Мемлекеттік тілді меңгеру бойынша жаңа талаптар стандарты енгізіледі

1738
Adyrna.kz Telegram
фото: bostonmais.com
фото: bostonmais.com

Үкіметтен мемлекеттік тіл туралы заң қажеттігін талап еткен «Ақ жол» партиясының парламенттегі депутаттық сауалдары оң нәтиже бере бастады. Қазақстан Стандарттау және метрология институты үн қосып, мемлекеттік тілдің стандарттар жобасын жасап шығарды. Бұл туралы Qazaq Uni жазды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Елордада 2023 жылы 11 қазанда Стандарттау жөніндегі кеңейтілген ғылыми-техникалық кеңес өтті, онда ҚР ұлттық стандарттарының жобалары қаралды. Деңгейлер бойынша қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктері жөніндегі жобалар мақұлданды. Жиынды Қазақстан Стандарттау және метрология институтының бас директоры Ғабит Мұхамбетов жүргізді.

Ғылыми-техникалық кеңеске ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, парламентте мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды өткір көтеріп жүрген Қазыбек Иса Жарылқасынұлы қатысып, сөз сөйледі. Сондай-ақ ҚР Ұлттық тестілеу орталығының өкілі Ерсұлтанова Гүлнұр Серікбайқызы қатысты.

Стандарттың негізгі мақсаты – қазақ тілін меңгеру деңгейін белгілеу, содан кейін ҚР Ұлттық тестілеу орталығы тестілеуді өткізіп, тиісті сертификаттар береді.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса қазіргі тіл заңының заман талабына сай жауап бере алмайтынын, сондықтан мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау қажеттігін қадап айтты. «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңның қабылдануымен байланысты жоғарыда аталған стандарттар өте қажет, өйткені олар жұмысты нақты регламенттер мен талаптарға сәйкес келтіреді.

Биыл 25 мамырда «Ақ жол» партиясында осы  мемлекеттік тіл құзыреттілігін кеңейту стандартының жобасы таныстырылған болатын. Міне, енді сол кезде айтылған ұсыныстар мен ескертпелер қаралып, стандарттау жобасы жасалыпты.

«Бұл стандарттау не үшін керек? Ел біртұтас бірігу үшін барлық ұлт мемлекеттік тілде сөйлеуі керек. Түрік Республикасының тұңғыш президенті Кемал Ататүрік мемлекет басшысы болып сайлана салысымен, алғашқы жылы-ақ: «Түркия мемлекеті мықты болуы үшін еліміздегі 78 ұлт  бүгіннен бастап бәріміз бір тілде – түрік тілінде сөйлейтін бір ұлтпыз!» - деп жариялады. Тек талап етіп, міндеттеп қана қойған жоқ, мемлекет басшысы Ататүріктің өзі мемлекеттік қызметте қолданылатын мемлекеттік тілдің стандартын жасап шықты. Осындай қазақ ұлты алдындағы тарихи жауапкершілік пен ұлы аманат бізде де орындалуы тиіс еді... Өкінішке орай, 30 жылымыз, бір дәуір  босқа өтті. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» деп айқын жазылған заң орындалды ма? Жоқ!», - деп атап өтті Қазыбек Иса.

Депутат Заңның Тiлдi мемлекеттiк қорғау туралы 23-бабындағы «Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiл және барлық басқа тiлдер мемлекеттiң қорғауында болады. Мемлекеттiк органдар бұл тiлдердiң қолданылуы мен дамуына қажеттi жағдай жасайды; Тiлдiң дамуы мемлекеттiк тiлдiң басымдығын және iс қағаздарын жүргiзудi қазақ тiлiне кезең-кезеңмен көшiрудi көздейтiн Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк жоспарлау жүйесінің құжаттарымен қамтамасыз етiледi; Мемлекеттiк тiлдi белгiлi бiр көлемде және бiлiктiлiк талаптарына сәйкес бiлуi қажет кәсiптердiң, мамандықтардың және лауазымдардың тiзбесi Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленедi деп көрсетілген. Жазба авторы 30  жылда бірде бір тізім қабылданбағанын жазды» көрсетілгендерді тілге тиек етіп, ҚазСтандарттау институты «Ақ жол» партиясының парламентте мемлекеттік тіл туралы заң қажеттігін көтерген депутаттық сауалдарына үн қосып, мемлекеттік тілдің стандарттар жобасын жасап шығарғанын алға тартты.

«Үшінші, 9-бап. Мемлекеттiк органдар актiлерiнiң тiлi: Мемлекеттiк органдардың актiлерi мемлекеттiк тiлде әзiрленiп, қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкiндiгiнше, басқа тiлдерге аударылуы қамтамасыз етiле отырып, оларды әзiрлеу орыс тiлiнде жүргiзiлуi мүмкiн. Бұл да осы уақытқа дейін іске аспай келеді. Төртінші, 13-бап. Сот iсiн жүргiзу тiлi: Қазақстан Республикасында сот iсi мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi, ал, қажет болған жағдайда, сот iсiн жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады. Қазір басқа, солтүстік, шығыс өңірлердегі сотты айтпағанда Астанадағы соттардың жағдайы қазақ тіліндегі бір жарым бет қаулыдан 76 қате жіберетін жағдайда», - деп атап өтті депутат Қазыбек Иса.

Міндетті тестілеуден мынадай санаттар өтеді:

- магистратура мен докторантураға түсетін студенттер.

- мемлекеттік әкімшілік қызметтің «А» органының кадр резервіне енгізілген қызметкерлер.

- «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткер талапкерлер.

- Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясына түсуге үміткер студенттер.

- «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» оқытушылары.

Еске сала кетейік, биылғы жылдың 25 мамырында Астана қаласындағы «Ақ жол» демократиялық партиясының орталық кеңсесінде ұлттық стандарттардың алғашқы редакцияларының қайта қаралуын талқылауға арналған дөңгелек үстел өткен болатын. Партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың басқаруымен өткен дөңгелек үстел жұмысына фракция мүшелері, Мәжіліс депутаттары Қазыбек Иса, Серік Ерубаев, Ержан Бейсенбаев, Қазақстан Стандарттау және метрология институтының, ҚР БҒМ Қазтест жүйесін дамыту басқармасының, «ҚазСтандарт» РМК-нің мамандары, ҰҒА академиктері, тіл жанашырлары мен БАҚ өкілдері қатысқан.

 «Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер