Жабық қала. Енді Астанаға көшіп келушілер саны шектелуі мүмкін

2150
Adyrna.kz Telegram
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Астанаға көшіп келушілер санына шектеу қою мәселесін қарастырып жатыр. Қазір арнайы заңнамаға түзетулер мен өзгерістер енгізу жағы талқылануда, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Астана халқын жарық, су, жылумен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Енді Астанаға кіріп-шығу, көшіп келу мәселесі министрлікте қарастылып жатыр.  Бұған қатысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, комитет төрағасы Асқарбек Ертаев:

"Қазір Астанаға кімнің кіріп, кімнің кіре алмайтындығын анықтау бойынша миграция мәселесі талқыланып жатыр. Өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Жұмыс тобы барлық сұрақтарды қамтитын болады. Қыркүйекте алғашқы мәліметтерді айтатын боламыз", - деп пікір білдірді.

Деректерге сенсек, қазір Астанада 1 миллион 367 мың адам тұрады. Оның 52 проценті – әйел, 47 пайызы – ер адам. Олардың орташа жасы – 30. Қалаға жұмыс іздеп келгендердің көбі құрылыс саласында жұмыс істейді.

Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Аян Смағұлов бұдан бір ай бұрын қала халқының артуын қатаң түрде шектеу тиімді шешімдерге әкелмейтінін айтқан болатын. 

- Бас жоспарда келешекте қаланың дамуына әсер етуі мүмкін экономикалық, әлеуметтік, саяси және өзге де факторларды кешенді талдау негізінде қала өмірінің ықтимал тәуекелдері мен жағымсыз процестерін барынша азайту үшін жобалық ұсыныстар әзірленеді. Оның ішінде елордадағы халық өсімінің жоғары қарқыны ескеріледі. Үкімет Астана әкімдігімен бірлесіп елордада көші-қон процестерін шешудің ұтымды әдістерін іздеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Қатаң шектеу және тыйым салу шараларын белгілеу көші-қон ағындарын бақылауды шешуге әкелмейді.

Естеріңізге сала кетейік, Астанаға келушілерді шектеу мәселесі Көлгіновтың кезінде де "көтерілгенін" жазғанбыз.

Заманында Алтай Көлгінов те бас қалаға көшіп келушілер санына шектеу енгілуі мүмкін екенін айтқан.

Оған басты себебі ретінде су мен жарықтың жетпейтінін айтып, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымға мөлшерден тыс көлемде ауыр салмақ түсетінін мәлімдеген.

Ал демографтар миграцияны реттеуге келгенде Астанадағы халық санын шектеу адам құқықтарын таптаумен тең екендігін айтады.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер