Құжат шындығы. «Ауған қазақтарына этнографтарды жіберу керек»

1643
Adyrna.kz Telegram

Ауғанcтаннан Иранға барып, уақытша орныққан қазақ диаспорасы бұл күнде ата-жұртқа қоныс аударуды аңсайды.  Таяуда Ираннан оралған қазақ тарихшысы қандастармен тілдесіп, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтқан.

Тарихшы, ирантанушы Жомарт Жеңісұлы Ирандағы ауған қазақтарының сөзіне сүйеніп, Ауғанстандағы қазақтар саны бірнеше мың болуы мүмкін екенін айтады. Алайда бұл нақты көрсеткіш емес. Иранда “босқын” мәртебесімен күн кешіп жатқан қандастардың қазіргі жағдайы мен күнкөріс деңгейі туралы Жомарт Жеңісұлынан сұрап көрдік.

- Жомарт аға, Иран сапарында Ауғанстан қазақтарын кездестірген екенсіз. Олардың басты проблемасымен таныса алдыңыз ба?

- Иә, Ирандағы Ауғанстан қазақтарымен тікелей кездестім. Олар Иранда «босқындар» ретінде тұрып жатыр. Ол жерде тек қазақтар емес, сонымен бірге ауған жерінен барған тәжіктер, өзбектер де көп. Енді олар сол елдің азаматы болмағаннан кейін кез келген жұмысты істейді: сауда-саттық, ауыр жұмыстар, құрылыс жұмыстары, қолөнер, етікшілік деген секілді. Олардың ең басты проблемасы – елге қайту. Елге қайтса ешкімге алақан жаймай, ағайынның ортасында күн көру – олар үшін үлкен арман.

- Қазіргі тұрмыстық жағдайы туралы кеңірек айтсаңыз. Ағайынның балалары толық білім алып жатыр ма?

- Күнкөрістері жергілікті халыққа қарағанда төмен. Өйткені сол мемлекеттің азаматы емес. Ирандағы Ауғанстан қазақтарының көпшілігі білімсіз, жоғарғы оқу орындарында оқымаған.

Бірақ қазақта жақсы бір әдет бар. Қай жерде жүрсе де балаларына инвестиция салады ғой. «Өзіміз оқымасақ та ұрпағымыз оқысын» деп балаларын Иран университеттеріне  түсірген. Қазір сол өрендердің жасы 18-19-да. Екі жасынан бастап Иранға «босқын» болып келген. Содан бері осы мәртебемен өмір сүріп жатыр. Балаларына Иранда еңбек етуге мүмкіндік береді. Сондықтан олар жоғарғы оқу орындарында білім алып,ары қарай жұмыс істеуге мүмкіндік бар.

- Олардың ата-жұртқа, Қазақстанға көшуіне кедергі болып отырған басты қиындық не деп ойлайсыз? 

- Олардың Қазақстанға көшуіне ең басты кедергі – құжат. Иранда да, Ауғанстанда да азаматтарының жеке бас құжат, паспортына ұлтын жазбайды. «Ирани, афгани» дейді, «ирандық не ауғандық» деген сөз ғой.

Олар біздің елшілікке барған кезде өздерінің қазақ екенін дәлелдей алмайды. Өйткені қазақ мектебіне бармағаннан, кітап оқымағаннан, тарихи байланыс болмағаннан кейін олар қазақ тілін біз секілді білмейді. Тәжік, ауған, өзбек тілдеріндегі сөздерді көп араластырып сөйлейді. Соған қарап оларға елшілік те күмәнмен қарайды. Олар бәр тәуірі – өздерінің руларын ғана біледі. Ал көпшілігі басқа жергілікті ұлттармен араласқан. Соларға қыз беріп, қыз алған. Антропологиялық өзгерістер бар. Сол себепті Қазақстан елшілігі оларға күмәнмен қарайды.

- Ауған қазақтарын Қазақстанға көшіріп алудың қандай механизмдерін ұсынар едіңіз?

- Ауған қазақтарын Қазақстанға көшіріп алудың ең дұрыс жолы – ол жерге екі-үш этнографтан тұратын ғылыми экспедиция жіберу керек. Сол жерде бір ай көлемінде жұмыс істеуі керек. «Қазақпын» деп өзін атаған адамды тексеру керек.

Тексерудің де түрлі әдістері бар. Оның бірі  - рулық әдіс, шежірелеріміз. Сол бойынша анықтау керек. Әр отбасында ата-бабасынан қалған бір естеліктері болады. Қай жерде тұрғанын, ата-бабасының қайдан көшіп келгенін біледі. Мысалы, мен Иранда кездескен кісі өзінің қайдан көшіп барғанын, руын, руының ішіндегі әулетті толық біліп отыр. Осылай тексеріп көрдім. Шынында да, аталары біздің Оңтүстік Қазақстан, Шаян ауылынан болып шықты. Сол ауылда осы кісі айтқан ру, руластары тұрады. Сондай зерттеу жұмыстарын жүргізу керек екі айлық.

