Назарбаевтың өмір бойғы өкілеттіктері

2183
Adyrna.kz Telegram

Тәуелсіз Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тағы бір өмірлік лауазым, мансап берілді. Бүгін сол туралы аз кем сөз шығармақпыз.

Астанаға (Нұр-Сұлтанға) Түркияның Сыртқы істер министрі Мәуліт Шауышұлы (Мевлют Чавушоглы) келген. Елбасымен кездесті. Қазақстан мен Түркия арасындағы мемлекетаралық қарым-қатынастың әужайын әңгіме етті. Кездесу ресми протокол бойынша өтті. Ол туралы Елбасының баспасөз қызметі толығырақ жазды. Біздің айтпағымыз ол да емес.

Астанаға арнайы келген Мәуліт Шауышұлы жәй келмей, «ғұмыр бойғы Құрметті төраға» деген атақты арқалай келіпті. Сол арнайы атақпен қоса, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның шақыртуын  Нұрсұлтан Назарбаевқа табыстады.

Сөйтіп, ендігіден бастап Нұрсұлтан Назарбаев – түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық ұйымы саналатын Түркі кеңесінің ғұмыр бойғы «Құрметті төрағасы» атанды. Бұл мәртебені Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің көшбасшылары қабылдаған екен. Тәуелсіз Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аталмыш ұйымға, оның дамуына сіңірген еңбегін елеп мәртебелі мандат тапсыру туралы шешімге келіпті.

Түркі кеңесі қандай ұйым? Оған кімдер мүше? Ғұмыр бойғы Құрметті төраға атағы Назарбаевтан басқа кімдерге берілген? Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың нешінші атағы? Енді осыларды тарқатып жазайық...

Әуелі Түркі кеңесі қандай ұйым?

Жалпы 1992 жылдан бастап түркітілдес мемлекеттердің саммиті өткізіліп тұратын. Сондай саммиттің бірі 2009 жылы Әзірбайжанның Нахчыванында өтті.  2009 жылдың 3 қазаны күні Нахчыван келісіміне қол қойылды. Сөйтіп түркітілдес елдер саммиті – түркітілдес мемлекеттерді біріктіретін Халықаралық ұйым болып бекітілді.

Жарамсақтану, жылпоздану ойымызда жоқ, шындығы сол, аталмыш Халықаралық ұйымды құру туралы ұсыныстың авторы  – Нұрсұлтан Назарбаев. Әуелі 2006 жылы Түркияның Антальясында өткен саммитте Нұрсұлтан Назарбаев бастама көтерген. Түркі кеңесін, тұрақты хатышылығын, ақсақалдар кеңесін құруды ұсынған. Арада үш жыл өткенде, 2009 жылы Нахвыванда өткен түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев қайтадан бастама көтерді. Саммитке қатысушы тараптар мақұлдады. Бұл түбі бір түркі халқының өмірінде саяси жағынан да, экономикалық тұрғыдан да һәм мәдени-гуманитарлық қырынан да маңызды оқиға болды.

Түркі кеңесіне кімдер кіреді?

Әзірге Түркі елдерінің альянсына 5 мемлекет мүше. Олар: Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия мен Өзбекстан. Потенциалды мүше мемлекет – Түркіменстан. Ал Мажарстан – бақылаушы мемлекет ретінде саммитке қатысады.

Бұл шынтуайтында түркі елдерінің альянсы. Есептеп қараңыз. Тұрақты мүшеліктегі 5 мемлекетті есептегенде – 147,500 миллион халқы бар. Оған Мажарстан мен Түркіменстанның халқын қоссаңыз, тіпті 163 миллионнан асып жығылады. Альянс па? Альянс!

Осы уақытқа дейін Түркі кеңесінің үш президенті болды. 2009 жылы Халил Ақынжы деген түрік азаматы, онан соң 2014 жылы Рамил Гасанов дейтін әзірбайжан азаматы басқарды. Бұл екеуі де басшылық мерзімі аяқталған соң, 2018 жылы кеңес басшылығына Бағдат Әмреев дейтін қазақ азаматы келді.

