілетті органның шешімі бойынша қарастырылады. Сол себептен де осы жиында бас қосып отырмыз. Халық пікірі ешқашан еленбей қалмайды. Барлығының сұрақтарына жауап беріліп, пікірлері ескерілетін болады”,— деп жауап берді Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова.


Жиын барысында тек құрылыс барысы түсіндіріліп қоймай, ауыл тұрғындары мен жиынға келген қатысушылардың чұраштары назарға алынып, мамандар тарапынан жауаптар берілді. Үлкен ауылының тұрғындары АЭС құрылысы жобасын қолдайтындықтарын білдірді.

“Осы ауылда туылып, осы ауылда білім алып, әлі күнге дейін наны мен суын ішіп келеміз. Өзім осында медицина қызметкері болып жұмыс жасаймын. Бұл жақтағы мәселелерді білетін біз ғана. “АЭС керек емес” деп отырғандар біздің қалай сусыз, жарықсыз қиналатынымызды білмейді. Ай сайын жарық өшіп, уақыт-уақытымен су берілетіні жергілікті тұрғындардың ғана мәселесі. Ал АЭС салынса энергия тапшылығы мәселесі екі бастан шешіліп, біздің ауыл нағыз перспективаға айналар еді. Сондықтан біз қос қолдап қолдаймыз. Зиян деп қорқатын жандар бұл тақырыпты түсінбейтіндер және түсінгісі келмейтіндер. Біз - дәрігерлер бұл мәселені баяғыда зерттеп қойғанбыз. Зиян түгі де жоқ. Керісінші бұл құрылыс бұдан ерте салынса тіпті керемет болар еді”,—деді ауыл тұрғыны Фариза Төлегенова.

Сондай-ақ, мектеп залында "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС бас директоры Тимур Жантикин Үлкен ауылы он ауданның арасынан таңдалғанын айтты:

"Атом электр станциясын салу үшін екі аумақ зерттелді, олар Қазақстанның шығысы және оңтүстігінде. Екі аумақ та атом объектілерін салуға жарамды. Біздің компания Ядролық технологиялар қауіпсіздігі орталығының мамандарын тарта отырып зерттеулер жүргізді. Техникалық және экологиялық сараптамалар жүргізілді. Яғни, барлық зерттеу нәтижелері расталды. Біздің компания Оңтүстік Қазақстанды ұсынды. Сондықтан біз осында жиналып, тұрғындардың пікірлерін тыңдағымыз келді», - деді Тимур Жантикин.

Жиында ауыл тұрғындары АЭС құрылысын қолдап, өз ұстанымдарын көрсетті.

Жария тыңдау қорытындысы бойынша Алматы облысының мәслихаты шешім шығарады, содан кейін мәселені үкімет қарастырады.

Пікірлер