Ақтөбелік он жасар қыз "анасы болып еңіреген" алаяқтардың құрбаны болды

2378
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбеде алаяқтар 10 жасар қызды құрыққа түсірді, деп хабарлайды "Адырна"ұлттық порталы.

Белгісіз әйел үй телефонына қоңырау шалып, кішкене бүлдіршінге жан түршігерлік оқиғаны баяндаған. "Өтірікті шындай, ақсақты тыңдай" айтқан алаяқ қызға анасының жол-көлік оқиғасын жасағанын, ақырында жаяу жүргіншіні қағып кеткенін жеткізген. Анасын жауапкершіліктен құтқару үшін көп ақша қажет екенін айтқан.

Өзін тергеуші ретінде таныстырған әйел, тіпті, телефонды қыздың анасына бергендей кейіп танытқан.

"Анасы" жылаған дауыспен баладан үйдегі барлық жинақ ақшаны беріп жіберуді өтінген. Бұдан әрі алаяқ 10 жасар қызға 700 мың теңге көлеміндегі ақша салынған пакетті өзінің сыбайласына қалай беру керектігін айтқан.

Анасының қиындыққа тап болғанына сеніп, шошып қалған бала ақшаны олар айтқан нұсқау бойынша беріп жіберген. Анасы үйге келгеннен кейін ғана баланың алаяқтарға алданғаны белгілі болған. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 23 жастағы күдіктіні ұстады.

Жалған сөйлеген тұрғын өз кінәсін мойындады. Өзі әлеуметтік желі арқылы белгісіз адаммен кездескенін айтты. Кездескен адамы жалған сөйлеген күдіктіге қызмет ұсынған. Қызметке тұру үшін жәбірленушіден ақша алып, барлық соманы көрсетілген "жұмыс берушінің" шотына аударуды көздеген.

Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Орайы келгенде айта кетейік, өңірде алаяқтықтың құрбаны болып, полицияға жүгінгендер саны артып барады.

Алаяқтар жәбірленушілерге туыстары апатқа ұшырағанын айтып қоңырау шалып, зардап шегушілерді емдеу немесе қылмыстық істі тоқтату үшін қажет деген сылтаумен ақша талап етеді. Полиция қызметкерлері мұндай қоңырауларға сенбес бұрын, анық-қанығына көз жеткізу керек екенін еске салады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер