Апатты мектептер азая ма? Министрлік жауап берді

1658
Adyrna.kz Telegram
Фото: aikyn.kz
Фото: aikyn.kz

Қазақстан мектептеріндегі жылдағы мәселе биыл да қайталанатын түрі бар. Былтыр арнайы құрылған тиісті министрлік не дейді?

Жаңа оқу жылының басталғанына 4 күн болды. Алайда, елімізде апатты мектепте оқып жатқандар әлі де бар. Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы №50 Б. Омаров атындағы жалпы орта мектепте оқушылар апатты жағдайда оқуда. Бұл туралы «Адырна» ұлттық порталына аталған ауылдың тұрғыны фото жолдап, айтып берді.

«КӨМІР ЖАҒАМЫЗ»

Тұрғынның айтуынша, мектеп тақталары мен парталары ескі, ал қабырғалар құлағалы тұрған көрінеді.

«Мектеп өте ыстық болып тұрады. Су ақпайды. Парталар өте тар. Балалар сыймайды. Тіпті, ескі болғаны соншалық, тақтадағы жазу көрінбейді. Мектеп 1997 жылы ашылған. Одан бері құлайын деп тұрған мектепке балаларды қалай жіберуге болады? Мен балаларымның денсаулығына алаңдаймын. Оларға ондай мекемеде білім бергенін қаламаймын. Жаңа мектеп салынып жатыр. Оған қыстан кейін көшеміз дейді. Ал оған дейін балалар апатты мектепте қалай оқиды?», - деді Ақтоты Ыбыраева (Өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді).

Бұл жөнінде «Адырна» тілшісі №50 Б.Омаров атындағы жалпы орта мектептің директоры Сарыбаева Нұрбалаға сауал жолдады. Директор тұрғынның сөзін жоққа шығарды. Оның айтуынша, барлығы биыл жаңартылған.

«Біздің мектеп апатты жағдайда емес. Апатты жағдайда — арғы жағындағы кішкене мектеп. Оның құжаты жасақталған. Ол жаққа оқушыларды мүлде кіргізбейміз. Бергі жақтағы ыңғайластырған ғимаратта оқимыз. Мектебімізде жөндеу жұмыстары жүріп, барлығы бітті. Бақылау департаментінен, облыстан жөндеу жұмыстары бойынша, келіп, тексеру жұмыстары жүргізілді. Тақталар ескі еді. Демеушілер тарапынан қолдау болып, биылғы оқу жылына барлық сыныпқа су жаңа тақталар алдық. Біздің мектеп аудан бойынша, ең ыстық мектеп болып саналады. Өйткені, көмір жағамыз», - деді мектеп директоры.

Сондай-ақ, ол 300 орындық жаңа мектеп салынып жатқанын мәлімдеді. Желтоқсан айының соңы немесе қаңтар айының басында бітеді деп жоспарлануда.

«Былтыр балалар үш ауысымда оқитын. Былтыр біз бір үйді жалға алып, бастауыш сынып оқушыларын сол жаққа көшіріп, биылдан бастап екі ауысымда оқимыз», деп қоса кетті.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы №50 А.Омаров атындағы мектептің апаттық жағдайда болуына байланысты, ауданда жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп жатқаны туралы аудан әкімшілігі де растады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында апатты, үш ауысымды және орын тапшылығын жою мақсатында 2023-2025 жылдар аралығында 96 мектеп салу жоспарланыпты.  Қазіргі таңда өңірде «1000 мектеп» бағдарламасымен жалпы 7500 орынды 24 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.

ҚАЗАҚСТАНДА 71 МЕКТЕП АПАТТЫ ДЕП ТАНЫЛҒАН

Бұл — Қазақстандағы бір ғана облыстағы жағдай. Елімізде апатты деп танылған 71 мектеп бар. «Адырна» ұлттық порталы Оқу-ағарту министрлігіне де сауал жолдаған еді.

Оқу-ағарту министрлігінің орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев  қазіргі таңда елімізде апатты 71 мектеп, үш ауысымда оқитын 136 мектептің барын мәлімдеді.  

«Бұл мәселелерді шешу үшін ағымдағы жылы бюджеттік қаржыландыру есебінен 132 мың оқушы орнына 154 мектеп пайдалануға беру жоспарлануда, оның ішінде жаңа оқу жылына дейін 65,6 мың оқушы орнына 52 мектеп пайдалануға беріледі.

