Жетісудағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 60 мыңға жетті

734
Adyrna.kz Telegram
twitter.com
twitter.com

Жетісу облысында өткен 7 айда шағын және орта бизнесте жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 59,9 мыңға жетті, оған мемлекеттік қолдау шараларының да ықпалы болғаны сөзсіз. Жалпы, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 2023 жылға өңірде ШОБ-ты қолдауға 6,8 млрд. теңге бөлінді.

Мемлекеттен қолдау көргендердің бірі - Текелі қаласының тұрғыны Людмила Кузнецова, ол - ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған ана. Ол 1 млн. 380 мың теңге көлемінде грант алып, 8 спорттық велосипед пен оларға қажетті қосалқы бөлшектер сатып алды. Сөйтіп жалға беру пунктін ашты.

Кәсіпкердің айтуынша, бір кездері бүкіл отбасымен бірге велосипедпен тауға шықсақ деп армандаған кезде осы кәсіпті бастау туралы ой туған. Кейін бажайлап қараса, Текеліде велосипедтерді жалға алатын орындар жоқ екен:

- Жеке бизнес ашуға мемлекеттен қолдау берілетінін таныстарымнан естідім де, бизнес негіздері туралы оқудан өттім, бизнес-жоспарымызды дайындап, оны комиссияға ұсындық. Біздің идеямызды қолдады. Біз грант жеңіп алып, іске кірістік. Велосипед сатып алуға әркімнің жағдайы келе бермейді, сондықтан қажеттілік туып жатса, тұрғындардың бізге келуіне болады. Велосипедті жалға алу құны 500 теңгеден басталады. Баға пайдалану уақытына байланысты белгіленеді. Велосипедті жалға беретін шатырымыз қалалық саябаққа қарсы бетте орналасқан. Қазір бізге отбасыларымен келеді, біз оған қуанамыз. Өйткені, ашық аспан астында велосипед тебу денсаулыққа пайдалы. Бұл - балаларды смартфон мен басқа гаджеттерден алшақтатудың жақсы тәсілі. Біздің Текелінің табиғаты керемет. Экологиялық велотуризмді ұйымдастырсам деген мақсатым бар, – деді Л.Кузнецова.

Жалпы мұндай гранттар ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, әлеуметтік осал топтар санатындағы азаматтарға жақсы қолдау. Бұл шаралар тұрғындардың өздерін тұрақты табыспен қамтамасыз ете отырып, өндірісті жолға қоюға және дамытуға мүмкіндік береді.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының деректері бойынша Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 2023 жылға 6,8 млрд. теңге бөлінді (ЖБ – 723,7 млн., РБ – 6,1 млрд. тг.). Қазіргі кезде 15 млрд. теңгеге 335 жоба мақұлданды, пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 5,8 млрд. теңге бөлінді, кредиттік сомасы 13,3 млрд. теңгеге 196 жоба мақұлданды, 75 жаңа жұмыс орны құрылды; ішінара кепілдік беруге 0,8 млрд. теңге бөлінді, 1,7 млрд. теңгеге 139 жоба мақұлданды, 40 жаңа жұмыс орны құрылды; 5 млн. теңгеге дейін гранттар беруге 170 млн. теңге қарастырылды, бұл ретте конкурс қараша айына межеленген, 34 жұмыс орнын құру жоспарлануда; инженерлік инфрақұрылым жүргізуге 4 жоба бойынша 36,5 млн.теңге бөлінді, 10 жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Жалпы, 2023 жылғы қаңтар-шілде айларында ШОБ субъектілерінен облыс бюджетіне түсетін салықтық түсімдер 21,8 млрд. теңге немесе 2022 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 135,9% құрады, 2023 жылдың жоспары – 32 млрд.теңге.

2022 жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 39,3%-ға, ал осы жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша 26,5%-ға жетті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамтылғандар саны 102,1 мың адам немесе 2021 жылға қарағанда 114,7%, 2023 жылдың жоспары - 110,5 мың адам. 2023 жылғы өнім мен көрсетілген қызмет көлемінің жоспары - 850 млрд.теңге.

Пікірлер