Түркі кеңесі осы уақытқа дейін не істеді?

1992 жылы Анркарада түркітілдес елдер басшыларының алғашқы саммиті өткен. 1993 жылы саммит Алматыда өтті. Дәл осы Алматыда ТҮРКСОЙ ұйымын құру туралы келісім жасалды. жалпы 2008 жылға дейін 8 саммит өтті.  2008 жылы Ыстамбұлда ТүркПА құрылды. Бұл түркітілдес елдердің мемлекетаралық парламенті еді.  2009 жылғы саммитте Түрік кеңесі құрылғанын жоғарыда айттық.  2011 жылы саммит Алматыда өтті. Бұл кездесуде түркітілдес мемлекеттер арасындағы экономикалық және сауда байланысы мәселелері қаралды. 2012 жылы саммит Бішкекте өтті. Онда білім, ғылым мен мәдениет саласындағы ықтымақтастықты арттыру тақырыбы талқыланды.  2013 жылы Әзірбайжанның Габала қаласындағы саммитте Түрік кеңесі елдері арасындағы жүктасымалдау мәселесі талқыланып, бірқатар келісдер жасалды.  2014 жылғы Түркияның Бодрумында өткен саммитте турзим саласындағы байланысты арттыру мәселелері сөз болды. 2014 жылы тағы бір бас қосу Украинада, Киевте өтті. Сол жылы Ураинадағы тұңғыш Түрік кеңесінің өңірлік бөлімшесі ашылды. 2015 жылғы Астана саммитінің тақыры медиа және ақпарат саласына арналды.  Онан кейін саммит 2018 жылы Қырғызстанның Шолпан атасында өтті. Осы саммитте Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ТүркПА қысқартылды. Ал кеңес жанынан құрылған барлық ұйымдар ТҮРКСОЙға бағынатын болды.

Біз әзірге аталмыш ұйымның жалпы сипаттамасына тоқталдық. Дейтұрғанмен кеңеске мүше мемлекеттер арасында мүдделік қарама-қайшылық аз емес. Алып альянсқа айналу потенциалы бар бұл ұйымның қазіргі уақтағы жұмысы формалды сипатқа ие екені де шындық.  Иә, 2018 жылы кеңеске Өзбекстанның қосылуы, Мажарстанның бақылаушы болуы кеңестің саяси әлеуетін арттырғаны сөзсіз. Дегенмен, бұл жетіліктің саяси әм экономикалық таласы көп. Сондықтан болар, қазірге тек мәдени-гуманитарлы бағыттағы байланыстың орнауынан өзге пәлендей өзгеріп кеткен дүниені көрмедік. Жә, осы жерден тоқтайық...

Назарбаев – Түркі әлемінің ақсақалы

Жоғарыда Түркі кеңесі Нұрсұлтан Назарбаевқа ғұмыр бойғы құрметті төраға деген атақты бергенін айттық қой. Анығында бұл Түркі кеңесінің Нұрсұлтан Назарбаевқа көрсетіп отырған алғашқы ілтипаты емес.

2015 жыл. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған:

«Құрметті Президент, құрметті бауырым Нұрсұлтан Назарбаев. Өткен жылы Түркия президентінің инаугурациясында Сіз өзіңіз келіп қатыстыңыз және сондықтан бірге болғаныңыз үшін мен алғыс білдіргім келеді. Мен мұны былай бағалаймын: түркі әлемінің ақсақалы біздің достығымызға және екіжақты қарым-қатынасымызға, сонымен қатар біздің әріптестігімізге ерекше назар аударады».

2017 жыл. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған:

«Түркі әлемінің ақсақалы – Нұрсұлтан Назарбаев».

2017 жыл. Әзірбайжан президентінің көмекшісі Әли Гасанов:

«Нұрсұлтан Назарбаев өз өмірін халқына қалтқысыз қызмет етуге арнаған түркі әлемінің белгілі әрі беделді ақсақалы».

2019 жыл. Түркияның 11-президенті Абдолла Гүл:

«Түбі бір түркі жұртына елеулі үлесі үшін Нұрсұлтан Назарбаевты түркі әлемінің дана ақсақалы деп атадық».

Жалпы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа өзінің інілік ілтипатын әр кездескен сайын айтып тұрған екен. Режеп Ердоған Назарбаевтың «ағам» деп арқасынан қаққан жалғыз адам емес. көз жүгіртейікші...

Назарбаевты «аға» тұтқан президенттер кімдер?

2014 жыл. Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев:

«Назарбаев менің туған ағам».

«Қырғызда «қолда бар алтынның қадірі жоқ», — деген жақсы сөз бар. Қазақстан халқы Нұрсұлтан Назарбаевтың қадірін білсін. Мен көптеген елдің президенттерімен кездесіп жүрмін. Сонда менің таңғалғаным әлем Назарбаевты бағалағандай ешбір елдің басшысын бағаламайды. Кіммен кездессем  де Путин болсын, Меркел болсын басқа да елдің басшылары Назарбаевқа тең келмейді. Нұрсұлтан Назарбаевтай басшылар дүниеде жоқ емес, алайда аз».

2017 жыл. Иордания королі Абдалла II:

«Қазақстанға келіп, ағамды көргеніме өте қуаныштымын».

2018 жыл. Қытай Халықтық республикасының төрағасы Ши Жиңпин:

«Назарбаев менің үлкен ағам».

2019 жыл. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев:

«Біз былтыр Қазақстандағы Өзбекстан жылын, ал биыл Өзбекстандағы Қазақстан жылын өткізу туралы Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы, менің ағам құрметті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың қыркүйегінде біздің елге жасаған мемлекеттік сапары барысында уағдаласқан едік».

Назарбаевтың өмір бойғы өкілеттері

1.2018 жылы Парламен заң қабылдаған. Ол бойынша Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесіне өмір бойы төрағалық ету құқы берілген.

2.Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқару құқы берілген. ҚХА Парламент Мәжілісіне 9 депутат сайлай алатын консультативті-кеңестік орган.

  1. 2010 жылы «Президент туралы» заңға Нұрсұлтан Назарбаевқа қудалаудың кез-келген түрінен қорғану кепілдігін беретін көптеген өзгерістер енгізілген, ал құжаттың өзі «Тұңғыш президент – Елбасы туралы» заң деп аталады.
  2. Тұңғыш президентке өмір бойы ешкімнің тиіспеуіне кепілдік берілген. Яғни оны ұстауға, тұтқындауға, тінтуге, тергеуге және жеке басын тексеруге болмайды. Мұндай кепілдік бірінші президенттің бүкіл дүние-мүлкі мен онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне де берілген.

5.Бірінші президент пен оның отбасы мүшелерін материалдық тұрғыдан қамту, күзету мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын заңда жан-жақты сипатталған.

6.Президент қызметінен кеткен кезде елбасыға қызметтік пәтер мен мемлекеттік саяжай, канцелярия мен тиісті техникамен жабдықталған кеңсе беріледі.

7.Бірінші президент байланыстың бүкіл түрін тегін пайдалана алады, елді көліктің барлық түрімен аралап, тегін емделе алады.

  1. Өкілеті тоқтаған «елбасына» ел президентінің лауазымдық жалақысының 80 проценті мөлшерінде ай сайын зейнетақы, ал президент отбасының әр мүшесіне Қазақстан заңдарында қарттыққа байланысты белгіленген зейнетақының 10 еселенген ең төменгі мөлшеріне тең сомада ай сайынғы жәрдемақы өмір бойына тағайындалады.

Түйін. Осы атақ-мансаптарға қоса, Қытай, Түркия, Иордания, Өзбекстан, Әзірбайжан мен Қырғызстан басшылары «ағам» деп арқасынан қаққан Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркі кеңесінің ғұмыр бойғы құрметті төрағасы деген тағы бір атақ берілді.

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

 

Пікірлер