Осы қазақтар  тұрады-ау деген қаладағы, аймақтағы Ауғанстан азаматтарын анықтау керек. Солардың нақты санын, әулет-түтін санын, бәрін есептеу керек. Олар көшіп келмей тұрғанщда тіл үйретіп дайындау керек. Біздің еліміздегі негізгі заңнамаларды үйретіп, олардың кәсіптерін, қолынан не келетінін анықтау керек. Ең бастысы, оларды анықтайтын, зерттейтін этнограф мамандарды жіберу керек.

- Ауғанстандағы қазақ диаспорасы туралы Қазақстандағы мәліметтер жеткілікті деп ойлайсыз ба?

- Жоқ, жеткілікті деп ойламаймын. Біріншіден, біз «Ауғанстан» десек есімізге талибандар, соғыс түседі. Себебі бізде ақпарат дұрыс емес. Олар, әрине, намаз оқиды, иманды, дәстүрі өзгеріске ұщыраған. Алайда олар қауіп төндірерліктей қорқынышты емес. Олар өзіміз сияқты қарапайым адамдар. Бірақ ақпараттың жеткіліксіздігінен бізде стереотип қалыптасқан. Олай ойламау керек.

Олар туралы ақпарат бөлек болуы керек. Біздің сол жақтағы елшілік осы мәселемен айналысуы керек. Өйткені кез келген диаспора екі елге көпір болады. Оларға қамқор болу керек, олардың тұрмыс-тіршілігі, тарихы туралы ақпараттарды жиі жариялау керек.

- Енді шетел қазақтарымен жұмыс істеуге құзырлы мекемелердің ауған қазақтарымен байланысы қаншалықты деп ойлайсыз?

- Менің ойымша, байланыс әлсіз. Егер байланыс болғанда біз солар арқылы ақпарат алатын едік. Бұл мәселемен сайып келгенде «Отандастар» қоры, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы көбірек айналысуы керек. Мен айтып отырған этнографтарды осылар жіберуі керек, ұйымдастыруы керек. Олармен тығыз қарым-қатынаста болуы керек. Бізде қазір шетелдегі диаспораның ең жағдайы нашары, төмені ол – Ауғанстан қазақтары. Сондықтан ол құзырлы органдардың назарында болуы керек.

Ирандағы ауған қазақтары өте еңбекқор, дендері сау, пайдалы. Оларды алып келіп, солтүстікке орналастырсақ біздің халық санын, демографияны арттыруға көмектесетін еді.


- Ауған қазақтары бұдан бұрын да кедергісіз келмеді ме? Сол кезде туындаған проблемалар қалай шешілді екен? Қазір де солай шешімін табуға болмас па?

- Ол кезде бір науқан болды ғой «шетелдегі қазақтарды әкелу керек» деген. Сол кезде бірінші толқында Ауғанстаннан көп қазақтар келді. Ирандағы Ауғанстан қазақтары келді, Сауд Арабиясынан босқын болып жүрген қазақтар келді. Олар ешқандай кедергісіз келді. Бірақ бұл процесс  тоқтап қалды. Соны қайтадан жалғастыру керек. Оларға бұрынғыдай үй, орын, квота, қаржы, бәрін беріп жатқан жоқ шығар. Сонда да, ештеңе бермесе де, тоқтап қалған көшті қайтадан жалғастыру керек.

- Ауған қазақтарының осы толқыны көшіп келгендей болып жатса, Қазақстан қоғамына қаншалықты кірігіп кетеді деп ойлайсыз?

- Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жыл сайын БҰҰ қаржыландыруымен Ауғанстаннан келген жастарды дайындық курстарынан өткізеді. Одан кейін оларға бір жыл қазақ тілін үйретіп, Қазақстандағы оқу орындарға бөліп жібереді. Оның қаржысын халықаралық ұйымдар көтереді.

Байқағаным, олар келген жылы ұлттық киімдерімен, өз еліне тән стильмен жүреді. Бірақ бір жыл өткеннен соң оларды танымай қаласың. Кәдімгі Алматының, Қазақстанның адамдары сияқты тілдері де, киімдері де дұрысталады. Кәдімгідей біздің қоғамға адаптацияланған. Тура солай болады. Олар келеді, келген соң әуелде ерекшеленіп тұруы мүмкін. Біршама уақыт өткеннен кейін олар қоғамға сіңісіп кетеді.

Бір мысал. Түркістанның жанында Достық деген ауыл бар. Сол жерде ауған қазақтары тұрады. Солар 1990 жылдардың басында алғаш келгенде жүріс-тұрысы, тілдері өзгеше еді. Қазір барып қарасаңыз, оларды жергілікті тұрғыннан ажырата алмайсыз. Егер бұл процесс дұрыс өтсе, олар қоғамға еркін сіңісіп кете алады деп ойлаймын.

- Сұхбатыңызға көп рақмет!

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер