«Қазақ тілін не үшін үйрену керек?» Заңсыз әрекеттің жазасы бар

2564
Adyrna.kz Telegram
Фото: adyrna.kz
Фото: adyrna.kz

Әлеуметтік желілерде орыс тілін насихаттаған видеолар тарауда. Олар қазақ тілін талап ететін адамдарды ұлтшыл етіп көрсетіп, видео жариялады. Мұндай бейнежазбалардың қатар-қатар тарауына не себеп? Бұл туралы «Адырна» тілшісі қоғам белсенділері мен заңгерден сұрап білді.

Желіде тараған видеоның бірінде «Қазақтар орыс тілін ғылымды үйрену үшін оқыды. Ал орыстар қазақ тілін не үшін оқу керек?  Бізде қандай ғылым бар? Мектепте 11 сыныпқа дейін қазақ тілін оқиды. Кейін ұмытып кетеді. Тіпті, қазақтардың өзі қазақ тілін білмейді. Біз Байқоңырды орыстарға жалға бердік. Әлі күнге дейін солар иелік етеді. Біз не шығардық?» – дейді желі қолданушысы.

Тағы бір видеода «Мен орыс тілінде сөйлеймін және сөйлей беремін» десе, енді бірі «Мен орыс тілін сүйемін, орыс тілінде ойланамын, түс көремін, сіздер не істей аласыздар?» - дейді.

Желі қолданушылары бұл пікірге келіспейтіндерін білдірген. Кейбіреулер тіпті ашу-ызасын да жасырмаған.

«БҰЛ – ҰЛТҚА ТӨНГЕН ҚАУІП»

Тарихшы, журналист Тұрар Сәттарқызы мұның себебін идеологиямен байланыстырады.

– Бүгінде қоғамда қазақтың басты құндылықтары – тіліне, діліне, рухани құндылықтарына қарсы қарусыз соғыс жүріп жатыр. Бұл жалпы ұлтқа қарсы соғыс дер едім. Ұлтсыздану саясаты жүруде. Ең өкініштісі, мұны елімізде тұрып жатқан өзге этнос өкілдері емес, өзіміздің қазақтар істеп отыр. Қаны бір ұлттың екіге ажырап, бір-біріне қарсы екі шепте тұр. Өз қазағың өзінің тілі мен ділінен, ұлттық құндылығынан безіп, «домбыра - харам» деп ұлт мәдениетінен, ұлттық киімі мен салт-дәстүрінен безіп, арабтың хиджабы мен ниқабын киіп, баласына арабтың атын қоятын түрі қазақ, ділі бөтен ұлтқа айналып барады. Бұл - ұлтқа төнген қауіп, - дейді ол.

Тұрар Сәттарқызы қазақ тілі жайлы аузына келгенді айтып жүргендердің әрекеті тәуелсіздіктен кейін ұлттық идеология болмағандығының нәтижесі екенін айтады.

– Мемлекет құраушы ұлттың тілін, ділін, ұлттық құндылығын жоғары қоятын ұлттық идеология болуы керек. Қазақ тілі туралы аузына келгенді айтып жүргендер жайлы айтсам, бұл - біздің тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық идеология болмағанының «жемісі». Жоғары билікте ұлт руханиятына, тілі мен діліне жанашырлар аз. Олардың көпшілігі орыс тілінде сөйлегенді мәртебе көреді. Барлық мемлекеттік органдарда орыс тіліне басымдылық берген. Барлық ақпараттар орыс тілінде жазылып, қазақшағааударылады. Ол аударманың өзі ақсақ-тоқсақ. Оны көрген адамдар да қазақ тілінің болашағына сенбейді. Кеңестен қалған «орыс - әділ, орысша жазылған шындық» деген бір түсінік бар, - дейді ол.

Тұрар Сәттарқызы тіл мәселесі құндылық ретінде бағаланбайтынын айтады.

– Әр ұлттың өзінің төл ерекшелігі, ділі, құндылығы болады. Оның барлығы тіл арқылы жетеді. Бала ана тілі арқылы ұлттық құндылығын бойына сіңіреді. Бүгінде өзгенің қаңсығын таңсық етіп, адасқандар бар. Қоғамымыз рухани құлдырап барады. Оны құтқаратын бір-ақ нәрсе бар, ол - туған тілің арқылы берілетін ұлттық құндылықтарың, – дейді Тұрар Сәттарқызы.

«ҚАЗАҚ ТІЛІН ЖИІ ПАЙДАЛАНЫП, ЗАМАН ТАЛАБЫНА АЙНАЛДЫРУ КЕРЕК»

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп мұндай пікір айтатындармен салғыласпай, бірден құзырлы органдаға хабарласу керегін айтты.

– Қазақстан заңнамасында азаматтарды дініне, тіліне, жынысына қатысты кемсітуге, намысына тиюге тыйым салынған. Әр ұлтта, әр кезде де санасы таяз, жауапкершіліктен жұрдай, ойына келгенін сараламай айта беретін адамдар болған. Қазір әлеуметтік желінің дамуымен мұндай пікірдегі адамдар көп сияқты көрініп жүр. Соңғы жылдары интернетте кең таралып кеткен бейнежазбалар бойынша кінәлі тұлғалар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылып жүргенін білеміз. Яғни, заң бойынша ұлтаралық, тілдік араздыққа шақыратын пікірлерге жауапкершілік бар. Сондықтан мұндай пікір айтатын адамдармен салғыласпай, құзырлы органдарға хабарлауға болады, – дейді ол.

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы бұл бағытта жүйелі саясат жүріп жатыр деп есептейді.

– Екіншіден, қазақ тілін дамыту бағында қыруар жұмыстар жасалып жатыр. Президентіміз «Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді» деген болатын. Бір жағынан демографияның, екінші жағынан мемлекеттің жүйелі саясатының нәтижесінде қазақ тілінің ықпалы арта береді. Мұны заңдылық деп қабылдауымыз қажет.Үшіншіден, кез-келген саналы азамат, мемлекеттік институттар болсын интернетте сапалы контент қалыптастыруға күш салып, бәріміз күнделікті өмірде қазақ тілін жиі пайдаланып, мемлекеттік тілді заман талабына айналдыру керек, – дейді Сәкен Есіркеп.

«ЕКІ ЖЫЛДАН ЖЕТІ ЖЫЛҒА ДЕЙІН БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРЫЛУЫ МҮМКІН»

Ал заң жүзінде ұлттар арасына араздық салып, қазақ тілін кемсіткендерге қандай жаза қолданбақ? Бұл жөнінде белгілі заңгер Тілеужан Кішкенебаев айтып берді.

– Мұндай әрекеттер Қылмыстық кодекстің 174 бабы бойынша жазаға тартылуы мүмкін. Яғни, әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дiнге көзқарасы, тектiк-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсiлдiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың ерекшелігін, артықшылығын не толыққанды еместігін насихаттау, егер бұл іс-әрекеттер жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникация желілерін және онлайн-платформаларды пайдалана отырып, сол сияқты әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты насихаттайтын әдебиетті немесе өзге де ақпарат жеткiзгiштердi дайындау немесе тарату жолымен жасалса, екі мыңнан жеті мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл салуға немесе екі жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға кесілуі ықтимал, – дейді заңгер.

– Жалпы, бізде азаматтық істердің көбі орыс тілінде өтеді. Соның салдарынан осындай оқиғалар болып, тілімізді құрметтемей жатыр. Адамдар арасында алауыздық тудыру, олардың ызасын келтіру салдары жанжалға ұласып кетуі мүмкін. Сондықтан заңда мұның жауабы көрсетілген, яғни жазаланады, - дейді заңгер Тілеужан Кішкенебаев.

Айта кетейік, бұған дейін қазақ тілін «мәмбетше» деп кемсіткен әйелдің үстінен іс қозғалғаны  туралы хабарлаған едік.

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер