Әрбір қазаққа ана тілді білуді міндеттеп, заңмен қатал бекіту керек

2060
Adyrna.kz Telegram

(Бақытжан Момышұлының Зейнеп Ахметоваға  айтқаны)

– Ата болған жерде ана да болуы керек. Қазаққа Ата заң мен қоса Ана заң қажет.

– О, тоба! Ол қандай заң?

– Ол – сенің тақылдаған тақпағыңдағыдай емес, нағыз алтын заң.

– Түк түсінсем бұйырмасын, жұмбақтамай жөнін айтшы.

– Ата заңға Қазақстанда тіршілік етіп, өсіп-өніп отырған барлық халық бағынуы керек. Өйткені ол – мемлекеттік заң. Осы елдің нанын жеп, суын ішіп отырған тең құқылы азаматы екенсің онда заңды сыйлап, мойындап, орындауға міндеттісің. Қош дейік. Енді әрбір ұлттың ата-бабасынан келе жатқан, ғасырлар сүзгісінен өткен, тек өзіне ғана тән рухани қазына-байлықтары бар емес пе, міне, бұл – Ана заң. Өзге ұлтта шаруам жоқ, ал қазаққа ұлттық рухты сіңіретін заң ауадай қажет. Бұл деген ана тілді, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты, ұлттық болмысты қорғап, сақтап, заманға сай дамытып жетілдіретін заң болуы керек. Үш ғасырға жуық санамызға сіңіп, сүйегімізге өтіп кеткен бодандық психологияны, жігерді жасытқан бодандық зардаптарды жою үшін, шынайы мәнінде рухани тәуелсіз болу үшін қажет заң. Ұлттық құндылықтарымызды білім ретінде айналымға түсіретін тетік, ереже қалыптастыруды енді кешіктіруге болмайды. Онсыз ұлттық мұраттарға бағытталған ұлттық мемлекет құрылмайды. Заң деген ұлттың тілі мен дәстүріне негізделмесе, ұлт сақталмайды. Ұлттың ең басты да негізгі белгісі – тілі. Тілсіз ұлт жоқ. Сондықтан, ең алдымен, әрбір қазаққа ана тілді білуді міндеттеп, заңмен қатал бекіту керек. Еркін елдің тізгінін ұстайтын жетекші ұлттың тілдік басымдылықтан бастауы қажеттікке айналуы керек. «Көш жүре түзеледі» деген шығарыпсалма көңіл алдаудың бұл жерде болмағаны жөн.

– Ата заңымызда тіл туралы бап қабылданды ғой, – деп ортадан сөзге әдейі кірістім.

– Қабылданды. «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі» деген жанап өткен солқылдақ заң қазақ тілінің көсегесін көгертіп, көрпесін ұлғайтпайды, кері кетіреді. Өз елінде өз төріне шыға алмай, босағадан сығалаған күйі қалады. Тәуелсіз мемлекет екенің рас болса, басқа мемлекеттің тілін әкеліп неменеге тықпаштайсың? Бізден басқа бірде-бір елде мұндай заң жоқ.

– Біз – көпұлтты мемлекетпіз, – деп тағы қыстырылдым.

– Қазақстанда мемлекет құрушы, тарихи отанында отырған жалғыз ұлт бар. Ол – қазақ. Елдің де, жердің де иесі – қазақ, қалғандары – кірмелер. «Бізде 130 ұлт бар», – деп дарақыланып мақтану, оны жетістік ретінде дәріптеу түбі ши шығармай қоймайды. Мың жерден «доспыз» деп өзеуресек те әр қол өз қарына тартады. Иі жұмсақ, құшағы кең, ақкөңіл қазақтың мүддесіне басқалар бас қатырады дегенге сену қиын. Олардың әрқайсысының атажұрты, Отаны бар, кез келген уақытта бұл жерді тастап кете береді. Бірақ мұндай жайлы елден, қолтығына қысып отырған қамқор үкіметі бар мемлекеттен кім кетеді дейсің

Зейнеп Ахметованың «Теңбіл тіршілік» кітабынан үзінді

Пікірлер