Дархан Қыдырәлі Сенат депутаты болып тағайындалды

1824
Adyrna.kz Telegram

Дархан Қыдырәлі Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Ақордаға" сілтеме көрсете отырып.

Құжатта:

- Мемлекет басшысының Жарлығымен Дархан Қуандықұлы Қыдырәлі Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды, - делінген.

Дархан Қуандықұлы Қыдырәлі 1974 жылы 16 сәуірде Түркістан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де (1991-1992 ж) және Түркияның Мармара (1992-1996 ж), Докуз Эйлүл (1996-1997), Эгей (1997-1998 ж), Ыстамбұл (1998-2001 ж) университеттерінде білім алған. Эгей унивреситетінде диссертация қорғаған (1998). Ыстамбұл университетінде докторлық диссертация қорғап, «философия докторы» ғылыми дәрежесін иеленген (2001 ж.). Абай атындағы ҚазҰПУ-да докторлық диссертация қорғап, тарих ғылымдарының докторы атанған (2010 ж).

Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Қырғызстандағы Ош университетінің құрметті профессоры. Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі. Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының Құрметті докторы (2016 ж), Моңғолия Ұлттық ғылым академиясының Құрметті докторы (2017). Қырғыз Республикасының Ұлттық ғылым академиясының Құрметті академигі (2022).

2005-2006 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде доцент, аға ғылыми қызметкер болып қызмет еткен.

2006-2007 жылдары Қазақстан Республикасының Президенттік Мәдениет орталығы директорының орынбасары лауазымында жұмыс істеген.

2007 жылы Білім және ғылым министрінің кеңесшісі лауазымына тағайындалған.

2008-2012 жылдары Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінде сарапшы, Президенттің Баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі, Президенттің Баспасөз хатшысының орынбасары болған.

2012-2014 жылдары Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары лауазымында жұмыс істеген.

2014 жылы Халықаралық Түркі академиясының президенті болып тағайындалған. II сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесі бар.

2016 жылдың шілдесінен бастап - 02.09.2022 дейін «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ-ның Басқарма төрағасы болды.

2022-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметін атқарды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер