Металлургтердің еңбегі қаншалықты бағалануда

1479
Adyrna.kz Telegram

Адам баласы өмірге келгенде, негізгі деген бірнеше ұстаным пайда болады екен. Соның бірі, қажырлы еңбек ету арқасында, жанұяны қажетті қаражатпен қамтамасыз етіп, Отанға пайда әкелу. Сөзсіз, «Бес саусақ бірдей емес», - деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Сондықтан кейбір адамдардың өмірлік ұстанымы, көзқарасы басқаша болуы ықтимал. Дегенмен, қазіргі қалыптасқан жағдайда, адамдардың көпшілігінде осыған ұқсас ой-өрісі қалыптасқан.

ХХІ ғасырда, технология заманы дамып келе жатқан кезде, Қазақстанда және ТМД елдерінде нағыз қара жұмыс пен жұмысшының жинақталған тәжірибесін пайдалану, көбінесе үлкен өндіріс орындарынан ғана айқын байқауға болады.

Совет Үкіметінен қалған өндіріс ошақтары бүгінгі күнге аманатқа қалып, кейбірі әлі де жұмысын тоқтатпай дамып келе жатса, басқалары 90 жылдардың соңында құлдырап, жоқ болып кеткен.

Аса назар аударатын мәселелер де жетерлік. Соның бірі – жұмысшылардың біліктілігі. Атап айтқанда, 60-80 жылдары білім алған, сол кезден бастап тәжірибе жинақтаған өндірістің ақсақалдары зейнетке шығатын уақыттары да келіп қалды. Нәтижесінде, орын алған жағдайда ұрпақтар сабақтастығы, тәжірибе алмасу сияқты қажетті шаралар ұйымдастырылып жатыр ма?! Әр жерде әрқалай деп қысқа қайыруға болады. Ал өзінің денсаулығын және өмірінің негізгі бөлігін сол өндірісте қалдырған жұмысшының  зейнетке шыққанда өмірі қалай аяқталады?! Жұмыс орны көмегін көрсете ме, әлеуметтік қажеттіліктерін өтейді ме?! Қаншалықты өзінің ардагерлерін сыйлап, барын салады?!

Әрине кейбір ағайындар келесідей сын айтуы мүмкін: «Ол жұмысшы еңбек өтілін бастаған кезде, қандай шарттарға баратынын өзі таңдаған, ешкім мәжбүрлеген жоқ». Сөзсіз, дәл солай. Бірақ та тиынның екінші жағы да баршылық. Сол жұмысшы өзінің қарқынды жұмысы арқасында өндіріске қажетті пайдасын әкеліп жүрді емес пе?! Ал сол пайда арқасында, республикалық бюджетке қаржы да түсіп отырды ғой (негізінде кішкентай бөлігі ғана, басым бөлігі шенеуніктердің қалтасына)?! Түскен қаржы арқасында, Үкімет әлеуметтік төлемдер төлеп, қандай болса да жағдай жасап отырды емес пе (түскен пайдамен салыстырғанда, халыққа беріп отырғаны көк тиын, күлкілі сомма)?! Демек жұмысшының қоғам өмірінің қалыптасуында алатын орны ерекше.  Қорытындылай келгенде, көпшілік түсінгендей, барлығы тығыз қарым қатынаста, бір-біріне байланысты.

Енді сол өндіріс орындарының басшылығы кім деген сұрақ туындайды. Логикалық тұрғыда қарайтын болсақ, Қазақстандағы негізгі деген өндіріс орындары, мемлекетке қарасты (шартты түрде болса да), ал кейбіреулері  жекеменшікте (пайданың бөлігін мемлекеттік басқару институтындағы басшыларына төлеп отырады). Нәтижесінде, өндіріс орындарының басшылығы, билік басындағылар байып отырып, ал нағыз жұмыс істеген қарапайым халық ақшасыз, әлеуметтік көмексіз қалып отыр.

Осында көрсетілген және де алда басылатын мақалалар тізбегіндегі мәселелерді көпшілік біліп, түсініп отыр ғой. Дегенмен, оны бұқара халық арасында таратып, құзырлы мемлекеттік органдарға көз шұқытып көрсету керек. Ал мемлекет басшылығы назарда ұстаған абзал. Бірақ жәй ғана сырттай бақылап отырмай, мәселелерді түбегейлі шешулері хақ.

 

P.S. келесі  мақалада нақты мысал келтіріп, негізгі кейіпкер болып отырған – «Казахмыс Смэлтинг» ЖШС БМЗ мыс балқыту цехының металлург-балқытушы Мақат Адамбайұлы Арзымбетовтың өмірі негізінде, елімізде қалыптасқан жағдайдың ащысын көрсетемін, жалпылама жұмысшылардың өзекті мәселелерді көтеріп, шешілуіне ат салысайық.

Қали Әубәкіров

Пікірлер