Осы мектептерді пайдалануға беру 12 апатты және 29 үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуге мүмкіндік береді, - деді Жомарт Қарамбаев.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылып жатқанын да айта кетті.

«Ұлттық жоба шеңберінде 2026 жылға дейін қалаларда және белсенді дамып келе жатқан (перспективалы) елді мекендерде оқушы орындарының ағымдағы және болжамды тапшылығын жабу үшін 740 000 жаңа оқушы орындық (екі ауысымды оқыту кезінде) 369 мектеп пайдалануға берілетін болады.

Мәселен, 2023 жылы екі ауысымда 461,0 мың оқушы орынға 217 мектептің құрылысын бастап 2024 жылы пайдалануға беріледі. 2024 жылы екі ауысымда 279,0 мың оқушы орынға 152 мектептің құрылысын бастап 2025 жылы пайдалануға беру жоспарлануда»,- деді оқу-ағарту министрлігінің орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев.

 Қазақстанның бір тұсында мектепке оқушы сыймаса, енді бір тұсында мектеп жоқ. Себебі, оқушы аз. Бүгінде ең аз оқушылар шағын жинақты мектептерде білім алуда. Ондай  мектептер 17 облыста орналасқан. Сонымен қатар, оқушы орындарының тапшылығы Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау, Атырау облыстарында басым байқалады. Бұл жөнінде министрлік оқушыларды тасымалдау мәселесі шешілетінін айтты.

«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң)                    6-бабы 2-тармағының 24-12-тармақшасына, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 6 мамырдағы № 185 бұйрығына сәйкес жергілікті атқарушы органдар кентте, ауылда, ауылдық округте мектеп болмаған кезде оқушыларды жақын маңдағы мектепке дейін қашықтықтан тегін тасымалдауды ұйымдастырады.

Сондай-ақ, Заңның 6-бабының 3-1-тармағына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарын, оларға жүктелген функцияларды тиісті білім беру және білім басқармасы органдары арқылы орындау көзделген.

Бұдан басқа, шалғайдағы ауылдық пункттерде тұратын балаларды жалпы білім беру ұйымдарына және үйлеріне тегін тасымалдауды ұсыну тәртібі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 158 бұйрығымен реттелген.

Қазіргі уақытта «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ облыстың жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп өңірлерге автобустар жеткізу бойынша тиісті жұмыс жүргізуде және бүгінгі таңда 433 автобус жеткізілді.                                     Қалған автобустарды жеткізу ағымдағы жылдың соңына дейін жалғасатын болад», - деді Оқу-ағарту министрлігінің орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ, 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап 1,6 миллионнан астам оқушыға, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш сынып және әлеуметтік осал отбасыдан шыққан оқушыларға тегін тамақтандыруды ұйымдастыру жоспарланып отыр.

 7 МЫҢНАН АСТАМ МЕКТЕПТІҢ 4 МЫҢҒА ЖУЫҒЫ — ҚАЗАҚ ТІЛДІ

Баласы мектеп табалдырыған аттағалы жатқан ата-ананың тағы бір мәселесі – баламды қай тілде оқытамын? Бірі мектептің білім сапасына назар аударса, енді бірі барға қанағат етеді. Тұрғылықты мекенінде қай тілде мектеп көп болса, сол тілді мектепке баласын тасиды. Ондайда амалсыздан бармақ басты, көз қыстыға жол беріледі. Дегенмен, жыл сайын қазақ тілінде білім беретін мектептердің саны да артып келеді.

Министрлік берген мәліметке сәйкес, Республика бойынша қазіргі таңда бірінші сыныпқа жалпы 366 894 бала қабылданды және қабылданған 250 203 бала (68,2 пайыз) қазақ тілінде оқытатын мектептерде білім алады.

«2022-2023 оқу жылында республика бойынша 7 мыңнан астам мектеп жұмыс істеді, оның ішінде қазақ тілінде - 3957, орыс тілінде - 1203, аралас тілде - 2551, ұйғыр тілінде - 5, өзбек тілінде - 1.

Биыл республика бойынша 7 білім беру нысаны пайдалануға берілген. Олардың барлығы Алматы облысында орналасқан. 7 мектептің ішінде бесеуінде оқыту қазақ тілінде жүзеге асырылатын болады, ал екі мектепте оқыту аралас тілде жүргізіледі», - деді Жомарт Қарамбаев.

Дана Нұрмұханбет

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер