Депутат Мақсат Толықбай теміржол тасымалының сапасы туралы мәселе көтерді

1710
Adyrna.kz Telegram

Депутат Мақсат Толықбай Мәжіліс отырысында еліміздегі теміржол тасымалының сапасы жайлы сөз қозғап, Көлік министрі Марат Кәрімжанұлына сауал жолдады, деп жазады “Адырна” ұлттық порталы.

Өз кезегінде Мақсат Тооықбай қазіргі таңдағы теміржол тасымалы, пойыз билеттері, пойыз көліктерінің сапасы жайлы барлық мәселелерді тізіп берді.

"Менің сұрағым Көлік министрі Марат Кәрімжанұлына! Теміржолда қашан тәртіп орнайды? 30 жылдың ішінде теміржолды табыс көзіне ғана айналдырған бұрынғы басшылардың тек қаржы табумен ғана айналысқанын біз жақсы білеміз. Сол ескі Қазақстан өкілдері сөлін сорып, бізге тек қаңқасын қалдырды.
Айта айта жақ талды. Жылдағы жыр. Сапа нөл. Сәбет заманынан қалған ескі вагондар сүйретіліп әлі жүр.
Теміржол паркінің 60 пайызының тоз-тозы шыққан. Министрлік 2030 да жарылқаймыз деуден жалықпайды. Бірақ, ҚТЖ ға бәрібір. Өйткені, шекелері шылқып жүрген менеджерлерге Қазақстан Теміржолының құны көк тиын. 26 жылда жарылтпаған саланы, енді жеті жылда жарылқайды дегенге жан баласы сенбейді. Өйткені, айтатындары аңыз, ертегі..
2030 ға дейін қалған вагондары 80 пайызға тозып, екі қолды мұрынға тығып отырмасымызға кепілдік бар ма министр мырза?
Терезесі ашылмайтын, кондиционері істемейтін, қабырғасында тарақандар жүретін ескі вагондардың өзіне жаз мезгілінде билет таппайсың. Бағасы ол қымбат.
Сөйте тұра біз билетті субсидиялауға жыл сайын сытырлатып миллиардтарды санап береміз. Пойыздардың жиі кешігетінін айтпай-ақ қояйын. Сапардағы жолаушылар үшін пойыздың 1-2 сағатқа кестеден кешігуі үйреншікті жайт болып қалған. Сөйте тұра туризмді түлетеміз дейміз. Бізге туристік маршруттарға арналған стратегиялық жоспар қажет. Тоқ етері мынау!
Ескі Қазақстанның мұрасы боп қалған теміржол мәселесін қашан шешесіздер? 26 жыл күттік. Әлі қанша күтеміз? Заманауи вагондарға кезексіз, тиімді бағада мінетін күн туа ма қазаққа?" делінді депутаттық сауалда.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от ADYRNA.KZ - Жаңалықтар (@adyrna.kz)

 

 

Пікірлер