Формадан кейінгі форма. Діни басқарма жаулықтың қандай түрін тартуға болатынын ұсынды

2099
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы қандай түсті жаулық тартуға  болатыны жайлы айтып, басқарманың тиісті мекемеге ұсыныс білдіргенін айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Qaz365.kz-ке сілтеме көрсете отырып. 

«Мүфтият бұл мәселені өз құзыреті, дін мен дәстүр сабақтастығы аясында шешудің оңтайлы жолын ұсынды. Нақты айтқанда, тиісті мекемеге орамалдың ақ және көк түсі ұсынылды. Осыған қатысты әлі де оң шешім қабылданар деген үміттеміз. Алла алауыздықтан сақтасын», - дейді Ағабек Қонарбайұлы.

Еске сала кетейік, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мектепке хиджабпен емес,  арнайы бекітілген форма киюдің міндетті екенін нақтылап айтқан еді. Министр:

“Қазір әлеуметтік желіде мектептерде хиджаб кию мәселесіне қатысты талқы тоқтар емес. Осыған байланысты, діни салаға жауапты лауазымды тұлға ретінде, өз тарапымнан түсініктеме беруді жөн көріп отырмын.

Атазаңымызға сәйкес Қазақстанда дін мемлекеттен бөлінген. Сөз жоқ, мемлекет дін бостандығына кепілдік береді. Бірақ біз - зайырлы елміз! Сол үшін де мемлекеттік саясаттың барлық мәселелері діни пәтуалармен емес, азаматтық нормалармен реттеледі. Құқықтық-нормативті актілер әрбір оқушыға мектеп қабырғасында арнайы бекітілген форма киюді міндеттейді. Өйткені, білім беру ерекшелігі бірыңғайлықты талап етеді.

Ал Конституциямыз бойынша мектептің міндеті – ел азаматтарына сапалы білім беруге кепілдік беру және оны қамтамасыз ету.

Сондықтан да, мектепте бала ең алдымен сапалы білім алуы керек. Содан кейін барып, ержете келе діни наным-сенімін, қандай киім үлгісін киетінін өзі шешеді деп ойлаймын”, деп жазған еді. 

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер