Қазақстанда Ұлттық қордың ақшасын "оңды-солды" пайдалануға шектеулер енгізілмек

1800
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz
Ұлттық қордың ақшасын "оңды-cолды" шашуға шектеулер енгізілетін болды. Бұл жайды министр Қуантыров мәлімдеді. Нақтырақ айтсақ, Жаңа бюджет кодексінің жобасында Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттерді тек маңызды инфрақұрылымға ғана пайдалануға шектеу енгізілді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Жаңа Бюджет кодексінің жобасы туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты. Ол мемлекеттік қаржыны басқару бөлімінде Ұлттық қор және бюджеттен тыс қорлар туралы тараулар бар екенін ескертті.

"Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттерді тек аса маңызды инфрақұрылымға ғана пайдалануға шектеу енгізілді және оған тиісті критерийлер енгізілді. Тек маңызды нысандарға, мысалы, жұмыс орындарын және қосымша салықтарды қамтамасыз ететін зауыт құрылысын салу немесе тұрмысты қамтамасыз ететін инфрақұрылымдар. Бүкіл ел бойынша ұйымдастырылатын "Жайлы мектептер" жобасы сияқты, бір мезгілде бірнеше өңірде бірдей нысандар салынғанда (...) Ұлттық қордан қаражат алу көлемі мақсатты талаптардың көлемімен шектелген" - деді Әлібек Қуантыров.

Атаулы кодекс жобасында "Балаларға арналған ұлттық қор" туралы ережелер де бар. Атап айтқанда, 2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасына сәйкес, 18 жасқа толғанға дейінгі балаларға қаражат беру мәселесі қарастырылады.

Қазіргі уақытта аталмыш кодекс жобасы мәжіліске жіберілді.
Естеріңізге сала кетейік, 11 қыркүйек күні мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев Ұлттық қорға қатысты уәж айтқан еді. Депутат үш жылдық бюджетті таныстыру барысында Ұлттық қордың азайып,  табысы кемігендігін еске салған.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер