TikTok платформасында дінді заңсыз насихаттағандарға жаза қатаңдайды

1751
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда діни саланы заңнамалық қамтамасыз ету бойынша қолға алынып жатқан шаралар қатарында бетті бүркемелейтін киім киюге шектеу енгізілуі мүмкін. Бұл жайлы үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды "Адырна" порталы inbusiness.kz сайтына сілтеп.

"Үкімет діни қызмет саласындағы заңнаманы, атап айтқанда "деструктивті діни ағым" және "діни радикализм" ұғымдарын енгізу; ... қоғамдық орындарда бетті тануға кедергі келтіретін киім заттарын киюге шектеулер енгізу және тағы басқаларды жетілдіру бойынша жұмыс атқарылуда", делінген Үкімет басшысының жауабында.

Бұл мәселелер бойынша шешім әзірлеуге ҚМДБ мамандары, теологтар, сарапшылар қауымдастығы мен мүдделі мемлекеттік органдар мамандары тартылған.

Үкімет басшысының жауабына сәйкес, интернет-кеңістікте жүйелі түрде діни экстремизмнің алдын алу және қарсы насихаттау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

"Контентті анықтау мақсатында тұрақты негізде интернет-кеңістікке мониторинг жүргізіледі. Діни тақырыптағы құқыққа қайшы және резонанстық материалдарға ден қоюға көмектесетін "Кибернадзор" ақпараттық жүйесі жұмыс істейді", делінген жауапта.

"Кибернадзор" жұмысы арқылы 97 мыңнан астам деструктивті сипаттағы сілтемелер бұғатталған. Қазақстандық қолданушылар үшін 248 материалға қолжетімділік бұғатталып, ал 2971 материал жойылған.

Биыл әлеуметтік желілерде экстремистік материалдарды таратқаны үшін 70-ке жуық адам әкімшілік жауапқа тартылған.

Пікірлер