Қазақстанда 311 мыңнан астам саяси қуғын-сүргін құрбандары ақталды

1351
Adyrna.kz Telegram
Фото: semeyainasy
Фото: semeyainasy

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия өз жұмысын аяқтады. 2020 жылдың қарашасынан бері 2,6 миллионнан астам құжат пен материалды құпиясыздандырды, 311 мыңнан астам саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақталды. Бұл туралы Ақорда жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Қазірдің өзінде 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия белгісі алынып тасталды. Мемлекеттік комиссия жұмысының нәтижесінде қолданыстағы заңнама аясында 311 мыңнан астам саяси қуғын-сүргін құрбандары ақталды. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін бір серия аясында ғылыми құжаттау мақсатында Мемлекеттік комиссияның 72 томдық материалдар жинағы баспаға дайындалды», - делінген Ақорданың сайтында.

Комиссия Мемлекет басшысының 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығымен құрылған. ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстарына 425 ғалымдар, зерттеушілер мен сарапшылар қатысты. Олардың 260-тан астамы өңірлік комиссияларға тартылды. Олар республика бойынша 60 мемлекеттік және ведомстволық мұрағаттарда жұмыс істеді.

Алдағы уақытта саяси қуғын-сүргін мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын 2021 жылы құрылған 20 ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығы жүргізетін болады.

Екі жыл ішінде арнаулы мемлекеттік мұрағаттардан орталыққа 688 мыңға жуық іс және қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың 48 мыңға жуық тіркеу карточкалары өткізілген.

Бұл қаражат зерттеушілер мен халыққа қолжетімді болады.

Пікірлер