Ресей және Ресей еместер. АЭС салу бойынша депутаттар не дейді?

2514
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда қызу талқыланып жатқан атом электр станциясын салу мәселесін "референдум арқылы шешкен дұрыс" деп мәлімдеді. Ал рефердумда қандай сұрақтар қойылады? «Қарсысыз ба, қолдайсыз ба?» деген сауалдан бөлек, «АЭС-ты қай мемлекет салған дұрыс» деген сұрақ қойыла ма?

«ҚАРСЫЛАСТАРДЫҢ ҚАТАРЫНАН ТАБЫЛАМЫН»

Қоғамда АЭС-тың салынғаны жөн, бірақ оны Ресей емес, Франция, Жапония немесе Оңтүстік Корея секілді мемлекеттер салғаны жөн деген пікір айтылады. Референдумда төрт мемлекеттің бірін таңдау мүмкіндігі берілу керек пе?

Можаритарлық сайлау жүйесі бойынша Батыс Қазақстан облысынан сайланған Абзал Құспанның айтуынша, «АЭС-ты қай мемлекет салу керек?» деген сұрақ өте маңызды.

«Бірақ мен ондай сұрақтың қойылар-қойылмасын нақты білмеймін. Әйтсе де өз басым екінші сұрақ болу керек деп есептеймін. Бізге дамыған әрі кейін қауіпсіздік жағынан мәселе тудырмайтын елдер АЭС салу керек. Мысалы, кейбір азаматтар «АЭС салынса салынсын, бірақ оны Ресей салмауы керек» деп санайды. Бұл пікірді өз басым қолдаймын», – дейді ол.

Депутаттан «Үкімет АЭС-ті Ресейдің салуына жұмыс істеп жатқан жоқ па?» деп сұрадық.

«Әзірге олай деп ойлауға негіз жоқ. Бірақ тап солай болатын болса, қарсыластардың қатарынан табыламын. АЭС-ты Қазақстанға қауіп тудырмайтын Франция секілді ел салса екен деп ойлаймын», – деді ол.

«ФРАНЦИЯ САЛҒАНЫН ҚАЛАЙМЫН»

Ал  «Республика» партиясының төрағасы әрі мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров АЭС-ті Ресейдің салғанын қолдамайтынын айтты.

"Менің ойымша, екінші сұрақ қойылуы керек. Бұған дейін бұл мәселені журналистпен талқылаған болатынмын. Негізі АЭС салып жатқан мемлекет стратегиялық ешқандай конфликт тудырмайтын мемлекет болуы керек. Яғни, ертең күні ол мемлекет қиындық тудырмауы және ең бастысы технологиясы заман талабына сай озық болуы керек. Әйтсе де "АЭС-ты қай мемлекет салу керек?" деген сұраққа жауап беру үшін білікті маман болу керек қой. Эмоционалдық сұрақ болмауы керек. Мысалы Франция, Оңтүстік Корея АЭС салатын болса, сіз қайсын таңдайсыз? Ресейді әдейі айтпай отырмын", – деді партия төрағасы.

Айдарбек Қожаназаров АЭС-ті Ресейден басқа тәжірибесі мол Жапония, Франция сияқты мемлекет жақсы салатынын ескертті. Әйтсе де саясаткер екі мемлекеттің бірін таңдау керек болса, Францияның АЭС салғанын қолдайтынын жеткізді.

«БІР СҰРАҚПЕН ШЕКТЕЛМЕУ КЕРЕК»

Абзал Құспан мен Айдарбек Қожаназаровтан қарағанда «Аманат» партиясының депутаттары аса сақ сөйлеуге тырысты. Мәселен Елнұр Бейсенбаев «АЭС-ті қай мемлекет салу керек?» деген сұрақтың күн тәртібінде тұрмағанын айтты.

«Бірінші, ең төменгі деңгейде әр ауыл, аудан тұрғындарының қатысуымен қоғамдық тыңдау өткіземіз. Ол қоғамдық тыңдауға экологтардан бастап, энергетиктер секілді білікті азаматтар атсалысу керек. Одан кейін сіз айтқандай Франция, Жапония, Ресей секілді елдерден сапалы ойын айтатын халықаралық эксперттерді шақыру керек. Екінші сұрақ қойылу қажет па, жоқ па, оны ақылдасу керек. Мен бір сұрақпен шектелу қажет емес деп есептеймін. АЭС салу бойынша бірнеше сұрақ болуы мүмкін. Оның ішінде «АЭС-ты салу қажет пе, қажет емес пе?», «АЭС-ты қай жерде салу керек?» және АЭС-ке бөлінетін қаржы да назардан тыс қалмау керек», – дейді ол.

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер